Пенделердің ішіндегі Періште

Жалған дүниенің есігін ашқаннан бастап қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, еркелетіп, ешкімнен кем қалдырмай мәпелеп өсірген, қамқор болып, жан жүрегімен тек жақсылықты тілеген, қуанышыңда шын қуанып, шын күлетін жалғыз жан ол – Ана!
Ана – тіршіліктің қайнар көзі, махаббат нұры, мейірімнің кәусар бұлағы. Шынында да, ана бар кезде біз өзімізді қорғаны, ұясы бар балапандай, шатыры бар керегедей, аспаны бар жұлдыздай, көктемі бар самал желдей, жазы бар жайнаған гүлдей, қысқасы жаны бар адамдай сезінеміз, өмірдің бар мәні анада, ананың асыл махаббатында екенін ұғамыз. Ана туралы айтып тауысу да мүмкін емес. Ананың балаға деген мейірім махаббаты – теңіздей терең, аспандай биік, оттай ыстық, күн нұрындай шуақты. Ана баласы үшін әр кез бәріне дайын, суға тіпті отқа да түсе алады.
Бір күні ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) алдына бір әйел келіп:
— Сіздің жақын сахабаңыз әрі сырласыңыз болған Алқама қатты қиналып, өлім төсегінде жатыр, -деп хабар берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Әбу Бәкір Сыдық және Біләл азаншыны (р.ғ) жіберіп, Алқамадан хабар алуды бұйырады. Әбу Бәкір келіп, Алқамамен сұхбаттасқанда, Алқама барша сөздерді сөйлеп, өзінің жағдайларынан хабар берді. Алайда, тілін кәлимаға келтіріп, «Лә-илләһә-иләллаһ» деп айта алмады. Бұл ғажайып жағдайды естіген Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзі келіп көрді де, сахабаларына қарап:
— Бұл Алқаманың ата-анасы бар ма?,- деп сұрады. Сахабалар:
— Әкесі ертеректе дүние салған, анасы болуы керек,- деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
— Ол қасиетті анаға хабар беріңіздер. Егер келе алса, менің құзырыма келсін, келе алмаса мен барайын,- деді. Хабарды алған Алқаманың анасы:
— Ол ұлық Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мен өзім барамын,- деп, Расулалланың құзырына келді. Сыртта көлеңкеде ауырып жатқан баласына бұрылмастан, Расулалланың (с.ғ.с) алдына келіп, сәлемін берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оған:
— Сіздің балаңыз Алқама қандай бала еді,- деп сауал қояды.
— Балам жақсы, сіздің маңайыңызда қызмет атқарады, — деді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): — Жоқ сізбен мәмілесі қалай еді?,- деп сұрады.
— Мен баламнан көңілім қалғаны қашан, бұл баланы балам деп ұмытқалы көп уақыт болды, — деп көз жасын тыя алмады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) себебін сұрағанда:
-Балам сәби кезінде әкесі дүние салды, жесірліктің тауқыметін тартып, күйеуге де шықпадым. Осы жалғыз балама өгей әкесі көзін тігіп, қабақ шытып қараса, жүрегім бұл жағдайға шыдай алмайтынына сендім. Балам өсті, үлкен азамат болды. Үй болды. Бірақ, сол уақыттан бастап бар тәтті тамақты әйеліне тасыды, бар жылы сөзді әйеліне арнады. Осы жағдайларды көріп, бұлармен бір үйде тұра алмайтынымды білген соң, жүгімді жинап, кетуге даярландым. Сонда балам «Анашым сіз мені бағып – қаққан едіңіз. Енді қайда барасыз?»,- деп сұрауға шамасы да келмей, баратын жеріме жүгімді басып, өзі апарып тастады. Міне сол сәттен бастап, аналық мейірім махаббатым бұл балама теріс болды… Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
— Балаңыз жалған дүниемен қош айтысқалы отыр, разылығыңызды беріңіз деді. Ол:
— Разы емеспін деп, қайталай берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сахабаларына бұйырды:
— Ағаш отын жинаңдар да үлкен алау жағыңдар! Анасын наразы еткен баланың отта жанғанын анасы және баршаңыз көріңіздер, — деді. Сонда, Алқаманың анасы:
— Ей Расулалла балам отта жанғанша сол отта мен өзім жанайын, балама разымын, разымын, разымын мен деп, бірнеше рет қайталауы сол еді, баласы Алқама: «Лә-илләһә-иләллаһ», деп, жан беріпті.
Міне осының өзінен ананың балаға деген махаббатының шексіз екендігін, оның ұлылығын көруге болады.
Ана — бақыт атты кітаптың ең тамаша бөлімдері. Баласы үшін жанын қиюға дайын тұратын, асыл жан! Өмірдің рахаты, Жәннатты аяғының астына жасырған пенделердің ішіндегі Періште!

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.