Қамшы және қамшыгер

Қазақ салт-дәстүрлері /
Қамшы ат көлік, мал айдауға арналған жабдық. Қорғануға, қарсыласын алып жығуға арналған сық қару. Қамшыгерлік қорғана білетін және жауын жайратып салатын машық. Көшпелі мал шаруашылық, тірлік салтына байланысты ат көлік мінетін ер әйелдер түгелімен қамшы ұстайды. Өзіне лайық, өзіне тән қамшылары болады. Көлікке мінгенде қамшысы қолында, қонышында, білегінде, белінде, тақымында, ерінің алды артында, үстінде ілулі тұрады. Қарбаластықпен ауызға да тістеліп тұрады. Үйде, керегенің басында, көгінде, сыртқы дәдеге мен белдеуге немесе ашада қыстырулы тұрады. Қарбалас кезде жабық киіз сырмақ астында, тіпті, тізесі астында жатады.
Ертеректе қазақ халқында салт бойынша қамшыны қолға ұстап, үйге кіру пәленің басы саналатын болғандықтан, сырт адамдар қашанда қамшыны үй сыртында, ат үстінде қалдырып кіретін болған. Қамшымен үйге кірген адам ауыр сөгіс естиді не айыпқа тартылады.
Қамшы арқылы жауынан қорғана алатын не жайратып салатын адамдар қамшыгер атанады. Қамшы көп сәтте ат үсті шайқастың қаруы. Қамшыны бір ұрғанда дәл тигізіп және айтылған шарттарды бұлжытпай орындаған адам қамшыгер атанады.
Жабдық және қару ретінде ұсталған қамшының ұрылуы мен тиюіне қарай қамшы үйіру, қамшылай білу, қамшымен жасқау, сипай қамшылау, қамшылай батыру, орай тарту, шықпыртып жіберу, көсіп жіберу, баса тарту, серпе тарту, салып жіберу, тартып жіберу, тіле тарту, көстите салу, шекесін шеруен аттандыру сияқты сөздер арқылы қамшының қалай ұрылып, қалай тиген зардабын білдіреді. Қай жерден қалай ұруға байланысты қамшы теседі, тіледі, сызады, осады, көгертеді, өлтіреді, езеді, жаралайды, сындырады, мерт қылады. Жан жануарлардың, адамның талмау және осал жерлері болады. Адамда шеке, самай, құлақ шеке, маңдай, көз, қастық, тоғыз тарау шынтақ, қызыл асық, аяқтың үсті. Ит пен қасқырда қара тұмсық, бура, айғыр бұқаларда қасқандамай, орай тұсы талмау және осал жерлері саналады Қай жерінен ұруды қамшыгерлер өзі таңдап алады. Немесе қарбалас сәтте қай жері орайлы келсе, сол жерден ұрады

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.