ауылым менің

Білем сені, сүйем сені
Сырдың суы қарт анам,
Сенсің мені әлдилеген,
Туған сенен мен балаң.
Сүйсе Гейне анам десе
Сүйген суы Рейнесін,
Сырдың суы туған ол да
Өз ақынын Гейнесін.
Жазса Тарас Днепрді,
Жазса Пушкин Еділді,
Неге маған жырламасқа
Сырда туған елімді, — деп Сыр елінің тумасы Әбділдә атамыз жырлағандай, туған ел, Отан дегендер әркімнің жүрегіне ыстық сезім ұялатары сөзсіз. Біз есейіп, ер жеткенде, біздің азаматтығымызға баға беретін осы ұлы Отаның – анаң емес пе? Мен – сол мейірімді ұлы ананың перзентімін. Менің кіндік қаным тамған жерім — көненің көзі, мәдени мұралардың асыл көмбесі, талай тарихты қойнауына бүккен, талай тарланды қанаттандырған Сырдың елі.
Қазақтың байтақ даласына қарап Алла Тағаланың өзі қазаққа пейіліндей дархан, көңіліндей кең атырапты сыйға тарта салған-ау деп тамсанасың. Алтай мен Алатаудың арасын алып жатқан құлан даланың қай тұсын болмасын Жерұйық дерсің. Сыр елі де – сондай сырлы да жырлы қасиетті мекен.
Көненің көзі болған, алты Алаштың анасына айналған Сыр елінің тарихы тереңде жатыр. Талай сыр жампоздары мен жыр сүлейлері топырағын басқан елімнің қазақ тарихында алар орны ерекше.
Ауыл анамның аялы алақанынан талай ұлы ғалымдар, ақындар мен жазушылар, көптеген қоғам қайраткерлері түлеп ұшқан. Сол азаматтарды сөз еткенде ең алдымен ауызға ілігері – Әбділда Тәжібаев. Жұбан Молдағалиев: «Әбділда Тәжібаев туралы сөз болғанда екі дария көз алдыңа келеді. Бірі – Сырдария. Ғасырлар бойы ел мен жерді емізіп, нұр мен нуға ене болып келе жатқан дария. Екінші дария – жыр дариясы. Жыр дариясы ұшы-қиырсыз қазақ даласын ғана суарып жатқан жоқ, жер-жердің, ел-елдің поэзия мұхитына құйып жатыр. Оның аты – Әбділда Тәжібаев», – деген еді. Осындай ұлы ұлдар тудырған Сыр топырағынан Мұхамеджан Қаратаев, Асқар Тоқмағамбетов, Қалтай Мұхамеджанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов сынды тұлғалар шыққан. Мен киелі де қасиетті бесігіммен, сырғып аққан Сырыммен, жаныңа жылу ұялатар сырлы жырыммен мақтанамын.
Сен де кеттің,
Мен де кеттім,
Ол да кетті ауылдан.
Осынымыз ұят болды-ау,
ұят болды-ау
қауымнан!
… момын жұрттың, арқа сүйер,
азаматы біз едік. –
деп Мұқағали Мақатаев айтқандай, шынымен де, болашағынан зор үміт күткен ауылдың арқа сүйер азаматтары қалаға ала көшіп бара жатса жаның қалай қынжылмасын. Әрине оларға да кінә тағуға болмайды. «Туған жерім, тал бесігім» – деп іліп істер кәсібі жоқ жерде, құрдан-құр қол қусырып қалай отырсын. Қайда барса қалмайтын, шешімін бір таппайтын осы жұмыссыздық мәселесі жастардың ауылда тұрақтай алмауының басты себебі. Ауылымдағы негізгі мәселеге айналып отырған бұл жағдай ғана емес. Сыр өңіріндегі ең маңызды мәселе – экологиялық ахуал.
Қазір ғалымдар қазақ жерінің құнары жайлы жиі сөз етеді. Өкініштісі, көңілді алаң ететін жайттар баршылық. Тіпті бүгінгі күні қолға алмасақ, болашақта бас шайқайтын, бармақ тістейтін жағдайлар да жетерлік. Ұланғайыр даланың барлық бөлігі түгін тартсаң, майы шығатын өңір емес. Сыр өңірі де – суармалы егіншілікпен айналысатын өңірлердің бірі.Ондағы экологиялық ахуал ешкімге таңсық тақырып емес. Құрлықтың қақ ортасында қоныс тепкен Арал теңізінің тартылуы елдің басына осындай жағдайды алып келді. Әрине, су айдыны баяғы қалпына енді келмес. Десе де, тіршілік ауанының сонымен тоқтап қалмасы анық. Экологиялық ахуал аймақтың агроөнеркәсіп саласына ауыр соққы болды. Сыр топырағының құнары кеміп барады. Қайсыбір жылдарда ауыл шаруашылығы саласында айшықты істер атқарған Сыр өңірінің егін шаруашылығында осындай қиын жағдай туып отыр. Сыр өңірі тұз өңіріне айналып барады. Өкінішке қарай, бұл бағытта ғылыми тұрғыда ауқымды іс-шаралар атқару әлі күнге дейін кешеуілдеп келеді.
Осындай мәселелерді қолға алып, белсене араласып жүрген ешқандай жоғары қызмет өкілдерін көрмейсің.
Сондықтан да, болашақта өз елінің қожасы да, иесі де – бүгінгі жастар. Олар – біздер. Біз – жаңа ғасыр, жаңа мыңжылдықтың жас ұрпағы, егеменді елдің ертеңіміз. Жарқын болашақ – біздердің қолымызда. Егеменді еліміздің ертеңі н гүлдендіріп, ауылымыздың өркендеуі үшін көп тер төгіп, аянбай еңбек етуіміз керек. ''Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық мемлекетінің нығайып, көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа'',- дейді Елбасымыз.
Менің алдағы өмірлік мақсатым – осы елім мен жеріме қызмет ету. Өзімді өзім сондай ұлы арман иесі болуға міндетті түрде дайындаймын.
Біліп жастай жан-жақты,
Көрдім өмір қызығын.
Сыр елінің ардақты,
Жаны жайсаң қызымын.
Гүлін туған жерімнің,
Теріп алдым, талмадым.
Мақтан тұтар елімнің
Қызы болу арманым.

2 пікір

AKA
Тақырыпқа қараймын бірінші, дұрыс болмаса әрі қарай оқудың мәні болмай қалады мен үшін.
assiya_nurlybaeva
Демек, тақырыбы сай келмейді дейсіз ғой жазылған дүниеге?
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.