Біздің Ақкөлді білесіз бе?

Армысыздар «Айтаберлік» ағайындар! Өзім талай рет қызыға оқушы едім. Міне, өзім сол қызықты жасаушылардың бірі болмақшымын. «Айтабердегі» алғашқыдан кейінгі екінші постым ғой. Алдымен жаныма жақын дүниелерден бастасам деп едім.
Сіз Ақкөлді білуші ме едіңіз? Жоқ! Онда жүріңіз, ой, төмен қарай жүріңіз дегенім ғой.
Ақкөл — Тараз қаласынан ( Тым құрымаса Таразды білетін шығарсыздар?!) 80 шақырым жерден орналасқан кішкене ғана ауыл. Бірақ, бір ерекшелігі бар. Ол — менің ауылым. Жер-жаһанды кезсем де «Жерұйығымды» тек осы жерден ғана табамын.
Тек біздің ауылда ғана Астанадағы бейбітшілік символы «Бәйтеректің» екінші көшірмесі бар. Тек бір ерекшелігі Астананың «Бәйтерегі» қызылды-жасылды сәуленің салтанатына шомылып тұрса, біздің ауылдың Бәйтерегі жарықты үнемдегендіктен қараңғылықтың құшағында тұрады.
Тек біздің ауыл ғана 2 жыл көлемінде тек теледидар арқылы ғана ауыз су ішеді.
Тек біздің ауылда ғана ешкім бармайтын «ауылдық кітапхана» мен ешбір жас білмейтін жастар орталығы бар.
Тек біздің ауылда ғана суға шомылуға келген балалар ертесіне рентгенге түсуге кетеді.
Тек біздің ауылда ғана алмасы жоқ алма бағы мен жеміс бермейтін жиде бағы бар. Қазіргі уақытта олардың тұрақты қонақтары- өрістен қағылған қозы-лақтар мен бұзаулар.
Тек біздің ауылда ғана бір күнде 7 рет келін түсіреді. Бірақ 7 келіннің де бетін бірақ адам ашады.
Тек біздің ауылдың ғана өзіндік Эйфель мұнаралары бар. Тек бізде ауылда оларды актив пен билайнның вышкалары дейді.
Тек біздің ауылда ғана оперативтілігі мен жаңалықтар жылдамдығы жөнінен тіпті «ВВС» мен «СNN» арналарынан асып түсетін Ғалия апа бар. Кешкі жаңалықтарды «Ал, амансыздар» деп кіретін көрші апамыздан жедел түрде ести алуға мүмкіндік туады.
Тек біздің ауылда ғана апайларды әпки деп атайды.

Ақкөл туралы түсінігіңіз Пиза мұнарасындай қисайып бара жатыр ма? Қорықпаңыз құламайды. Ақкөлімнің жазықтығындай ауылымның қонақжайлығы да дархан ғой. Ақкөл! Аудан мектептері арасында білім көрсеткішінен дес бермей келетін де Ақкөл мектебі. Спорттың саңлақтарын баулып, спорт мектебін жүлдеге толтыратын да ақкөлдік спортшылар. Дінмұхаммед атамыздың 100 жылдығын да Ақкөлдің қырында дүрілдете тойлап өтіп еді.
Қайдансың? –Ақкөлденмін! МММ. Ақкөл де! Иә, бауырым Ақкөлденмін. Талай рет базаршылап балық іздегенде Ақкөлдің балығы дегенде майшабағына дейін қалдырмаушы едің ғой. Бірақ сол балықты аулаған көлдің жағдайын сұрамайсыңда. Ауылға айына –жылына бір рет ат басын бұрғанда көлге барайық деп қоймайтының есіңде ме? Барамыз да артымыздан тау-тау қоқыс пен бұл жерде жабайы демалушылардың тағы бір тобы болған деген естелікті қалдырып қайта келеміз.
Ақкөлдің таңы ғой…

Ақкөлдің түні… Қайсысы әдемі???)))

Бәйтерек және біз…

Қанша жүгірсем де кемпірқосақтың бір шетіне жете алмаймын…

Ақкөлдің ең үлкен мақтаныштарының бірі. Қонаев даңғылының бойында орналасқан.


Келесі аялдама – Абай көшесі. Ойлап қалмаңыз бізде автобус жүрмейді, ауыл әкімі көшенің көркін келтіреміз деген оймен жасатқан біздің ауыл интерьерінің көрінісі ғой. Әйтпесе Ақкөл орта мектебінің 93-тері түнгі ауылды қақ жара ысқырғанда Ы.Алтынсарин мектебінің 94-жылғы жігіттері жауап қайтаратындай алақандай ауылымызда автобустың қара көрсетпесі анық. Екі-үш жыл да бір рет келетін жауынды көктемде есіл өзен ернеуіне дейін тасығанда ауылға тұщы су келгендей мәз болып қаламыз. Тұщы су – біздің ауылдың талай жылғы тарихи дастаны. Құдай біледі, енді бірер жылда су келмесе тұщы су келеді деген сөз біз үшін ертегіге айналады.. Ниетім нашар емес, шыным осы. Ал әзірге «көк водовоз» аман болсын деп келеміз.
Алғаш рет туғн жердің қадірін Алматының жатақханасында жатып сезіндім. Қай жерліксің? –Тараздан! Оның қай жеріненсің?-Талас ауданы, Ақкөл ауылы. Осы үш сөзге кір келтірмес үшін жаныңды саласың. Тараздың жастары деп басталатын жағымсыз сөзді естісең сол жастардың жағасынан алуға дайын тұрасың. Өмір-сенікі! Қандай түске бояймын десең де өз еркің! Бірақ туған жер барлығымыздікі. Өзгелер тер төккенде, сенің оның атына кір келтіруге қақың жоқ.

