Бата

Қазақ салт-дәстүрлері /
Бата жақсылық пен игі ықыластың, ақ тілектің айғағы. Бата сұрау өзі қалаған адамнан ықылас пен ризалық, жақсы тілек пен жарасымды алғыс сұрау деген сөз. Қазақ халқында үйіне келген қонаққа барын беріп, сыйлы қонағына бір малын көлденең татып, батасын алып соятын салт бар. Үй иесі малын әкеліп қонағына "Әумин" деп қолын жайғанда, қонақ та қолын жаяды.
Ежелгі заманда түрік тектес халықтар батаны бата демей алғыс деп атаған. Батаны алтайлықтар «алғыш»,«алкыш», татарлар «алкыш», ұйғырлар «алкиш», тувалықтар «алгыш»,«алгыж», якуттар «алгыс» деп атайды.
Бата берудің өз жоралғысы ертеден қалыптасты. Бата беру өте құрметті іс деп саналады, өйткені бата, қасиетті сөз деп есептелінеді. Бата айтыларда бата тілеуші адам немесе жамағат алдымен алақанын жайып, ишарат білдіруі тиіс. Ақсақал қауым әуезді үнімен мәнерлеп, киелі кейіпке еніп, бар ынтасымен өлеңдетіп бата береді. Бата аяқталған кезінде, жиналған қауым бір ауыздан "әумин" деп қайырады. «Айтсын», «Айтқаның келсін» деп бет сипап, ырыми қимылмен жасайды.

1. Сұрасаң бата берейін,
Үстем болсын мерейің.
Ықыласпен қол жайсаң,
Ақ тілекті төгейін.
Дастарханың мол болсын,
Абыройың зор болсын.
Көре алмаған бағыңды,
Сындыра алмаған сағыңды,
Дұшпандарың жер болсын.
Өмірің өрлей берсін,
Жүргенде жолың болсын.
Жолдасың қыдыр болсын
Алаға ісің жақсын,
Есігің қыбылға бақсын.
Дәулетің судай тасысын,
Шаппай қылышың кессін,
Отбасың басқа толсын,
Қазаның асқа толсын,
Өрісің малға толсын,
Ел жұртың аман болсын,
Бақытты заман болсын,
Үйіңе береке кіре берсін,
Бала шағаң, туыстарың
Бақытты өмір сүре берсін.

2.Жас отау құрғандарға;
Сезімнің пәктігін берсін,
Көңілдің ақтығын берсін.
Жылулы отбастарыңа
Сәбидің шаттық үнін берсін,
Пейілдерің тарылмасын,
Есіктерің жабылмасын…
Дау жанжалдан сақтасын,
Асып тасқаннан сақтасын…
Өмірлерің бал болсын,
Отауларын елге сән болсын…
Әумин!

8 пікір

qyrmyzy
Батаны тұрып та, жүріп те беретін болды. Бата бергенде алақан жаю да өзгеріп кетті. Тойларда, әсіресе, бата емес еске алу болып кетеді. Очм, түсініксіз...
yesbolat83
Әр уақыттың ағымына қарай бата секілді үрдістеріміздің өзгеріске ұшырауы заңдылықпа деп қалам кейде. Бірақ, батаны өз тәртібінен шықпай, бата сұраушыларды еліктіріп жіберетіндері де баршылық.
qyrmyzy
Бата деген бата ғой қанша дегенмен
yesbolat83
Жазба жақсы жазылған. Бір-екі бата қосып жібергеніңізде құлпырып кетер еді.
m170785
Есеке Асығыстау жазып едім, батаның екі түрін жаздым.
yesbolat83
Жаттап алу керек екен. Иншаллаһ, ақсақал боп, бата сұрағандар алдында масқара болмау үшін. :)))
sultan_yerkebulan
Жалпы әрбір адамның білуі керек дүниені жазыпсыз, толықтыра түскенде нұр үстіне нұр болатын еді
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.