Міскіннің зары

Отты сезесіз бе? Қандай от дерсіз… Дертті жанның көзіндегі өшпес от… Ол — күрес оты.
Жасым жиырмада. Шипасы табылмай тұрған мына «бәлекеттің» мені ақсатқанына екі жарым, үш жылдай бопты. Көшеде асфальтті тырнаған мендей «айыптыны» ел-жұрт, көрші-қоланның қалай «айыптайтынын»?
Қазақ ырымшыл жаратылған халық. Ауру көрсе безе шабатын халықтың баласымын. Қара жерді тізерлей отырып көмек сұрау кеудемді намыстан жарады. Ал, жадыңнан «мынау ішкен бәлемекен?» деген ойлармен өткені қанжылтады. Одан бұрын тәртіп сақшылары төл-құжатыңды сұрайтыны көктемнің нұрын тосады. Көктем нұры демекші менің нұрым бір Алладан. Ал мені қанаттандыра қараңнан нұр табуды үйреткен қалам мен парағым. Ал, ағайын сіздерге бір сауал: шұңқырдың түпкі ойысына тірелген мендей пақырдың жалғыз арқаны өзінің ойын ақ параққа өрнектеу болса, оны қой дейтін «оқымысты» қазаққа недеуім керек?
Біздің қазақ қолтығыңнан демеп жел үрлеудің орнына басыңнан нөсерлете бұршақтата жөнелетіне недейсің? Бұған не шара бар? Бетін тұман тұмшаласа да, «тұр-тұр» деп ұрғыласа да, басына бақыт құсы қонсада оған жылы ұя бола білмейтін неткен надан қазақ… Турасы, надан емес «сыншыл» қазақ. «Найза батса баттың дер, суырса, қинап шаттың дер» біздің қазаққа тән суреттеу осы болар шамасы.
Менің «орнығым» жол жиегіндегі «жиектеу». Енді, сені тағдыр ұстазыңдай «дерт» атты үй тапсырмасын беріп, орындасаң да, «сабақтан соң» қалдырып орындатса мендей «тәлімгердің» жазығы неде? Сіздерге бір көріністі суреттеп берейін:
Қараңғы қапас. Кейіпкер бұғанасы қатпаған жеткеншек. Қолдары керіле байланған, үзіп шыққысы келеді, бірақ, әлсіз қолда күш жоқ. Ол зарлы үнмен жүректегі түйілген зілді ойын өлеңдетуде:
Отырмын қараң қапаста,
Өмір, өлім атты таласта.
Кездестім тағдыр құжына,
Тағдырдан тартқан жан аз ба?

Терезеден кіріп нұр шуақ,
Халімді менің тұр сұрап.
Дінгекке тұрмын байланып,
Жауапты жаймен құр ымдап.

Ұшыпты көкте көгершін,
Қағыпты қапас төбесін.
Көзіме қарап самғады,
Дегендей маған: «Жеңесің!»

Құлашы кеңдеу ақ қанат,
Бергендей маған бақ, талап.
Жүректе үміт оты да,
Соған қарап жанданат.

Ойымда болдым көгершін,
Қосылды көкке үлесім.
Көзіме түсті табиғат,
Ұққандай өмір кеңесін.

Қауырсын түсті қолыма,
Пайда боп талшық басыма.
Бар енді менің қанатым,
Алғысты айтам бағыма.

