Өмір - сый

Өмір… Осы бір төрт әріптен құралған ұғымның астарында қаншама мән-мағына жатыр. Бұл сөздің астарына үңіле қарасақ әрқайсымыздың көз алдымызға әр түрлі жағдаяттар, түрлі құбылыстар елестейді. Менің пайымдауымша, өмір ол бір ғажайып сарқылып ағып жатқан дария іспеттес немесе алып асқар тау. Қаншама ғалымдар, қаншама білім адамдары әр саланы зерттеп құпиясын ашса да, ешқандай данышпан өмірдің сыры мен құпияларын аша алмаса керек. Өмір әр адам баласына Алла Тағала тарапынан берілген үлкен сый. Осы сыйды пайдалана отырып, өмірге адам болып келген соң адам боп кету парызымыз.
Қамшының сабындай қысқа ғұмырымызда нендей тірлік атқарып, қандай қызмет жасасақ та өмірдің мәнін ұғына отырып істеу қажет. Әр нәрсенің қадірін түсініп, барлық істі бағамдап, ақылға сала отырып атқарсақ игі болар еді.
Өмір деген бірнеше жылдардан құралған кішкентай ғана дүние. Сол жылдардың ішінде миллиондаған минуттар мен саны шексіз секундтар бар. Сол әрбір күніміз бен түніміздің минутымыз бен секундымыздың қадірін түсіне отырып әр күнімізді сый деп ұғып өмір сүрсек ғажап болары сөзсіз.
Дүние үш күндік: кеше, бүгін ертең. Кешегі күн өтті, ертеңгі күн келе ме белгісіз, олай болса бүгінгі күнді қадірлей білейік демей ме данышпан ғалымдарымыз. Біреулерге қысқа, біреулерге ұзақ өмір нәсіп етіледі. Ол – Алланың заңы, сондықтан оны еншілей алмаймыз. Алайда қысқа ғана ғұмырында он сегіз мың ғаламға жарқ еткен жұлдыздай өшпес із қалдырған қаншама ғұламаларымыз бар. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың:
Пай-пай өмір, өтесің-ау бір күні
Тыясың-ау қуанышты күлкіні
Өмір деген бір жарқ еткен найзағай
Өмір деген көк аспанның күркірі, — деп өмірдің шексіз емес екендігін мына өлең жолдарынан ұғынуға болады.
Пенде болып өмірге келгеннен соң адамның ойын сан түрлі ойлар жаулап санаңа маза бермейді. «Өмірдің мәні неде», «мен нестеп жүрмін?», «кім болам?», «өмірдегі мақсатым не?» Осы сынды сұрақтар кез келгеніміздің санамызда жүретіні рас.
Өмір – жалған дүние. Өмір өткінші. Өтеді де кетеді. Бәрі уақытша. Азғантай ғұмырымызда саналы істер атқарып, сары уайымға салынбай саралап әрбір уақытыңда бағалап, қолымыздағының қадірін біліп ғұмыр кешкеніміз абзал. Сонда ғана бақытты өмір сүретініміз рас.
Бұл менің жүрегімнен шыққан жанды сөздер мен тұшымды ойлар деп ойлаймын. Дегенмен таразылау сіздің еншіңізде.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.