Жәннаттағы көрші

Білім /
Мұса пайғамбар (а.с.) Тұр тауында Жаратушымен тілдескеннен кейін: – Уа, раббым! Маған жұмақтағы көршімді көрсетші? – деп сұрайды. Аллаһ тағала оған: – Пәлен деген қалада бір қасапшы бар. Сенің жұмақтағы көршің сол, – дейді.
Мұса пайғамбар мәңгілік көршісінің қандай сауапты істерімен жаннаттық дәрежеге жеткенін білуге құмартып, іздеп жолға шығады. Көп сапар шегіп, көршісі мекен ететін шаһарға келіп қасапшыны тапқанда: – Әй, пәленше, мен саған құдайы қонақпын, – дейді. Қасапшы бейтанысты көріп, кім екенін білмесе де, құшақ ұшып: – О не дегеніңіз?! Аллаһ разылығы үшін есігіміз қашан да ашық. Кешкісін үйге жүріңіз, – дейді.
Күн батып, ақшам түскенде, екеуі үйге бірге қайтады. Қасапшы жол-жөнекей қолындағы дорбасы толғанша жейтін оны-мұны сатып алады. Шаңырағына келгеннен кейін: «Менің тағы бір аса қадірлі қонағым бар еді, рұқсат етсеңіз, алдымен сол кісінің қалын сұрап, жағдайын реттейін, сіз сәл дем ала тұрыңыз», – дейді де, төсекке таңылған кәрі дімкәс кісіні еппен тұрғызып, жас балаша аялап күтімін жасап, киімін ауыстырады. Тамағын беріп, барлық қызметін атқарған соң оны бұрынғы орнына қайта жатқызады. Әлгі кейуана оған бірдеңе деп күбірлейді, бұл «Әмин» дейді де, Мұса пайғамбардың жанына келеді.
Оның іс-әрекетін бақылап отырған Мұса пайғамбар (а.с.) одан: «Асты-үстіне түсіп сонша бәйек болдың, бұл кісі кім еді?» – деп сұрайды. Қасапшы: – Бұл кісі – менің анам. Мені өмірге әкеліп кішкентайымнан бар ауыртпалығыма шыдап, мәпелеп өсірген қымбатты шешем. Қартайған шағында мен де қолымнан келгенше жақсы қарап, өзімнің парызымды өтеудемін, – дейді.
– Анаң саған бір нәрсе деп күбірледі ғой, не деді? – дейді пайғамбар.
– А, әлгі үнемі аузынан тастамайтын дұғасын айтасыз ба? Мен өзіне қызмет жасаған сайын разылық танытып «Аллаһ тағала сені жұмақта Мұса пайғамбарға қоңсы етсін» деуден жалықпайды. Ондай дәрежеге жете алмасымды білсем де, көңілі үшін «Әмин» деп қоямын… – дейді қасапшы күлімсіреп.
Осы кезде Мұса пайғамбар (а.с.):
– Саған үлкен сүйінші хабарым бар! Сол Мұса пайғамбар менмін. Дұғамда Аллаһ тағала менің жұмақтағы көршімнің өзің екенін білдірді. Қандай сауапты ісі барын көрейін деп іздеп келгенім де сондықтан еді. Айтар ақылым, дәл осы қалпыңнан таймай, анаңның ризашылығын ала бер, – деп, анасын құрметтеген, кең жүректі қарапайым қасапшыны шексіз қуанышқа бөледі.

3 пікір

yesbolat83
Науқасты бағып-күту оңай нәрсе емес.
Көңілі пәк, мінезі жайдарлы, амалдары шынайы адамдар бар бұл жалғанда. Сондай адамдарға қызығам.
Jako
Ғибрат аларлықтай әңгіме екен.
Kan
керемет хиса екен. тәлімі мол екен.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.