Бас тарту.

Қазақ салт-дәстүрлері /
Мақсаттың "Қазақтың ұлттық ет тағамдары"-деген постындағы пікірінде Манас маған,«Жәке көп рахмет, жақсы түсінік бердіңіз, енді қазақтың табақ тарту дәстүрі, оны турау, бас ұстау жайлы өзіңізден бір жақсы пост күтіп отырмыз, басты өзіңіз ұстап бәрімізге бөліп берсеңіз (біздерге қойдың құлағы да жарайды), Бір жағынан әзіл, түсінікті болады дегенім ғой»-деген інілік наз айтқан екен, сөзін жерге тастай алмадым.
Ата-бабаларымыз ас ішуді, болмаса ас беруді тек қана қарын тойдырып нәпсі басу ғана деп ойламаған, оны тәрбиелік мәнмен ұштастыра отырып, сол арқылы жастарға бағыт-бағдар беріп отырған. Мен бүгін соның бірі дастарханда бас кімге тартылады(ұсынылады) деген сұрақтың төңерегінде әңгіме қозғайын. Дұрыс деген жерлеріңізді қабылдап,қате деген тұстарыңызды толтырады деп үміттенемін. Сонымен малдың басын қазанға салмас бұрын тазалап дайындайды. Ірі қараның басы бүтін асылмайды, оның тұмсығын шауып, бас екі шекеге бөлінеді. Бір аймақтарда ірі қараның бас терісін іреп алып тастайды, енді бір аймақтарда үйітіп тазалайды. Сонымен ірі қара малдың басы асуға дайын, бұл жерде ескеретін нәрсе басты тазалап жүргенде миын шашып алмау керек. Асылған шекенің миы орнында болмаса ол әбестік саналып, сол үйдің отанасына сын айтылатын(олақ, икемсіз, салақ дегендей) болады. Ал қой, ешкінің басының жұмысы көптеу. Басты әбден тазалап үйіткеннен кейін, мүйізі болса қағып, онан соң жуып алу керек. Одан ары қарай басты жағынан ажыратып, тісін қағып тастайды да, тұмсығын төмен қаратып сілкіп сумен кеңсірігін шаяды. Онан соң көзін пышақпен шұқып қарашығын ағызып тастау керек. Егер көз қкрашығын ағызбаса бас қайнағанда көз қаршығы тас болып қалады, ал көз кәделі мүшенің бірі. Міне осы процедуралардан кейін ғана басты қазанға салады. Бас пісіп дастарханға жол тартардың алдында екі құлағының бірін кесіп алады(екі құлағымен едірейіп дастарханға бармайды), маңдайы қасқаланады(ол құйқаның піскен-піспегені анықталғанын білдіреді), содан соң ғана ұсылынады.Ал енді осы сайттың үлкені мен болғанан соң бас маған тиер деп отырмын, олай болса бас қалай ұсталатынын байқаңыздар. Бас тартылатын адам сол дастархандағы үлкен, силы, қадірлі(ауыл қариясы,әулет үлкені,құда т.с.с.) адамдар болуы керек. Басты ұстаудағы мақсат бас салып аузы-басын май-май қылып қарын тойдыру емес, ең бастысы сол бастан айналасындағыларға ауыз тигізу арқылы әркімнің жолын, орнын айқындап беру болған. Ас қайырылап бас алғанан соң бас ұстаушы қария, яғни мен, бастан ауз тиемін дағы жан –жағыма ауыз тигізе бастаймын.Бастың бір жақ жартысын бүтін қалпында қалдырып, келесі жақ жартысынан кесіп алып ауыз тигізеді.екі көзі алынған бас сол жерден тоқтап ары қарай жағалатылмайды,«Көзсіз бас жүрмейді»-деген осыдан қалса керек.Бұл сол бастан ас иесіде ауыз тисін, соған дейін жетсін деген ниеттен туындаса керек.Сонымен:
1. Құлағын алып,«Құлағың түрік болсын, үлкендердің айтқан жақсы сөздерін, ақылдарын қағып алатын бол»-деп осы сайттағы кішіміз Рауанға ұсынамын.
2. Бір көзін ойып, «Мәке, Айтаберде әңгімеміз жарасатын жігіттердің бірі едің»-депМанасқа ұсынар едім.
3. Желке құйқасынан бір кесіп алып, « жаста болсаң Айтабердің басы, басшысы өзің,әрдайым желкең қүжірейіп тұрсын»-депСадыққа асатар едім.
4. Таңлайын алып, «Ән айтуға құмартып жүрсің, таңлайы тобарсымайтын әнші бол»-деп осы сайттағы әншіміз Сағынышқа(Пари) ұсынар едім.
5. Езуінен кесіп алып, майдалап турап « Езулеріңнен күлкі, жүздеріңнен қуаныш кетпей сайт көркі болып жүре беріңдер»-деп Дельфина, Көркем,Қырмызы, Ака, Майрош, Көршінің қызы т.с.с. қыздарымызға ауыз тигізер едім дағы, бастың қалғанын «Сендер де бас ұстайтын жасқа жетіп, силы азамат болыңдар»-деп Мақсат, Жанат, Ереке, Нұрбол, Ербол, Нұржол, Мади, Жомарт, Есболат.Қайырбек, Жұртың баласы т.с.с. жігіттерге ұзатар едім.
«Ал енді Айтаберліктер астарың дәмді,өмірлерің сәнді,әрбір күндерің мәнді болсын»-деп бата берер едім.
Бұған не дейсіңдер.