Өмірде тудым жаңадан,
Босадым құрғыр жападан.
Көгершін жәрдем болды ғой,
Тікелей келген Алладан, — деген
өлеңін оқып терезеден кірген жарыққа разылығын білдіріп тәубе етіпті. Сөйтсе, абақтының есігі ашыла:
— Кір, босат ана пақырды! «Тегін үйден» шығар мерзімі жетті, — деген үндегі нұсқау естіліпті. Кезекші кіріп, босату үстінде:
— Бостандығыңыз құтты болсын, тұтқынға бостандықтан басқа олжа жоқтың қасы,- деп, өзі де «бір жұмыстан болса да, арылдым-ау»,- дегендей қуаныпты.
Бұл жай арман ұшқындарынан туған қиялдың бір түйірі. Осы «түйірдің» шындыққа ұласар куні қашан туар? Шіркін, менің көзден ада аяғымдағы темір кісенді қашан «кезекші» шешіп алар екен, ағайын? Бірақ, тағы да шүкір, Алла өзі жаратқан біздей мақұлықтарға шектеусіз қиял, арман беріпті. Алға сүйрер күймеге жегілген пырақ аттардай мақсатым мені не бір қиян құла түз жолдардан кібіртіктеусіз алып шығуда. Алла бір буйірден қақса, бір буйірден демеп тұрары заңдылық.
Жер тептірері сол «куйменің» бірде дөңгелегі сынса, енді бірде сол дөнгелек қоршаған ортаның жағымсыз әсерінен тапжылмайды. Тапжылмайтыны, әрбір тіршілік атаулының «антонимы» бар, ал, «синонимы» табылуы өте сирек. Негізінен өз басымда көп нәрселердің «омоним» тұрғысынан іске жарауы кездеседі. Сонымен күйме жайына оралсақ… Күні кеше шебер қолынан өңделіп, тамырынан мықты емен ағашының жемісі ретінде тұтынушыға, сатушыдан үшті-күйлі мақталып келгенді. Сатушының сөзіне сәйкес сапасы сын көтерер күйме ұзақ жолға шығады.
Заманнан заманға үнсіздікпен өтіп жатқан, талай-талай ауқымды уақиғаларды көзбен көріп, басынан кешіргені жасыл қабағынан білінер ұшы-қиыры көрінбес жол жатыр. Сол топалаңы шыққан қара жол, пырақ жегілген күймені өзінің соқпалаң кеудесімен өткізе қартаң тартқан нудың құшағына сыйлады.
Орман сейілген сақалын қырау басып, өкпесін тас мекендеп ауыр тыныспен гүрсіне маужырап өз иелігін кузетуде. «Ақын ойы шырмауда» сол шырмауыққа біздің күймеміз жолықты. Сол мезетте шырмауыққа жан біткендей, ұзақ ұйқыдан жинаған күшін сарпып күймені тордай торлады. Қауызды жара алмаған саруыз балапандай қымсынған күйме мұнтаздай бетіне сызат түсіре берді. Ал, дәл осы уақытта екі пырақ ақ қанаттарымен шырмауықты сабалай өз иелерін шығару қамында еді. Қыспалаң жағдайға ойдың тұрақсыздығын ай? Түнекке батқан күйме өзін жалғыз сезініп, ақ қанатты пырақтары оны тастап кеткен секілденіп жалғыздықтан денесін мұз алды…
Өлімнің дәмін сезінген күйме ышқына тоқтаусыз жұлқына берді. Түңілген күйменің ойының тәсірі қос пырақпен оның арасын үзді. Сонда да, жануардың иесіне деген адалдығы кушті емес пе? Шырмауықты тістелеп жұлып алқымынан алды. Достықтың, адалдықтың күшінен шошынған шырмауық жіберді. Өкінерлігі, бұндай нүкте тек ертегілерде… Осы тұста кадрды қайта айналдырсақ, пырақтардан опық жеген шырмауық жауабын бере бір сабағын сермей қос пырақты тырнап өтеді.
Өмір несімен тәтті? Қиыншылық, зардабымен тәтті. Қос пырақ ең соңғы күш қайратын жинай жойқын күшпен жауабын міндетті түрде қайтарады. Тілеуін тілеп, білеуін білеп тұрған шырмауық қолтығына пышақ сұққандай тіліне, өз орына өзі іліне шірік атанады. Құрсаудан босап, шімірлене күйме қанатын кең жаяды. Сонымен, бұл акт аяқталды. Ал өмір шындығы пердеден қол сұқты. Бір тікенекті кессе, екінші тікенек батуға даяр.
Бір жағдайды айта өтейін. Беті сепкілденген қара өңді, денесінің суы кепкен қыз жайлы естідім. Өңі суық ажалға жуық жан. Станцияға аялдаған поездан ыршып түсті. Сырт көзге ой шаншып түсті. «Мына қыздың бұнысы несі?»,- деген сауал ауа райда білінді. Ал енді бұл жанның ішкі зарын мен ашайын. Адам ауырып, ауырып елге жауыр болудан жалығады. Өзді-өзін қамдай алатынына көзін жеткізу оған мұрат. Осы мұраттың түрткісінің берген уақиғасы табалдырықтан қара жерге секіріп өзіне-өзі рухани азық, бүлінген ақ қанатына қауырсын тігуі еді. Ал оны сырттан тамашалаған «сау» жамағат «Ей, мынауың, әлсіз мүсәпір бола тәккәппарлануын?!» — деп өзі «тәккәпарлыққа» соғылғандығын аңдамайды.
Ал енді қиялдан жердегі өзіме қонайын. Кітапханалардың біріне барып жоғарыдан төмен түстім. Бірінші қадамымды баса жасымнан ерте «тот басқан» аяғым «қатуланды». Одан: «Мына мендей боздаққа қатуланбай, тағы алпыс жыл тоса тұрмадың ба? Сосын барып, сол кәрі шалға қанша қатулансаң да, өзің біл?! Жарай ма?!» — деп келісім жүргізе алсамшы? Қайран арман? Қайда жүрсің? Алла күпіршілігім үшін кешіре көр!
Жадыңнан өткен адамда бұрылып халіңді сұрауды білмейтін «білермендер». Сүйенетін санам, жүректегі рухым, мұрын ұшындағы жаным, он саусақты қос қолымдағы күшім, мені қолдар Аллам бар да, мен осы жерге неге қағылам? Баспалдақ жиегіндегі сүйеніш арқылы, аяқпен емес, «қолмен секірдім». «Соға берсең – қақпа сынар», түпкі қабатқа түстім. Жасасам он адым жасадым да, «мүсін» кейпіне ендім. Қайтейін, бар амалымды бақсамда «мүсінге» ұқсамаптым. Маған орындық әкеп, шай берді. Міне, Алланың нұры, иманды жандарға тоғыстым. Сондағы «қолмен жүрген» адамның жазған «Келте қолдың тілегі» атты өлеңі:
Ауру тұнған қара бет,
Алла өзің ала кет!!!
Сабыр иман бере көр,
Дұға қайрап шаба кес!

