Рэптен бастап

Айтабер! - танымдық блогтұғыры /
Сапылдап жүріп қалай екен рэптің көшелеріне де кірдім. Типа, крутой МС боп… Сыныптастарым ЕНТ-нің қамын қамдағанда мен және досым подачаның (рэп оқу) қамын қамдадық. Сыныбымызға жаңа келген баладан жұқтыма, жатырда жатқанда Алла сөз өнерін тықтыма білмедім. Бұның басы «кәрі» досым «HIP-HOP EJAY-дің» қолдауымен жүзеге асты. Құлаққа ілінген тарсылдақтың бәрі бізге әуезді әуен еді. Өзіміз әуен (минус) жасап, «бауырым What’s up» деп жүріппіз. Мойын бұрсам өнеріміз бес жасқа кепті. Біздің бес жылдығымыз, яғни, Double L-дің бес жылдығы!!!
Басында қатысушымыз Төрт бопты. Бәрінің күші өрт бопты. Рэпке сөзі жетпейтін қысқа ғана «өлең сымақтарымыздың» бірін төрт адам бір-бір шумақтан айтатын боп шештік. Айтқан жерімізден техничка жуып, өзіміз өз алдымызға қуып кеттік. Жетім текс бір досымыздың қолына түсіп қор болды-ау сон-соң.
«Лейбліміздің» өңі қашып, тоз-тоз боп екеу болдық. Екеудің бірі мен, бірі Legasy… Екі жүз елу теңгелік микрофоннан екеу. Бірі менде, бірі Legasy-де. Ол байқұс, түкірігімізге күнде малшынатын. Ренжігені қалпағының ұшқанынан білінетін. Ұшуды қой деп скотчпен буындырдық… Дыбыс жазбамыз қарапайым XP-дің программасы. Минусты қоясың да, сөзді пулеметтай атасың… баланың түсінігінде рэп тез оқу ғана. «Тез оқығанымызды» мектептегі МС-ге мақтана тыңдатамыз, ол ұнатқаннан ба? Әлде біздің қылығымыздан ұялып күлді ме? Білмедім.
Бір тексті үш минуска айтып, «зорлап-зорлап» жібергенімізді ұмыта алмаспын. Олар: «Өмір — күрес», «Жаратқан Алла», «Бастау». «Бастаудың да» жанын шығарып үйде де, кілеммен қаптаған студияда да «зорладық». «Бастауымыздан» көрі тастауымыз оңайлана сол трегімізді және он мың теңгемізді кілемге сыйладық. Ұтқанымыз мынау: бит және дыбыс жазу программасымен таныстық, сөйтіп өмірлік іспен табыстық!!!
Істің жайы двордағы сыбыспен дами түсті. Атағымыз жер жармаса да өткен-кеткендер көздерін бұрды. Өзіміз қатарлас «бастауыштың» бары бізге кеп, турасы маған кеп жаздырды. Өзімнің бөліп алған сыбағам сол. Менің ұйқымнан оянуымнан бір адамдардың жолыда ашылғаны бар. Ойласам бәрі өзінше қызық.
Бір кезде өзіміздің деңгейлестеріміздің бірі бізді тапты. Таныс арқылы, әндерін жазардың алдында күтіп алуға шыққанымызда күлкі қысып өлімнен әрез қалдық. Бірі ұзын, екіншісі тайпақ, үшіншісі домалақ қыз. Қарындасыммен сыймай жүрген бөлмемде бес адам сығылысып айтып жаттық, айтып жаттық. Есімнен кетпес. Аяқ астынан «Алмата» атты feat жазып ыржыңдадық та қалдық:
Это мой город,
Это мой рай.

Өзіміздің арамызда «Жаратқан Алла» өзінше бір хитке айналды.Осының арасында «Сәулем-ай!» әнін жаздық. Бір адамға отыз екі жолдан. Кімге ғашық болдым? Қазір сол өлеңдеріме қарасам қоқ. Бір екеуі сақталған. Бірінің сөзі тек балағаттан құралған. Кімге екені белгісіз диз жадық. Неге екені белгісіз өзіміз түк жоқ бола тұра репрезент бағытында жаздық. Балалық қиял, балалық түсінік не істетпейді десейші. Сол уақыттағы әндерді тыңдасақ өз қателігімізге күлеміз де, күлеміз!
Ән жазып жүрген мен аяқ асты таза сөзге түстім де, Legasy рэппер мен битмейкер туын желбіретті. Қолымыздан келгенше еңбектеніп бес жылымыз тек үйренумен кетсе керек. Мен қаламыма сия жинап, кітап шаңын жұтсам, Legasy дыбыс пернелерінің табиғатын бойына сіңдіріпті.
Рэп группамыз тараса да, ісіміз қашанда бір арнада. Ой жоспарымыз бірге жазылады. Ол болмаса мен сатиралық туындымды жазбас едім, мен болмасам ол түсірілімдерін түсіріп монтаждамас еді. Қысқасы Legasy өмірдегі және өнердегі досым! Қорытары рэптен бастап әдебиетке келгендердің бірімін.
ТӨРЕХАН Арыстан
Шола кетіңіздер:


2 пікір

Kan
көрінбей кетіп едің.
Jako
Хош келдің satirik92, жақсы пост, ұнады.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.