Қос бұрым- қыздың көркі.

Біз араға сан ғасыр салып, бүгінге жеткенімізде, халқымыздың ежелден жалғасқан тамаша бір қасиеті бізді айырықша сүйіндіреді. Ол- қыздарымыздың ұлттық бітім тұлғасына ерекше көркемдік өзгеше жарасымдылығымен орнаған ұлтымыздың шаш қою дағдысы.
Қазақы дәстүр салтымызда әйел заты түгел бұрымын өріп, оған сәндік шолпысы мен зерленген шашпауларды тағады. Осылай қыз табиғатындағы ибалық пен көркін асырған қос бұрым көрген жанның ішін жылытып, жарасымды реттілік таңдайыңызды қақтырып, көңіліңізді сергітер еді.
Қазақ қыздарының шаш өсіру жағындағы ұстанған жолы сап тазалықтан тұрады. Абай атамыздың: “Жұпары алыс жерге мол жететін, қалампыр исі майлап өрген шашы”,- деген өлең жолдарында да табиғат берген сұлулықты тағдырының еншісі деп, өз табиғатын дала сұлулығымен ұштастырған арулар келбетін айшықтай түседі.
Бұл мәселені көтеріп отырған себебім де өзімнен басталып отыр. Кішкентай кезімде менің шашым ұзын болатын. Бір күні анам шашын қидыруға шаштаразға барды, менде ілесіп барған болатынмын, ойымда ештеңе жоқ. Шаштаразда бір қыз шашын кестіріп отыр екен, менде қызығып анама шашымды қидырамын деп әлек салдым. Анам жарайды деп сол кезде ұзын шашымды кесіп тастадым.Әкем шашыма қатты қарайтын еді. Үйге келгенде шашымды көрген әкем ештеңе айтпастан бір неше уақыт сөйлемей қойды. Не істейсің, болар іс болды. Өсе келе шашымды кесіп тастағаныма қатты өкіндім. Әлі де өкінемін. Содан бері шашымды қиған емеспін. Қазір шашым ұзын да емес, қысқа да емес. Шашымды қатты қарап күтемін.
Мен сусабынды көп қолданбаймын, мейлінше аз қолдануға тырысамын. 2 шәй қасық сусабынды 1 стакан суда араластырып жуамын.Жылы сумен ғана шайқаймын. Одан кейін бальзам шайғышпен шаямын. Бальзам шайғыштар шашқа жұмсақтық пен олардың жақсы таралуына көмектеседі.
Менің құрбым Жұлдыздың шашы ұзын. Ұзындығы 133см болады. Шашына өте ұқыпты қарайды, күнделікті шашын өріп жүреді. Мен де оның шашына қарап “қашан менің шашым осындай ұзын болар екен ”,- деп қызыға қараймын.
Шаш тек сұлулық пен мәдениеттіліктің белгісі ғана емес, ол қыздар қауымына берілген Алланың бір айрықша сыйы, еншісі. Шолпы, шашбау-сол сый құрметке сай әр қыздың әсем табиғатымен нәзік жаратылысына лайықталған қазақтың талғампаздық үлесі, әрі ұлттық сыр сипаты.
Болмысындағы ұлылықты сақтағаны ма, әке-шеше, ата-әженің тәлімін сақтағаны ма, жоқ, дәстүр жолын ардақ тұтып, арнасынан ауытқымайын дегені ме, бұрымды аялау өзімді аялау деп білетіндер де аз емес. Өзіне өзі тез болмағанға, өзгенің сөзі сөз болмаған тоң теріс жандардың молайып келе жатқан кезеңінде, әркім өз жөнін жөндесе жарар еді. Бірақ, түйсінгендердің мұңына айналған осындай істер ойландыра береді.
Алдамшы көркемдікке бой ұрған “жасандылық иелеріне” жөніңе түс деп айтпасақта, “ақылыңа сал” деп кеңес берер мезгіл келген сияқты. Біз бір күндік қызық үшін өзіміздің мәңгілік көркімізге ұласқан бұрымымызды тоқсан бояулы, тоғыз қырлы етіп жөндейміз де, лездік қыздырмадан кейін бір қымбатсыздық жалғандыққа айырбастағандай шыға келеміз. Әсемдікті асыра армандаудан, алып ұшқан көңілден қасиет ұранын қайырып тастап, әнімізден жаңылып, бұрым құнын құрдымға бастаймыз. Күндердің күні өзгенің сымбатын көріп, ішімізге от түседі. Сонда айтамыз: “Бір кезде менде де сондай әдемі бұрым болған” – деп, Болғанның несі жаман, қадірлей алмаған қасиетіміздің “тұз ұрғаны” аян болып «аһ» ұрамыз. Затымыз қазақ екенін айқындайтын ауызда айтар өсиет, бейнеден парықтар бұрымға қонған қасиет болмаса қадірімыз бен қасиетімізді кәне кім өз биігінде тұрғыза алады. Біреу келіп “қасиетің мен қадірің басыңа емес, башпайыңа кетіп барады”,- деп айта ма, сірә?!
