Қазынамыз азайып бара жатыр

«Алпысқа келгеннен ақыл сұра», — деген дана халқымыз. Бұл сөздің тереңіне үңілсек, айтар ойы ауқымды…
Алпыс – адамның өмірден көрген, түйгені көбейген, тәжірибесі молайған, жақсысымен жаманын салмақтай, өткені мен өткелін саралай алатын нағыз кемел жасы, бұл қариялықтың басы. «Қарттарым асыл қазынам» дейміз. Ал қазіргі қазыналарымыз қандай, қарттарымыз қазына бола алады ма?
Бұрынғы зұлматты да соғысты да көрген қарттарымыз, ақылымыздың дариясы, ауылымыздың асыл қазынасы деуге тұрарлық еді. Үйіміздегі ата – аналарымызбен қоса кішкене балалар да қарттарымыздың сөзіне құлақ сала, алпысқа келгенді аға тұтып, ақыл сұрасатын. Ал, қазір алпысқа келгеннен ақыл сұра дей аламызба? Алпысқа келген қарияларымыз өздерін жас жігіттерше ұстап, қутың – қутың етеді. Ішкендері – арақ, шеккендері – темекі, аяқтарының жеткен жерлері – клубтар мен сауналар, қуғандары – қызық пен қыз-қырғын. Бұларға мұндай қылық жарасады ма?
Қариялықтың басына жетіп, ағарған шаштары мен сақалдарын сүйретіп, сауна мен клубқа бару деген сұмдық қой, өте ұятты нәрсе, сонда, ол кісілерде бала – шаға, немере жоқ па екен? Көшедегі темекі шегіп, бір – біріне асылып тұрған қыз− жігіттерге «қой» деу, «ұят болады», – деп ескерту жасау осы ағаларымыздың жөндері емес пе? Жастарға ақыл айта алмайтын қарияларымыздың өздеріне ақыл айтатын жандар керек пе деймін. Арине, соны тыңдар құлақ болса. Бүгінде ар – ұятын қалтаға салып, қыз қуып, саунаға, жезөкшелер үйіне барып жүрген аталарымызға қарап кеиміз. Сонымен, біздің қазына дейтін, ақылдары тасыған дариядай, қазыналарымыз қайда? Бұрынғының кезінде аталарымыз халық қамын ойлап, болашақ ұрпаққа мирас ретінде ақылы мен игі істерін өнеге ететін–ді, ол әрине, сұрапыл соғыс кезінің, өзге елдің боданы болып жүргендегі ұлт жанда қарияларымыз ғой. Енді, тәуелсіздік таңындағы, бейбіт елдің аталарына қарайықшы, еш уайым – қайғысыз, қызық қуып жүр. Тәуелсіздік алып етек – жеңімізді жиямыз ба десек, керісінше есеңгіреп, еркінсіп кеттік қой. «Айт», дейтін әже, «қой», дейтін қожаның жоқ болғаны ма сонда? Жастарға ақыл айтатын аталарымыздың халі мынау болса, әлі ақыл тоқтата қоймаған жастарымыздан не күтуге болады? Өзге елдің боданы болып жүргендегі, бұрынғы, қилы тарихы бар заманның қарттарымен, тәуелсіз еліміздің қарттарын салыстырар болсақ, қайсысы көңілге қонымды? Әрине,қиын – қыстау заманның ұлт жанды азаматтары. Қазіргі қарияларымыз, тәуелсіз еліміздің жастарына, ертеңгі елдің ұрпағына не өнеге көрсетуде? Бүгінгінің жастары деп күйінуден бұрын, бүгініміздің қазынасы болып бағаланар қарияларымызға қарайық. Оларға, ақша, қызық керек. Лас әрекеттерімен ел ішін бұзса болғаны. Сонда «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман, Қорқамын, бүгінгі жас балалардан», деп еңіреген, ұлтының, ұрпағының қамын ойлап, қамыққан Абайдың даналығын еске алар шалдар қайда? Тарихта аты қалар, қилы заманның ұлт – жанды шешендері болуы шарт емес, бірақ, әр жеке тұлға өзінің өзгеге үлгі болар ісімен құрметке бөленгені дұрыс қой. Ұрпаққа үлгі болар игі іс жасап, лайықты қартайып, қазыналы қартқа айналуы да бір ғанибет емес пе? Ақиық ақын Мұқағали айтқандай:
«Бала батыр дегенде, бала батыр,
Қариялар азайып бара жатыр
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп әнеки жағада тұр», деп күңіренгеніне лайық қазыналарымыз көп болса ғой.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.