Қазақ әскері: не жақсы, не жаман?

Айтабер! - танымдық блогтұғыры: Қазақ әскері: не жақсы, не жаман?

Жауапты һәм лауазымды тұлғалардың сөзіне құлақ түрсек, қазір қазақ әскері үлкен өзгерістерге ұшырап жатыр. Сан және сапа тұрғысынан дамыту, әскери кадрды дайындау-іріктеу – барлық бағытта, деңгейде жүргізіліп жатқан жұмыс.

Жеке өз басым көзім көріп, құлағым естіп жүрген дерек-ақпараттың негізінде оң өзгеріс бар деп айтқым келеді, соған сенгім келеді.

Әрине, білдей мемлекеттің тәуелсіз екенін байқататын белгі екіге екіні қоссаң төрт дей салатын қарапайым түсінік емес, көптеген фактор мен себептің қосындысы. Сондықтан, артығы мен кемдігі болары сөзсіз.

Осы сұрақты өзіме ғана емес, өзгелерге де қойып көргім келді. Бірнеше адамға хабарласып едім, жауапты төмендегі үш адамнан ала алдым.

Айтабер! - танымдық блогтұғыры: Қазақ әскері: не жақсы, не жаман?Нұрмұхамед Байғараев, «Алаң» бағдарламасының продюсер-жүргізушісі:

Менің ойымша, бүгінгі Қазақстандық армияның басты бірнеше мақсаты бар. Оның алғашқысы — кәсіби армия құру. Жоспар бойынша, 2016 жылы аталған процес толық аяқталуы қажет. Мақсат жоғары әрі қажет. Себебі кеңестік жүйеден барлық Шығыс Еуропаның елдері бас тартып, келісім-шарттық жүйеге ауысты. Бірақ біздің жағдай не болмақ? Қазірдің өзінде көптеген әскери бөлімдерде келісім-шартпен сержанттардың саны артса да, әскер арасындағы суицид, әлімжеттік азаймай тұр. Өкінішке орай, атылған, асылғандар туралы жаңалық есіту қалыпты жағдайға айналып барады. Оған қоса, жемқорлық өте үлкен көлемде жүріп жатыр. Соңғы 1 жылда 3 генерал құрықталды. Дұрыс жөнделмеген ұшақтардың ақауларының көбеюінің себебін дәл сол парадан көреді білетіндер. Ал офицерлердің үй алудағы, шен берудегі әңгімесі бөлек. Қысқасы, осы факторлар кәсіби армия құруымызға кедергі. Дегенмен, менің көңіліме жылылық ұялатар бір жағдай — Қазақстан қару-жарақтың кейбір түрлерін өзі шығарып, кейбірін Ресейден басқа елдерден алып жатыр. Бұл – Ресейге арсеналдық тәуелдікке түспеудің жолы. Бірақ жақында Шойгу елімізге С-300 әуе қорғаныс кешенінің 5 дивизионын сыйлады. Жылы ескі де болса, әжептеуір арсенал. Ал соңғы ірі әскери қақтығыстар, әуе күресінің шешуші рөл атқаратынын көрсетті. Алайда, енді Қазақстан әуе кеңістігін Ресеймен бірге қорғау туралы Парламенттің шешім шығарғаны шамбайыма батады. Капустин Ярдан ұшқан ракета Сарышағанға түсетіні алаңдатады.

Айтабер! - танымдық блогтұғыры: Қазақ әскері: не жақсы, не жаман?Ербол Азанбек, Kaspi bank баспасөз хатшысы

Қазіргі қазақ армиясының кемшілігі соңғы кездегі жемқорлыққа қатысты фактлердің жиілеуі, жоғары шенді генералдардың пара алды деп ұсталуы, кейбірінің сотталуы әскерге деген сенімді азайтады. Бұл үлкен минус. Имиджіне үлкен нұсқан келді. Генералдар ақшаға сатылатын болса, оқыс жағдайлар туа қалса (соғыс т.б.Әрине болмасын) жағдайымыз қандай болады деген сұрақ еріксіз ойға оралады. Бұл тұрғыда әрине әскердің имиджімен жұмыс істеу керек. Жақсы жағы бірінші әскерге деген көзқарас өзгерді. Бірнеше жыл бұрын әскерге барған бала не мүгедек не табытпен қайтады деген қорқыныш әр ата-ананың жүрегінде жүретін. Келісім-шартпен жұмыс істейтін әскердің қалыптасып, әскери бборыш мерізімінің бір жылға қысқаруы бұл қорқынышты сейілтті. Екіншіден, әскери мамандарды өзіміз дайындай аламыз. Ол Қорғаныс министрлігіне қатысты құрылымдардың барлық сатыдағы мамандарын дайындау мүмкіндігі бар. «Арыстан» әскери мектебі, Бурабайдағы Кадет корпусы, Б.Момышұлы атындағы әскери мектеп, Құрлық іскерлері институты, т.б. әскери оқу орындары қазіргі заманға сай сала мамандарын дайындай алады. Үшінші, әскердің қаржылық жағынан қамтамасыз етілуі өз деңгейінде екенін байқауға болады. Әскери оқу жаттығулардың өтуі, жаңа қару-жарақтың сатып алынғаны туралы ақпаратты жиі оқимыз. Бұл да әскерге деген сенімді күшейтеді.

