Іле Алатауы табиғи паркінде табылған мәйіттер саны 11-ге жетті

Қаза тапқандар саны 11-ге жетті



Іле-Алатауы табиғи паркіндегі қанды қылмысқа қатысты жаңа деректер шығып жатыр. Қорық аумағынан кеше 7 адамның мәйіті табылған болатын. Бүгін өртенген үй орнынан тағы 4 адамның сүйегі табылды. Әзірге олардың алтауының аты-жөндері анықталған. Қалғандары адам танымастай болып күйіп қалғандықтан, арнайы сараптаманың қорытындысын күтуге тура келеді. Ал қанды қылмысқа не себеп болғаны әлі белгісіз. Десе де бүгін Ішкі істер министрінің өзі бірнеше нұсқаның тексеріліп жатқанын жеткізді. Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, қанды қылмысқа ішкі алауыздық себеп болуы мүмкін. Қазір құзырлы орындар қорықшының баласын іздестіріп жатыр.

Іле Алатау ұлттық табиғи паркінде кеше орын алған оқыс жағдайдан соң бүгін Алматы облыстық ІІД аяғынан тік тұрып, тайлы тұяғымен тірі қалғандарды іздестіруге кірісті. Қазіргі уақытта тағы үш адамның денесі табылып, мерт болғандар саны осымен 11-ге жетті. Бірақ олардың неден көз жұмғаны және Ақсай шатқалында қандай оқиғаның өрбігендігі белгісіз күйде қалып отыр. Ал жай-жапсарды анықтамақ болған тілшілер мына бекеттен ары аса алмады. Себебі күзет қойылып, ұлттық парк аумағына кіруге уақытша шектеу қойылған. Белгілі болғандай, марқұмдардың барлығы пышақ жарақатынан көз жұмған. Сондай-ақ, олардың денелерінде ауыр соққы іздері де бар. Алғашқы 2 мәйіт жергілікті қорықшының үйінен табылса, кейін жақын маңнан екі ер адам мен бір әйелдің өлі денесі куәгерлер көзіне түскен. Кейін 25 шақырым жерден күйік шалған тағы адам табылды. Іздестіру шарасын жалғастырған тәртіп сақшылары бүгін тағы адам танымастай болып күйген 4 мәйіттің табылғанын хабарлады.

Нұрділдә Ораз, ҚР ІІМ Баспасөз қызметінің жетекшісі:

— Содан кейінгі ақпарат бұл, жаңа ғана 3 адамның мәйіті табылып отыр. Яғни, сіздер білесіздер ол тау шатқалында орналасқан кардон. Алғашында біз көзбен көріп 2 адам жатқанын анықтадық. Бірақ қазір кардон жанып бітті, одан кейін оны қазір аршу жұмыстары жүргізіліп жатыр сол кезде басқа бөлмелерден үш адамның мәйіті табылып отыр.

Қазір қорық аумағы тікұшақпен түгел тінтіліп жатыр. Қандай да бір тірі қалған адамды табу мақсатымен. Ақпараттарға қарағанда, іздестіріліп жатқан қорықшы Панайот Захаропулоның ұлы көрінеді. Әзірге нақты бір күдікті жоқ. Десе де құзырлы орындар қанды қылмысқа ішкі алауыздықтың себеп болуы мүмкін екенін айтып отыр.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі Істер министрі:

— Анықтап жатырмыз. Осы уақытқа дейін сол арада болуы тиіс адамдардың барлығы табылған жоқ. Кардонда болғандар өзара қарым-қатынастарын дұрыс реттей алмауы, сондай-ақ сырттан келгендердің әрекеті болуы мүмкін деген болжам бар. Тергеу тобы оқиға орнында жұмыс істеп жатыр.

Табылған мәйіттердің әзірге алтауының аты-жөні анықталған. Олар: қорықшы Панайот Захаропуло, оның жұбайы Ирина Карпенко. Осы кардонда жұмысшы болып қызмет атқарған Дмитрий Мусахранов, Андрей Гузев, Антонина Карпызина мен Виталий Синяков. Қалған 5 адамның кім екені тек арнайы сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.

Нұрділдә Ораз, ҚР ІІМ Баспасөз қызметінің жетекшісі:

— Күйген мәйіттердің барлығы сот геномдық экспертизаға жолданды, оның нәтижесі белгілі болғанда ақпарат береміз. Ал оғанға дейінгі 6 адамның аты-жөні, туған жылдары барлығы анықталды.

Қылмыс орнынан Ниссан Патрол мен ВАЗ көліктері де табылды. Ниссан қорыққа кірер жердегі темір қоршауға соғылған. Ішінен қан іздері де байқалады. Темір тұлпар иесі қорықшының кіші ұлы екен. Із-түссіз жоғалған жігітті қазір тәртіп сақшылары іздестіруде. Ал шошынып қалған сол маңдағы тұрғындар жүктерін жинап, дереу қалаға көшуге жиналып жатыр.

Юрий Лопицкий:

— Жақын маңда тұрамын. Панайотпен араласып тұратынбыз. Оның адал қызметінің арқасында қорықтағы жағдай қалыпты болатын. Қорқып қалдық кәдімгідей. Қорықта осыншама адамды өлтіру кімнің ойына келген?! Үйге қонбай, қалаға бет алуды жөн көріп отырмыз қазір.

ІІМ қорықшы үйін тінту барысында бағалы заттардың орнында екендігін анықтады. Сейфте 12 мың 600 доллар және 500 мың теңге табылды.

Сонымен қатар 16 және 12 калибрлі қос аңшы мылтығы мен оқ-дәрі түртілмепті. Аталған оқиға бойынша бірден қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдарын Алматы облыстық ІІД жүргізіп жатыр.

Тағы бір адам, яғни орманшының із-түссіз кеткен баласы іздестіріліп жатыр.

2 пікір

Jako
Алматының кордонында оқиғалар көбейіп кетті-ау, әйтеуір.
SteVen_S_Sanzhar
Я жаман болып бара жатыр
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.