Іркілмес менде табан бет,
Табылмас менен шабар ет.
Сынақ ұрып қарақұстан
Мені шалған адам ед…

А, құдай, менде құлың ем?
Ынсап бер! Емін табар ем…
Өмірге ынтық пендемін,
Әйтпесе бірден талар ем…

Бердің маған келте қол,
Келесің маған сермеп жол.
Алармын қабыл сынақты,
Қаннан шыдам менде мол!!!
Жә, жә… Жастайымнан «бәдік» атанбай тұрғанда жоқталып масыл болмайын, ақталып асыл болмайын… Қой қайтайын айту маған парыз, қорыту сізге парыз…
ТӨРЕХАН Арыстан

3 пікір

satirik92
Пікір қалдырыңыздар! Рахмет!!! Сұрануымның себебін осы шығармадан түсінесіздер!!!
Kan
Қазақ туралы пікіріңді жақсы жеткізіпсің. "«Найза батса баттың дер, суырса, қинап шаттың дер» керемет сөз.
Сенің жазбаңды оқып шыққансоң мынандай сұрақ пайда болды?
Дерті бар міскін кім? Түрмеден шығалмай жүрген кім? Бұның бәрі ойдан шығарылған кейіпкер ма? Әлде…
Егер сұрақтарға жауап беру қиын болса. Жеке потштама жазсаң болады
satirik92
Ол өзім. «Шындық шешесі шетте» қиналған сәттерде қаламнан қағазға төгілген туынды.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.