Жоғарыда мен жазған үш-төрт ауыз сөз ауылымның көрінісін тек Солтүстік мұзды мұхитта қалқып жүретін айзбергтің 7-ден бір бөлігіндей ғана деңгейде таныстырады сізге. Нағыз Ақкөл туралы түсінік еңістен төмен түсіп келе жатқанда көк кірпішті коттеждерден әрі асқанда басталады.
Сонымен сіздің саяхатыңыз барысында оңтүстікке орламай кетпейтініңіз анық.
Шымқаланың шырайлы келбетін көріп, Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи бабамызға тәу етіп келе жатқанда Тараздың табалдырығын аттайсыз. Сонда Ақкөлге ат басын бұрмай кетпеңіз.
Мен ауылымды сағындым!

21 пікір

VVVWWW
Шын көңілден жазылған жазба, туған жеріңді шынымен жақсы көреді екенсің (ия, сосын шынымен сағыныпсың)
Пікіріңізге рахмет) Туған жердің түтіні қашанда ыстық қой…
Соңғы өңделген уақыты:
Шынайы сағыныш… суға тускен бала рентгенге тіке кететін көлдің аты қалай? біліп жүрейік бізде сонын куәгері болмас үшін
Тек юмор үшін жазылған, сол судың қаншалықты ластанғанын айтқым келген.(ауырғандары да бар негізі) Көл ауылыммен аттас — Ақкөл көлі
Rayana
Аулымды менде сағындым! Сенің көрістерің арқылы керемет кездер есіме түсті! Келесі шығармаңды асыға күтемін.
Рахмет, Ұнағанына қуаныштымын)
Jako
Білемін Ақкөлді, менің де ауылым.Құртқа қыз жерлес екенбіз. Бірақ сол кішкентай ауылдан қаншама мықты азаматтар шыққанын да жазарсың.
оо «Айтаберде» жерлесімді тапқаныма қуаныштымын. Әрине, аға алдағы жазбаларда алла қаласа…
yesbolat83
Туған жердің қадірін ұзааақ сапарға барғанда білерсің.
Құртқа, жақсы таныстырып өттің өз ауылыңды.
Тек біздің ауылда ғана бір күнде 7 рет келін түсіреді. Бірақ 7 келіннің де бетін бірақ адам ашады.
Сол бет ашатын адамның бизнесіне қызығып отырмын ше.

Жоғарыдан санағанда екінші сурет түнгі Ақкөлдегі алыстан жарқырап тұрған бәйтерек пе?
Рахмет пікіріңізге) Иә, сол Бәйтеректің шамы ғой. Бірақ ол жарық тек Бәйтеректі құрғаннан кейін 1 айдай жарқырап тұрды ғой
yesbolat83
Сол бәйтеректің шамы өшсе, суретке қарап отырып елестету қиын боп тұр маған түнгі Ақкөлді.
yesbolat83
Тағы да екінші сурет, бәйтеректің қасында жанып тұрған жарық ол әмбебап дүкеннің прожекторының жарығы. .)
Сіз Ақкөлдік емессіз бе?)))
yesbolat83
Жоқ, мен Маңғыстаулықпын. Сол бәйтеректің қасында күннің жарығында да суретке түскенсің, 2 және 3-ші суретті салыстырып айтып отырған жәйім бар.
Oraldyk
жарайсың! Қаламың талмасын!
ereke_enu
Ох, ауыыыл))) Ауыл джақсы ғой… майкімеееен )
geofizik_001
елдің бәрі әсем қала Алматыда, не болмаса керемет Көкшетауда дүниеге келген жоқ… Көпшілігіміз ауылымызды сипаттағанда ауыз толтырып айтатын ештеме таба алмай қаламыз. Бірақ… бірақ, сонда да ол ыстық, сонда да сағынамыз қайда жүрсек те. Мен дк өз ауылымды жақсы көремін, сағынамын))))
Туған ауылы туралы ой толғап, қалам тербемеген ақын -жазушы жер бетінде жоқ болар, сірә!? Бүгінгі күнге дейін ауылға қаншама әдемі сөздер арналғанымен, ешкім де әлі ауылдың құдіретін танытатын сөзді ойлап таппаған да шығар… Неткен ыстық, неткен құдіретті едің, туған жер! Ауылға деген махаббат, сағыныш ештеңеге ұқсамайтын — ұлы сезім!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.