Осы кезде Мұхтар Әуезовтың “Абай жолы” кітабында “Шолпы әуелі жиі сылдырап, аздан соң баяулай бастап тағы біраздан соң анда-санда бір ғана шылдыр ете түсіп, ұзап барады. Абай өз жүрегінің аттай тулап соққан дүрсілін естіді. Шолпы үнін сол басып барады. Өзгеше ыстық, қымбат шолпы ең соңғы рет бір шылдыр етті де, білінбей кетті. Түн тыныштығын ұрлап кеткендей жұтып кетті”. Осы кезде Мағжан Жұмабаевтың “Шолпы” өлеңі ойға оралады:
Сылдыр, сылдыр, сылдыр…
Қанымды қайнатты құрғыр.
Шық-шық жүрекке тиеді,
Күлпара талқан боп сыңғыр!
Қыранның тегеурінін қисаң қарға болады, тиынның көркі құйрығында, оны кессең көр тышқан бейнесіне енеді, бидайдың басын алсаң сабан болады, арулар бұрымды қисаң жаман болады, барынан айырылмаған ғана адам болады.
Бір күні көшеден өрген қара шашын арқасына төгілдіре тастап кетіп бара жатқан қазақ қызын көрдім, көрдім де қатты қызықтым. Қоңыр таудан құлаған қос бұлақтай көркем шашы көріктілік танытып,қазақтың қызы қайсы десе, “мынау дегендей” әдемілік танытса, тағы бір қызымыздың бұйраланған шашы жасандылықты әйгілегендей болады да, құндылық пен құнсыздықтың арасы бір-ақ елі екен-ау деген ой салады. “Сенің көзің заман үшін бағалы”,-дегенді аңғартып тұрады. Өз болмысын сақтаған қызға: “Сенің бұрымың ұлтың үшін бағалы” – дегім келді.
Осы кезде есімізге “Адам болам десең, бесігіңді түзе” деген классик жазушы Мұхтар Әуезовтың даналық сөзі есімізге түседі. Елдің ертеңі мен болашағын бесіктегі баладан бастау керектігін айтудан жалықпаған жазушының ағалық аманатын қазіргі күнде жартылай болса да орындап жатқанымызға тәуба дейік, кім білер, бәлкім кейінгі ұрпақ қолаңшаш дегеннің құдыретін уақыт өте келе ұғынатын болар.
Қасиеттен нәр емген адамдарға үміт артып ел отыр. Ел тілегін орындаған азамат ер емей немене, жеңгеміз “бұрымды бұйралатам” – деп ағамызға қолқа салып болмаған соң, ағамыз әзіл-шыны аралас “егер бұрымыңды бұйралатсаң, есіктен аттап бастырмаймын” – деген екен. Біз осындай көркемдікті жақтайтын ағаларымызбен, сөзге көнер жеңгелеріміз көбейе берсін деп тілейік!
Сұлулықты бұрымға сидырып, “Қос бұрым- қыздың көркі” – деп айтқан халқымыздың аталы сөзіне жүгініп, қыз баланың қасиетімен өлшесек, бұрым қасиетін бағалай алмаған біздер қасірет құйына батып кеткен болар едік. Адам мен жаратылыстың парқы да қасиетпен қанаттас келеді. Ағаштың жапырағы жазда ағашты жасартқанымен, күзде сарғайып жерге түседі. Жапырағынан тоналған ағаштар ол үшін өлмейді. Жапырақ түскенмен өміршеңдік күш бағыштап кетеді. Бұрымынан айырылған бір қызды айтайықшы, ол өмір бойы сол сұлулығынан, қасиетінен айырылғаны үшін зар-мұңды болып қайғы жылымына шөгіп кетпек. Қарағай жасылдығынан айырылса, асылдығынан айырылады. Ал қыздар үшін бұрымдағы қасиет қарағайдың жасылдығынан жүз есе жоғары екенін біле жүрейік, аяулы кыздар!

2 пікір

followme_alik
Бұрым жарасымды біздің қыздарға. Иә, Маржан? :)
Madina94
ия, кешіріңіз, бірақ менің есімім Мадина!)))
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.