Әжеге деген сағыныш

Сағыныш. Осы сөзді жиі естіп, жанымызды көп баурайтын сезімдердің бірі. Қайдан шығады, неден туындайды? Кейде осы адамның түңіліп, көп нәрсені ойлап, жабыға беретіні де осы сағынышынан ба деп қаламын…
Балалық кезге сағыныш, жастық шаққа сағыныш, студенттік өмірге сағыныш, махаббатқа сағыныш, алыстағы туғандарға сағыныш, өмірден өткен адамдарға сағыныш. Қайсы болмасын адамның жадысында қапталған елестерден тұратын ойлар, бір күрсініс. Санаулы сәттер өтіп, көз алдымызда « Әже» деп аталмай асыл анамның орнында болған әжемді қайтпас сапарға шығарып салғанымызға да 8-9жылдың жүзі болыпты. Десе де, әлі де алдымнан шығып еркелетіп, құшақтап, әкесінің тұңғышы, маған сыйға тастап кеткені,- деп мейірлене елжіреп, алдымнан шыға келетін секілді.
Сынаптай сырғанаған уақыттың қадіріне жетеміз бе екен?! Байлауға көнбейтін бұл құдіреттің бір құдіретке бағынышты екенін білеміз. Тағдырды жасайтын да сол. Жаратқан. Құдайды ойлаған сайын әжем де еске түседі. Өйткені Тәңірдің маған берген тағдырының парақтарында алтынмен жазылған ардақты есім әжемдікі. Егерде дәл бүгінгі хәлім үшін Алладан соң біреуге алғыс айтар болсам, ол — әжем. Жарық дүниенің қақпасын аша сала әжемнің етегіне оралғам. Сол етекті ұстап ер жеттім. Былдыр –былдыр сөйлеп, тәй-тәй басқаннан, буынып бекіп, хат танығанша қойынынан шықпадым. Біздің туысқандардың барлығы өздеріне менің әжемді меншіктеп алған. Қайсысының әңгімесін тыңдасаң, әжем марқұм сол кісіні ғана баққандай сендіре сөйлейді. Мен әжемнің менікі ғана болғанын білем. Басқасын айналып-толғанып отыратын, ал мені жөргекке өзі құндақтап, ес білгенімше жанына алып жатты. Алдымда екі ағам бар, әжемнің қасына «мен жатам деп» таласатын едік. Оң жағы менікі, сол жағына екеуі кезектесіп жататын. Сондағы менікі жеңіс емес пе?! Еркелеткенде «қара қарғам» дейтін. Әжемнің қолында өскендіктен бас мұжығыш болдық. Қайда барсақ та, молда құран оқи сала, бас менің алдыма келетін. Әйтпесе, мен аттанды салады екем кеп. Мен әжемнің арқасынан түспейді екем. Ауылдың басындағы үйге қонаққа барса да, жылап қалмай қоятын немересін тастап кетуге қимай, арқалап алып кетеді екен жарықтық. Арқасына мініп ап танауыңды жыбырлататын иісті рахаттана жұтып, талай ұйықтаған да шығармын. Осының барлығын тізбектеп айтып бергем кеп кетеді. Ол кісі менің ғана әжем дегім келеді айғайлап. Арасында әжем: «кім мәңгілік дейсің. Атаңның артынан біз де кетерміз» десе, «мен сізді бақпаймын ба?» дейтін ем сенгім келмей. Тағдырға артар өкпе бар ма?!
Ауылдың ортасында тұрған қалың зираттың бұрын шеткісі еді, қазір орта тұсы болып қалған бірдей тұрғызылған қос бейіт ата-әжемдікі. Енді мен бөлек ұйықтайтын болғам. Ағаларым да, бір-бірімен таласуды қойған. «Қара қарғам» дейтін әжемнің даусы құлағымда ғана. Ешкім қазір олай еркелетпейді. Ара –тұра түсіме еніп тұратын, өмірімде ізі, жүрегімде сөзі, құлағымда үні қалған қайран әжемді есіме алып, дұға жасап қоямын.

2 пікір

ulzhankzz
Әдемі жазба… Сағынышыңызды тым болмаса осылай бөлісіп бір жеңілдеп алыңыз.Қайырлы болғай әжеңіздің арты.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.