Жігіттер-ай!!!

Қазақтың жігіттері! Пай-пай шіркін! Қарсы шауып келе жатқан жауын бір-ақ ауыз сөзбен тоқтата білген қазақтың жігіттері қайда қазір? Көпке топырақ шашудан аулақпын әрине. Бірақ, қазіргі кезде жігіттеріміз қолына қару алып, жауға шаппақ түгілі: тегін беріліп жатқан білімді дұрыстап алып, ойына сіңіре алмай, оны дамыта алмай жүргендері қаншама.
Білекті бірді жығады,
Білімді мыңды жығады, — демекші, он бес жігітіміз қоршап, қалған екі жігітіміз бір баланы тепкілеп жатқанда, қалғандары қарап тұрды. Сонда әділдік деген қайда? Байғұс баланың кінәсі неде болғаны?
Біздің аналарымыз баласын дүниеге біреуден таяқ жегізу үшін әкелгені ме? Әлде бұл білекті жігіттеріміздің білетін білімі осыған ғана жеткені ме?Әрбір ана баласын “елінің арда тұтар азаматы” болғанын қалайды емес пе? Сондықтан да жігіттерге айтарым: әрбір істі білектің күшімен шеше бергеніміз жарамас..
Кезінде аңшылық, саятшылық құрып, қыран құс пен тазы ит серігі бола білген “cегіз қырлы, бір сырлы” жігіттеріміз қазіргі кезде ұсақталып бара жатқан жоқ па? Алдына мақсат қойып, білімдар азамат болғысы келетіндері сирек.Білімге деген құштарлықтары төмендеу...Батысқа еліктеушілік басым. Құлақтарында сырға, қолдарында сақина, кейбіреуі тіптен шаштарын түрлі-түсті бояумен бояп та жүргендері жетерлік...
ХХI ғасырдың жігіттерінде жігітке тән байыпты үнмен сөйлеу, салмақтылық, еркектік қасиет пен жігітке тән мінез жетіспейді. Жігіттеріміздің сөйлеген сөздері, жүрген жүріс-тұрыстарына қарап қарнын ашиды. Олардың сөйлеу мәнеріне қарасаңыз қыздан бетер көп сөйлейтінін қайтерсіз... Ал жүрген жүрістеріне бір-ақ мысал келтіріп кетсем... Кез келген қаладағы өтіп бара жатқан жігіттеріміздің киген киіміне, жүрген жүрісіне артынан қарасаңыз тап бір сән көрсетуші қыздар ма деп қаларсыз...
Аңшылық пен саятшылық құрып, қыран құс пен тазы итті жанына серік ететін жігіттеріміз мыңнан біреу. Кезінде бір ауылдың өзінен отыз-қырық бала аттарына мініп, аңшылық, саятшылық құрып, серілікті серік етуге шықса, қазіргі кезде бір ауылдан бір баланың өзін әзер табарсыз...
Ойланайық қазақ жігіттері... Ой түйе білгеніміз абзал болар...

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.