Айтабер! - танымдық блогтұғыры: Қазақ әскері: не жақсы, не жаман?Назгүл Қожабекова, блогшы

Жалпы, бейбіт күнде әскер туралы айту қиын. Тек оқыған, көрген, естігендеріңнен, қазіргі сарбаздардың жағдайы жаман емес деген ой түйдім. Тұрмыс жағдайын мемлекет жасап отыр, тек еліңе адал қызмет етсең болды.

Осыдан төрт жыл бұрын бауырым әскерге алынатын кезде осы мәселе шықты алдымыздан. Шыны керек қой, жаман уайымдадық. Бұған дейін ағаларым 80-90 жылдары қызмет өтегендіктен, жаңа замандағы қазақ әскерінің жай-күйімен тек жаңалықтар арқылы ғана таныс едік. «Өлтіріп кетіпті, асылып қалыпты...» осы еді ғой естіп, оқитынымыз. Былай, парадтарды да көре бермейтінбіз.

Ініме повестка келген соң, армия туралы көбірек ізденетін болдық. Бастапқыда Қапшағайдағы Аэроұтқыр әскерге алынатын болған. Шошыдық. Кейін Республикалық гвардияға баратын болғанда, «уф» дедік. Не дегенмен, бекзат әскер ғой, артық ештеңе болмайтын шығар деп.

Інім борышын өтеп қайтқан соң, айтқан әңгімелерінен түйгенім, әскердің жағдайы жаман емес. талап та қатал. Яғни, қалай болуы керек, солай болып жатыр.

Дәл қазір, өз айналамдағы әскерге қатысы бар адамдарға қарасам, қоғамдағы әскер туралы пікірлерге қарасам, біраз өсу бар, өрлеу бар сияқты. Оның үстіне, реформалар көбейді, түсініксіз болып кетті. Контрактпен сарбаздарды алу шыққанда, әскердің сапасына алаңдау байқалды. Қанша дегенмен, кәсіби армия деген аннан қашқан, мыннан қашқан емес, бозбала кезінен сол кәсіпке бет бұрып, әскер өнерінің қыр-сырын меңгерген, физикалық дайындығы мықты, психикасы орнында, білімді азаматтардан құралуы тиіс шығар.

Әскери шерулерді көріп жүрміз, бәрі әдемі, бәрі керемет! Қару-жарақ та бар, дайындық та жетеді. Былтыр, тамыз айында Іле полигонындағы «Степной орел» әскери жаттығуларын көрдім. Біраз елден әскер келген екен, біздікі тек Американың сарбаздарынан ғана кем түсіп тұрғандай көрінді. Орталық Азияның басқа елдерінің әскері бізге жету қайда.

Осынлай, достар. Егер өз пікірлеріңізді жаза кетсеңіздер, автор ретінде қуанар едім:)

3 пікір

samarhan
Қытай тулып қырсық шалды айтпегенде отанда туылсам, аскерлер жатағының еденын сұртсемде отқа суға тұсемде, арманым өз елымде әскер болу еды!
MSHERIMBEK
Құдай тілегіңді қабыл етсін, бауырым. Сендей азаматтарға қайда болса да, жақсы кәсіп табылады. Елде қауышатын күн жақын болғай.
samarhan
Йә аға алла қаласа ұрпағым мәңгы өзелынде дәурендейтын болады! Онтан топырағында жасап жатқан қандастарға айтарым өзге елде болу еш қандай маңызы жоқ. мейлы амрйка жапон қытай болсын ,қазақстан нан шығып кеткен соң басқа мемелекет өгей анаданда қатыгез! Жайғана мысал білмың қанша тасып тұрсада қытайда қазақ болсаң қызметке жарамайсың ...қытай өзыңнен топас тұрсада ол сған қарағанда толымды ғалым есептеледы!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.