Шежірені менсінбеу– қазақ халқының тарихын менсінбеу

Қазақ салт-дәстүрлері /
Қазақ тарихын жазғанда түрлі елдердің мұрағаттарындағы көне деректерді ғана аршымай, ел ішінде қалған көнекөздердің де айтқандарына құлақ түрген жөн. Ел жылнамасы әр рудың, әр әулеттің, әр атаның ауыздан ауызға көшіп келе жатқан ата тек шежіресі арқылы да жасалған. Ұлт тарихын жаңаша зерделеп жатқан осы кезімізде тарихшыларымыз мұны да қатаң ескере жүргені жөн. Өйткені, қазақ тарихын рулар шежірелер тізбегінсіз бүтіндеу мүмкін емес.Қазақ салт-дәстүрлері: Шежірені менсінбеу– қазақ халқының тарихын менсінбеу

Шежіреге байланысты ойын тарих ғылымының докторы, профессор Талас ОМАРБЕКОВ былай деп түйіндейді:
–Кеңес үкіметіне дейінгі яғни Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіптің кезеңінде жазылған шежірелер бар ғой, Тынышпаев жазды. Бұл шежірелер қазақ деген халықтың тарихын шынайы жазу үшін жазылған болатын. Шынында да, қазақ халқының тарихын шежіресіз жазу мүмкін емес. Әрине, шежіре деректерін басқа деректермен салыстырып пайдалану керек. Өкінішке қарай, қазіргі кезде біз біріншіден, қазақ деген халықтың тарихын жазуда немқұрайдылық танытудамыз. Біз мемлекеттің тарихын жазумен айналысып келе жатырмыз. Соған құмармыз. Қазақ хандығының, ордалардың, қағанаттардың тарихын жазамыз. Ал ол қазақ халқының тарихы емес қой. Ол саяси тарих, шын мәнінде. Ал этникалық, қазақ халқының тарихы жазылуы үшін ру, тайпаларды жазуға тура келеді. Ал одан біз қашамыз. Сондықтан да кәсіби тарихшылар шежірені менсінбейді. Бұл – рушылдықтың көрінісі деп қарайтындар да бар. Екіншіден, шежірені шынайы тарихи шындықты бейнелемейді, дерек болуға жарамайды деп қарайтын бізде тарихшылар бар. Еуроцентризммен «ауырған» осындай тарихшылар шежірені еш уақытта өз еңбектерінде пайдаланбайды. Шежірені менсінбеу деген сөз – қазақ халқының тарихын менсінбеу ғой, жоққа шығару. Осыны біздің тарихшылар түсінбей қойды.
Жазып алған Дәулетқали АСАУОВ
Дереккөз: Baq.kz

6 пікір

yesbolat83
Алғаш естуім менсінбейді дегенді. Менсінбесе менсінбей-ақ қойсын кейбір тарихшылар. Әрбір рудан өз руының шежіресін қастерлеп, сақтап, толықтырып (дүниеге келген ұрпақтарымен)отыратындар туады. Олар ата-бабаларының есімдері жазылған осы құнды дүниелерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізеді. Шежіре рушылдыққа бөлінудің көрінісі емес, ол — ата-бабаларының қасиетті есімдеріне деген сыйластық.
Jako
Осыған дейінгі тарих оқулықтарының (КСРО кезіндегі КПСС тарихы,Қазақ тарихы, Жалпы тарих т.с.с)
негізгі желісіұлттық емес, мемлекеттің даму сатысы екеніне дау жоқ қой. Ал енді қазір тарихшыларымыз жаңа тарих жазу үстінде, міне осы бір жауапты сәтте тағы да сол баяғы әуенмен миллиондаған жылғы қазақ тарихы жұп-жұқа кітап болып(Ежелгі қазақ тарихы деген оқулық есіңде болар), ал егеменді Қазақстан тарихы бірнеше том болып кете ме деген күдік қой. Егеменді Қазақстан тарихы кімді мадақтайтыны белгілі емес пе, тарих емес өмірбаян болып кетпесе жарар еді.
yesbolat83
кімді мадақтайтыны белгілі, ол-ардақты елбасымыз
Jako
Елбасының сіңірген еңбегіне мадақтау болғанына қарсы емеспін, бірақ біздің жағымпаз ТЖ-лар бәрің құртама деген күдік қой.
yesbolat83
Жако ағай, шежіреге не себепті қыз балаларының есімдері кірмейді? Ұрпақ жалғастырушы ұл болғандықтан ба?
Jako
Дұрыс пайымдайсың Еске,қыз бала басқа руға тұрмысқа ұзатылады емес пе, демек одан туған ұрпақ сол ру қанына тиісті, сол руды жалғастырушы болады.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.