Режиссер Алан Пакуланың "Вся президенская рать" фильміне пікір

«Вся президенская рать» фильмі- америкалық режиссер Алан Дж. Пакуланың ең керемет туындыларының бірі. Бұл фильм Америка тарихындағы аты шулы Уотергейт оқиғасының желісімен түсірілген. 1970 жылдары АҚШ президенті Ричард Никсон оппозициялық күштердің қызметін құпия тыңдаушы құралдың көмегі арқылы барлап келгендігі әшкереленіп, соның салдарынан отставкаға кеткен еді. Оны әшкерелеушілер Карл Бернстейн және Боб Вудворд есімді журналистер еді. Кейін бұл оқиға журналистика тарихында алтын әріппен жазылды. Себебі, дәл сол кезден бастап, журналистика сынды құдіретті қарудың АҚШ президентінің өзін тақтан тайдыра алатындығына қалың халықтың көзі жетті.
Алан Дж. Пакула фильмді аталмыш оқиғадан үш жыл өткен соң түсірген екен. Режиссерге Боб Вудворд пен Карл Бернстейнның өзі фильмнің сценариін жазуға көмектесіп, осы оқиғаның экранда шынайы әрі сәтті шығуына атсалысыпты.
Бұл фильмнің жетістігі-журналистердің нағыз өз ісінің маманы екендігін көрсете алуында. Бір істі бастап, оны соңына дейін жеткізу әр адамның қолынан келе бермейтін іс. Қазақта «Сабыр түбі-сары алтын» деген сөз бар. Фильмді көре отырып, сол сөздің рас екендігіне тағы бір рет көзім жетті. Журналистер Боб пен Карл қаншама қиыншылыққа төтеп беріп, соңында жеңіске жетті. Олардың жүргізген журналистік зерттеулері журналистердің осал жандар емес екендігін дүйім жұртқа көрсетіп берді. Журналистердің мақала жазып қойып тыныш жүретін қарапайым жандар емес, қажет кезде кәсіби барлаушылардан да асып түсіп, нақты дәлелдерімен ақпарат таба алатын маман иесі екендігін әйгіледі. Сондай ақ, маған ұнаған тағы бір жері, бұл фильмді көре отырып, журналист ретінде адамдармен қарым-қатынас жасау жолдары мен тәсілдерін, қалай сөйлету керек екендігін үйрендім деуге болады. Қорыта келе айтатыным, «Вся президенская рать» фильмі бәрі білуге тиіс тарихи оқиғаның желісімен түсірілген шынайы әрі өткір сюжетті туынды.

4 пікір

assiya_nurlybaeva
Фильм маған өте қатты ұнады, керемет әсер қалдырды. Жазбаларың көп болғай, қаламың ұштала берсін!!!
Jado
Әсияға қосыламын… Негізі американдықтардың ақпарат үшін, жалпы қызмет істеу қарқыны ұнады...Өзімізге ескеру керек
STR
Біріңнің жазғанын және біреуің мазмұндайын деген бе?
yesbolat83
Енді сол фильмді қызықтыртып алып, қалай көру керектігін, яғни, сілтемесін көрсетпегенің қалай?Ол фильмді қайдан табуға болады?
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.