Ғашықтар қаласы - Париж

Бүгін Динараның түсірген романтикалық фильмінің тұсаукесері. Осы күнді Динара асыға күткен еді. Оның түсірілім тобы мен әріптестерінің қуанышында шек болмады:
— Құрметті әріптестер! "Ғашықтар қаласы — Париж" атты фильміміздің сәтті шығуымен құттықтаймын. Бұл — бәріміздің бірігіп істеген еңбегіміздің жемісі! — деп фильмнің көрермендердің көңілінен шыққандығын айтты. Түсірілім тобы осы оқиғаға орай Париж қаласындағы мейрамханалардың бірінде отырып көңіл көтерді. Осы кештен соң Динара көшеге шығып жаяу серуендеп қайтуды жөн көрді.
Динара — талантты режиссер, өз ісінің маманы. Осыдан 3 жыл бұрын Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын режиссура мамандығы бойынша тәмамдаған. Жас та болса, бірнеше фильмнің режиссеры атанды. Соңғы түсірген "Ғашықтар қаласы — Париж" деген фильм өзінің жүрегіне жақын. Бұрыннан көкейінде жүрген мақсаты, арманы еді. Сол арманына жетті. Шынайы өмірде болмаса да, қиялынан туған фильмінде сүйіктісімен қосылғандай күй кешті.
Динара көше бойымен келе жатып, өзінің өткен күндерін сол бір лаулап барып сөнген, жүрекке ауыр жара салған сезімін есіне түсірді.
Берік… Оны кездестіргенде Динара небәрі 17 жаста болатын. Ең алғашқы кездесулері Динараның есінен кетпейді. Осыдан 7 жыл бұрын Динара жазғы демалыста Париж қаласына демалуға келген еді. Эйфель мұнарасының биігіне шығып, қаланың әсемдігіне сүйсініп тұрады. Бір кезде алыстан бір жігіттің суретке түсіріп жатқанын байқайды. Сосын қасына келіп Динарамен танысады. Берік — бойы ұзын, қыр мұрынды, ақшыл келбетті, қара шашты сұлу жігіт. Жасы — 27-де. Мамандығы — суретші. Ол Динараға бір көргеннен ғашық болып қалады. Оның сұлулығына тамсанып, суретке түсіріп алғанын айтады. Берік пен Динара Эйфель мұнарасынан бірге шығып, қаланың басқа да көркем жерлерін аралайды. Осыдан кейін күнде кездесіп тұрды. Екі ғашық көптеген шуақты күндерін, жұлдызды түндерін бірге өткізді. Динара үшін бұл күндер ең бір ғажайып, тылсымға толы күндер іспетті еді. Құдды бір таңғажайып түс көріп жатқандай күй кешті. Алайда осы керемет түсінен оянып кетуден қорыққандай. Бір күні мұның да бітетінін сезді. Себебі оқудың басталуына 1-ақ апта қалған еді.
Бір күні Динара әкесі екеуі Париждегі бір сауда орталығында жүргенде Берікті көріп қалады. Бірақ Берік жалғыз емес еді. Жанында өзі қатарлас әйел мен 2-3 жасар кішкентай бала келе жатты. Берік Динараны байқап, бір сәт тоқтап қалды. Бірақ қасына келуге батылы жетпеді. Бір қызарып, бір бозарып, еңсесі түсіп кете берді.
Динара өз көзіне өзі сенбеді. Беріктің отбасылы кісі екеніне, оның алдағанына сенгісі де келмеді… Жүрегі қан жылап, қаншама ұйқысыз түндерді өткізді… Күз келіп, оқуы басталды. Айлар өтті, жылдар өтті… Содан бері Динара Берікті кезіктірген жоқ.
Міне, бүгін Динара Берікпен алғаш кездескен Эйфель мұнарасының жанында тұр… Қаншама жылдар өтсе де, махаббатының әлі өшпегеніне жаны ауырады. Ол қатігез өмірге, махаббаттың қатал заңына өкпелі. Шынайы өмірде сүйіктісімен қосылмаса да, кинодағы прототипінің ғашығының мәңгі бірге қалатындығын есіне түсіріп, Эйфель мұнарасының басынан тамылжыған айға қарап, сәл ғана жымиып қойды…

11 пікір

assiya_nurlybaeva
Жақсы жазылған. Жарайсың, достым! Алғашқы қадамың құтты болсын… Әлі де талай жазбаларыңмен блогтағы достарыңды таңқалдырады деп сенемін.
sauleorynqul
Рахмет))
Kan
ойдан құрастырдыңыз ба сонда?
Chan
ноу эмоушн, нашар!
MSHERIMBEK
алғашқы жазба құтты болсын, Сәуле:) Қош келіпсіз)
Jado
Сауле жарайсың...ҚазҰУ алға)))Айтаберді дамытайық)))
Chan
журиксіз ба?
Jado
аффтор біздің молодец…
assiya_nurlybaeva
автор да, тақырып та жақсы)))
AKA
Айттым ғой, мында да сол… нашар!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.