(Суреттегі екі бас та дұрыс тартылмаған, бірінің бір құлағы кесілмеген екі құлағымен едірейіп тұрса, екіншісі ет табақпен қоса тартылған, дұрыс сурет таппадым))

Аты аталмай қалғандардан кешірім сұраймын, бәрін жазу мүмкін емес екен, болмаса дастарханда бәріміз отырмыз.

11 пікір

zhurttyn_balasy
Бастарың дәмді болсын
Сонау бір заманда көрі әжейдің құдығына қоқыс лақтырып жібергенім үшін көрші әжей дымымды қоймай қарғап еді. Қарғаса қарғағандай екен. Осы жасқа келгенде бастан ауызтимей қалғаным соның салдары ма деймін
Jako
Кешір, бәрің де барсың «тағы да сол сияқты жігіттерге»- деп көрсеттім ғой, бәріңнің атыңды жазу мүмкін емес қой, түсінші мені.
zhurttyn_balasy
Миынан беріңдерш ең болмағанда
Jako
Жарайды, жарайды міндетті түрде, мипалау тартылады ғой.
акеме узын омыр берсын! о кысы турганда бастан даметпеймыз да
yesbolat83
Жако аға, көп рахмет, көөөп нәрсе үйреніп қалдық. Дастархандас боп сіз ұсынған бастан ауыз тигендей күй кештік.
«Ал енді Айтаберліктер астарың дәмді,өмірлерің сәнді,әрбір күндерің мәнді болсын»
Әмин.
VVVWWW
Басты ұстаудағы мақсат бас салып аузы-басын май-май қылып қарын тойдыру емес, ең бастысы сол бастан айналасындағыларға ауыз тигізу арқылы әркімнің жолын, орнын айқындап беру болған
Жақсы айтылған сөз, тамаша қылып жазыпсыз, шынымен де бір дастарханда отырғандай күй кешіп қалдық
Auyldan
Басты дастарханға тарту әр аймақта әртүрлі ғой. Біздің батыс жақта бір құлағын кесіп алмайды, басты солайымен тартады, көзін де теспейді. Қояр алдында маңдай құйқасын айқыштап тіледі, «төрт құбылаң түгел болсын» деп. Дастарханға ер адам әкеледі.
Jako
Әр аймақтың өз ерекшеліктері болуы мүмкін нәрсе ғой, ең бастысы тәрбиелік мақсатта болғаны деп ойлаймын.Бас ұстауға таласпаудың өзі үлкенді силаудың басты белгісі емес пе? Мал басын қадірлеуіміздің өзі қазақ халқының сол төрт түлікке деген құрметінің көрінісі екендігінде.Мысалы көршілеріміз өзбек халқы етін пайдаланғанмен басты тастай салады, ал қырғыздар басты балаға береді дегендей толып жатыр ғой.
yesbolat83
өзбек халқы етін пайдаланғанмен басты тастай салады, ал қырғыздар басты балаға береді дегендей толып жатыр ғой.
Қызық екен. Естімеген елде көп дегендей.
qyrmyzy
Рахмет, Жако аға. Реалда бас жеуді жазсын:)
Негізі, көзді ел ұстайтын кісіге беретін көрінеді. Елге оң көзбен қара деген мағынада. Ал құлақты шетте жүрген кісіге береді, біздің елден хабардар болыңыз деген ниетпен.
Әкем басты бәрімізге ырымдап, жақсы сөздер айтып үлестіреді. Кішкентай кезімізде тілдің ұшын беретін әнші бол деп:) Миын бәріміз бөліп жейтінбіз.
Негізі,әкесі бар кісіге бас ұсынылмайды екен.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.