Кіндік туралы не білеміз?

Қазақ салт-дәстүрлері /
Бұл күнде қыздарымыздың белдері ашық-шашық жүреді. Бүйректеріне суық тиетініне, бүйректің суықты бірден қабылдайтын өте нәзік әрі сезімтал мүше екенін білмейді. Кіндікті көрсетіп жүргенді сән көріп жүрген қаракөз қыздарымыз жетерлік. Ал біздің қазақ кіндікті өте қасиетті деп санаған. Бұрын ұл баланың жолдасын — алты қырды асырып, ал кіндігін табалдырықтың астына көмген. Әжелеріміздің «табалдырықты баспа» дейтіндері сондықтан. Ұл — шаңырақтың иесі, елін-жерін қорғайтын ертеңгі азамат, болашақ жауынгер әрі түздің адамы. Ал қыз баланың жолдасын да, кіндігін де оттың басына көмген. Олай болатыны, ол — қай жерге бармасын, қазан-ошаққа ие болар болашақ келін, ұрпақ өрбітетін болашақ ана. «Оттың басына түкірме» дейтін тыйымның мәні осында жатыр. Жетпіс жыл бойы біздің кіндігімізді кім кеспеді, түскен кіндіктің қайда тасталғаны да бізге белгісіз. Күл-қоқысқа лақтырылып, ит пен мысық жегендіктен де, бірімізді біріміз тыңдамай, сөзімізді көтере алмай, итше ырылдасып жататынымыз осыдан болуы да мүмкін ғой… Кім біледі… Былай қарасаң, кіндік — соншама қадірлеп әрі дәстүрлеп көметіндей емес, тырнақтай тері. Бірақ ата-бабаларымыз кіндікке соншама мән беріп, қасиетін бағалағандықтан да жаужүрек ұлдары, үлкеннің алдынан кесіп өтпеген ибалы келіндері болды. Ата-бабамыздан бізге осыншама кең-байтақ жер қалуының бір сыры осында жатса керек. «Кіндік қаны тамған жер» деп те айтып жатамыз… Қалай десек те, бұл негізсіз емес. Бұл күндері, Құдайға тәубе, баланың кіндігі түспей жатып үйге шығарып жібереді. Белгілі себептермен перзентханада ұзағырақ жатып қалса, кіндікті сұрап алып, адам аяғы баспайтын ағаштың түбіне көміп тастайтын отбасылар қатары көбейіп келеді.
Бірақ бір өкіндіретін жайт — дұрыстап түсіндірілмейтіндіктен, белін жалаңаштап, кіндікті көрсетіп жүретін қыздарымыздың қатары көбейгендігі. Бұл қыздарымыз өз денсаулықтарына үлкен зиян келтіріп жүргенін білмейді, жете түсінгісі де келмейді. Бұрындары жігіттерге қыздардың қолынан ұстау арман болса, бұл күнде керісінше, құпия қалмай бара жатыр. «Қытығы кетеді» деп ұяттың жоғалатынын ескеріп, қолын беріп амандаспаған қазақтың қылықты қызы бүгінде кіндік көрсетіп жүруге ұялмайтын болды. Бұған қазақ қызының ұяты деп қана емес, бүкіл бір ұлттың болашағы деп қарайтын кез келді. Ұлттық намысты, қазақ қызының санасын оятатын кез жетті…

15 пікір

Korkem
Жақсы жаздыңыз, негізі аурудың бәрні ашық тұрған кіндіктен келеді дейді…
Baha_07
Ағасы жақсы ой қозғадыңыз, рахмет сізге! Мата жетпегндей тыртыстырып киіп алатынын түсінбейм осы…
konvict
Мен әсіре ұлтшыл болғым келмейді. Маған кіндігі ашық, мини юбка киген қыздар ұнайды. Сондықтан, қазірше мен үшін қазақ қызының қамын ойлау әлі ертерек
Jako
Жастықтың әсері болар, бірақ пікіріңді ашық айтқаныңа ризамын.
Qarakerey
нәпсіңе ерген біреу екенсің! Ұялмайсың ба? сенің қарындасы я әпкең жоқ па?
Jako
Бұл кімнің адресіне, Каракерей?
AKA
Конвиктке айтып отыр, аға, Сізге ризамын, осындай тақырып қозғаған.
Jako
Жастарға сәл де болса ой салсақ сол да жетеді.
AKA
Бәрекелді, қолдаймын ғой Сізді, қос қолдап!
konvict
Жүктібайымайд, нәпсіме ергеніме өкінбеймін.
Baha_07
«Мақтанға салынба, мансаптың тағы үшін. Нәпсіңе билетпе, басыңның бағы үшін» деген Шәкәрім атамыз…
konvict
Бұл жерде билету мен ерудің арасында ешқандай ұқсастық көріп тұрғаным жоқ
Baha_07
Сонда қандай айырмашылық бар екен? Екеуі бұл жерде бір мағынада айтылып тұр.
Үйдегілер көбіне осындай ырымдарды айтатын еді мағынасын біле бермейтін едім. Жақсы жазылған. рахмет. Жастар көкейге түйіп жүрсе екен.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.