Өзге тілдің бәрін біл...

Білім /
Тіл – қарым-қатынас құралы. Тіл сөйлеу арқылы жүзеге асады, сөйлеу арқылы ғана дамып, өмір сүреді. Біз шет тілін оқыту туралы айтқанда, оны ең алдымен қатынас құралы ретінде оқимыз. Қазіргі заман талабына сай жоғары білімді маман үнемі ізденіс үстінде болып, шеберлігін арттырып отыруға міндетті. Ол үшін елімізде жарық көріп жатқан арнайы әдебиетпен танысудың, ондағы ақпаратты білудің аздық ететіні түсінікті. Бүгінде кәсіби біліктіліктің басты шарты – маманның шетелдердегі әріптестерімен байланыс орнатып, күн сайын ашылып жатқан жаңалықтардан хабардар болып, озық тәжірибе алмасуды қызметінің тұрақты бір бөлігіне айналдыру қажеттілігі болып отыр. Мұндай талаптың үдесінен шығу үшін маманның тілдік біліктілігі жоғары болуы, яғни, оның шет тілдерін, халықаралық тілдерді еркін меңгеруі шарт.Тіл білу қазіргі заманда қиын нәрсе емес. Қаланың қай бұрышыны барсаң да, тіл үйрету курстары толып жатыр. Ғылым мен техниканың дамыған ғасырында ағылшын тілін білу өте маңызды. Осы ағылшын тілі арқылы біз басқа мемлекеттермен байланыс жасай отырып, мемлекетіміздің дамуына үлес қоса аламыз. Елбасының «Қазақстан-2030» стратегиялық Жолдауында: Жастарды қазақстандық патриотизм мен шығармашылық жағынан дамыған жеке тұлға ретiнде тәрбиелеу аса қажет. Олар қазақ, орыс, ағылшын тiлдерiн бiрдей жақсы меңгеретiн болады. Олар осы арқылы және өзiнiң бейбiт әрi қарқынды дамыған елiнiң патриоты болады деген болатын. Ал әлемдiк дамудың талабына сай бәсекеге қабiлеттi ұлт боламыз десек, оның қатаң талаптарына да күш салуымыз керек. Мектепте 2013-2014 оқу жылында бастауыш сыныптарға ағылшын пәнi енгiзiлдi. Оқу стандартында аптасына 1-сыныптарға 1 сағаттан, 2-4 сыныптарға 2 сағаттан бөлiнген. Шет тiлiн пайдалану арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылығы артты. Нәтижесiнде оқушылар өздiгiнен түрлi рөлдерде ойнап, жазбаша және ауызша сөйлеудi меңгеруде. Осы тұста Қадір Мырза Әлінің «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген өлең жолдары еске түседі. Қай заманда болсын, бірнеше тілді меңгерген мемлекеттер мен халықтар өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырған. Мысалға, ежелгі дүниедегі Мысырдың өзінде бірнеше тілді білетін мамандар иерархиялық сатымен жоғарылап, көбіне салық төлеуден босатылған. Яғни, бүгінгі таңда ТМД мен Орталық Азияның көшбасшы мемлекетіне айналған Қазақстан үшін ағылшын тлін білу – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылуда бірінші баспалдағы.
Тілді үйрету мақсатында елімізде әр-түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Бір ғана Алматының өзінде 500-ге жуық тіл үйрететін орталық бар. Жоғарғы оқу орындарында да ағылшын тілінің сағаттары көбейтіліп, көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Сонымен қатар, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті, жалпы тіл білімі және шетел филологиясы кафедрасының атқарып жатқан еңбегі өте зор. Мұндағы оқытушылыр студенттерге тілді үйретіп қана қоймай, сол елдің мәдениетімен, әдебиетімен таныстырып жатады. Кафедраның меңгерушісі – ф.ғ.д. профессор Мадиева Г. Б. Мұнда Қазақ филологиясының көрнекті қайраткері, қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі, белгілі түрколог, филолог,ғылым докторы, профессор Сәрсен Аманжолұлы Аманжолов қызмет еткен. Қазіргі таңда олардың орнын ф.ғ.д. профессор Сүлейменова Э. Д, аға оқытушы Сапарходжаева Н. П сияқты ұлағатты ұстаздар толтырып отыр.
Сонымен, қазіргі Қазақстан – дүниежүзі халықтарына есігін айқара ашқан, әлемдегі елу озық елдің қатарына енуді мақсат еткен, стратегиясы айқын, зайырлы мемлекет болғандықтан, ондағы тіл саясатына айрықша мән беріліп отыр. Ағылшын тілін білу – бұл іскерлік қарым-қатынас және әлемнің кез-келген нүктесінде бизнеспен айналысу үшін міндетті талап. Қазақстандағы үш тұғырлы тіл саясаты – бұл елімізді, оның әлеуетін одан әрі нығайтуға бағытталған тұтас тұжырымдама. Іс жүзінде тілдердің үш тұғырлылығы идеясы бәсекеге қабілетті Қазақстанның ұлттық идеологиясының бір бөлшегі болып табылады. Яғни, мемлекет әрбір қазақстандық үшін ағылшын тілін білу – әркімнің жеке дамуының міндетті шарты екендігін әрдайым есте ұстауды қалап отыр.

Нурадинов Сардарбек

1 пікір

maulen
Ең алдымен, өзің айтпақшы өз тіліміздің нәрі мен байлығын бойымызға сіңіріп алатын болсақ, қалған асулар мен шыңдар не де болса бағынынады ғой! Жақсы ақпатар екен, рух пен жігер сыйлайтын!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.