Ақжарқын келбетің есімізде мәңгіге қалды, Ақжол!

Есте қалған ескірмес естеліктер… Аққұба келген ақкөңіл ғана Ақжолтай! Оның ақжарқын келбеті мен ақсия күлетін екі езуі естен өшпес, сірә. Қашанда кез келген нәрсеге жанын бере даяр тұратын оның пейілінде шек жоқ еді. Кейде оңаша қалжындап, қазір осындайсың, қартайғанда қандай болатыныңды, қайдам деп күлетұғынмын. Ақжол өзгелер секілді өзінің икемі келетін нәрсені емес, керісінше өз күші жетіңкіремейтін іске көп ұмтылатын. Дос болып кейде соған күйіне сойлесем, қолын бір-ақ сілтейтін. Онысы сөз таластырып жатпайын дегені еді. Факультеттегі алғаш дәрістерден бері жолдас болдық. Журфактың белсенділері болып, бірінші курстың өзінде студенттер мәслихатын бірге басқардық. Қағаз жүзінде көмекшім болғанымен керісінше еді. Ол төраға мен көмекшісі секілді. Бірге жүріп атқарған талай шаралар естен өшпес. Басшылық болған жерде бітпес қағаздың болары анық. Өткізілетін іс-шараның қағазына енді-енді мөр басқызып жүргенде, Ақжол оны бастап кететін. Ол оның қазақылығы еді. Айтылған нәрсенің сол жерде қалғанын жаны сүймейтін. Оған өзі қаламаған нәрсені мәжбүрлеп жазғыза да айтқыза да алмайтын едік. Кесіп бір айтады, одан кейін саған бұрылып та қарамайды. Осының мәнісін бір шәй ішіп жайбарақат отырғанда сұрасам, «қызықсың, мен бұрылып қарасам сен әлі де болса көндірем деп үміттеніп қаласың» деп қабағын шытатын. Оның бұл мінезі қызық еді. Ақжарқын келбетінен оның ашуы білінбейтін, қабағын түйе алмайтын ол. Ол өзгелер секілді ашуланамын деп қабағын айқастыра маңдайына көтеріп алатын. Содан кейін саған қарап тұрып сөздерін бөліп-бөліп ашып айтатын, бұл Ақжолдың ашулана сөйлегені. Мен үйден жырақ жүргендіктен кейде көңілім құлазып отбасымды ойлап қамығып қалатынмын. Ондай нәрсені көп ешкімге сыр білдірмей жасырып жүретінмін, сондағы Ақжолдың бауырмалдылығы мені таңқалдыратын. Ішіңдегіні айтқызбай қоймайтын. Бар өкпе-назымды айтып болған соң сонда да оған қалжыңдап осы сен түбі шоумен боласың деп қоятынмын.
Марсьянин… Оның кейіпкері… Ақжолдың ұнататын кейіпкері еді… Сыртқы саяси насихат деп аталатын Мұрат Шаймаран ағайдың сабағынан жазып келген портреттік очеркінің кейіпкері. Ақжолдың кейіпкері Марсьянин ешкімге титімдей зияны келмейтін, өтірік пен өсекке жаны қас, ізгілікті ұстанатын ортаның жаратылысы. Бұл Ақжолдың жаны жақын нәрсенің сұлбасы еді. Оны бәрі ойланбай ойын ашық айта салады бір отбасының жалғыз ұлы дейтін. Рас та болар, алайда мен біліп таныған досым Ақжолдың ойындағы нәрселер тыңның тыңы еді.
Мен білетін Ақжол телевизия десе ішкен асын жерге қоятын Жидегүл апайша айтқанда «майталман» еді. Оның ішінде тікелей эфирдің құрылымын зерттеп білуді мақсат ететін өзіне. Түсірілімге шыға қалсақ, камераның ракурсын қойып, әдемі түсті деп қуанып қалатын. Ақжол шығармашылық арқылы пайда көруді ойлаған емес, өзге замандастар нәпақа табу, шәкірақы алуды ойласа, ол өзі жазып сол дүниесіне өзі риза болып рақаттанатын. Ақжол өзін емес достарының жақсысы мен жетістігін айтып мақтанғанды ұнататын. Өзін айтып мақтанғанын көрген емеспін. Олай дейтін себебім, қасында қанша бірге жүрсем де алғашқы оқу семестрі біткенше оның сонау Венгрияға барып ғылыми жобасын қорғап, министрліктің тегін білім грантын жеңіп алғанын факультеттегілердің баршасы білсе де мен білмеппін. Оған неге айтпадың деп қынжылғаным да бар. Сондағы оның жауабы «жә, сен сияқты «алтын белгі» қорғаған ештеңем жоқ» деп кері мақтай салғаны еді.
229-кабинет… Жанынан өткенде Ақжолдың осы кабинеттің кілтін әкеп ашқаны түседі. Кеудесін мақтаныш сезім кернеп, алайда соны езуіндегі риясыз күлкісімен жасырып тұрған. «Қазір мамам келеді, кабинетіңді көрем дейді»деп шыға жөнелді. Мен аң-таңмын. Сәлден соң мамасы мен әпкесін ерітіп ішке енді де өзі тағы шыға жөнелді. Амандасып ол кісілермен танысып жаттым. Сол уақытты қазір ойлаймын, Ақжолд қуанышын қойнына сыйдыра алмай сыртқа шығып кеткендей. Себебі ол азамат еді ғой тікелей мақтанып айтпайтын.
3- курс… Журналист этикасы. 2-3 кабинет. Римма Жақсылықбаеваның сабағы. Он қыздың ортасында Ақжол мен Ақсұлтан. Мен сабақ тапсырып жатырғанымда сөз ортасында: «Осы журфак біз үшін қазір этика сақтайтын орындардың бірі. Этика эстетика туыс ұғымдар болғандықтан бөліп жарып қажет емес. Мен байқайтын алысқа бармайын курстастар арасында Төлеген Нұрланды айта аламын үнемі ортада өзін костьюм мен галстукпен ұстап жүреді. Жанына барсаң кішкене өзіңді де жөндеп,қыз екеніңді сезініп реттеле бастайсың» дегенмін. Сол кезде жанымызда Ақжолдың қыстық жемпірмен отырғанын байқамаппын. Келесі аптада сол сабақ басталмас бұрын дәліздн кездескенбіз. «Медведь, бер кел бері» Артқа қарап тұрсам да, оның Ақжол екенін біліп тұрмын. Өйткені ол ғана солай атайтын мені. Жанына бардым, түйілмейтін қабақтарымен қарап, «Қалай өзіңді қыз сияқты сезіндің бе?» деді. Анықтап қарасам, галстук костьюммен киініп алған екен. Сол кезде түсініп, екеумізде күле салдық та асығыс қоштастық. Сол күн сәрсенбі, біздің соңғы рет амандасып, соңғы рет қоштасқан сәтіміз екен.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.