А.Мырзахметов Атырау облысына жұмыс сапарымен барды

Іс-шаралар | Пресс-релиздер /

Онда партия белсенділерімен жүздесіп, партияның алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ облыстық филиал ұжымына нақты міндеттер жүктеп, тапсырмалар берді.
Атырау қалалық «Салтанат сарайында» өткен партияның облыстық активімен кездесуге филиал төрағасы, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, филиал Саяси кеңесі және Бюросының мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйым өкілдері, филиалдың жауапты қызметкерлері қатысты.
Кездесуде облыстық филиалдың атқарып жатқан жұмыстары жайлы баяндалды. Әріптестерінің партия жұмысын жетілдіруге байланысты ұсыныстарын тыңдап, жиынды қорытындылай келе, Төрағаның Бірінші орынбасары филиал жетекшісіне бірқатар міндеттер жүктеді. Ең алдымен, бюджеттік қаражаттың тиімді жүмсалуын бақылау мәселесі баса айтылды. Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылған бағдарламалардың орындалуын, яғни бөлінген қаржының мақсатты түрде әрі тиімді жұмсалуына партиялық бақылауды жолға қою қажеттігін атап өтті.
Оған қоса билік партиясы өзінің Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттардағы күш-әлеуетін де барынша қолдануы мәселесі талқыланды. Яғни мәслихаттағы депутаттық фракциялар арқылы жергілікті жерлерде қарапайым халыққа қиындық тудырып, өндірістің, ауыл шаруашылығының, шағын және орта бизнестің дамуына кедергі болып жатқан мәселелерді анықтап, партияның Мәжілістегі фракциясы арқылы заңнамалық құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі көтерілді.
Халық сенімін нығайта түсу үшін қоғамдық қабылдаудың жұмысы барынша жетілдіріліп, ықпалы арттырылатыны айтылды. Бірінші кезекте халықтан түсетін өтініш-тілектердің әрқайсысын мұқият зерделеп, мүмкіндігінше жедел шешу және дер кезінде жауап қайтару қамтамасыз етіледі. Жыл сайын қоғамдық қабылдауларға келушілердің арта түсуі бір жағынан «Нұр Отанға» деген халық сенімінің артқанын көрсетсе, екінші жағынан бұл көптеген проблемалар өз шешімін жылдар бойы таба алмай жатқанының да белгісі болып табылады. Соған байланысты істің нәтижелілігі келіп түскен өтініштер көлемімен ғана емес, қарапайым тұрғындар мәселелерінің қаншалықты түбегейлі шешімін тапқанымен өлшенетін болады. Ол үшін арыз-шағымдар жан-жақты талданып, өтініштің қандай себеппен түскені, ондағы баяндалған мәселенің шешімі қандай мемлекеттік органның құзіретінде екені айқындалып, соған сай халықтың мәселесін нақты шешудің тетіктері іздестіріледі.
Алдағы уақытта партия жұмысында жастар саясатына да айрықша көңіл бөлінбек. Ендігі жерде «Жас Отан» Жастар қанатының жұмысы практикалық тұрғыдан жүргізіледі. Бұл үшін жастар саясаты саласындағы барлық бағдарламаларға талдау жүргізіп, олардың тиімділігін бағалап, жүзеге асыруға белсене атсалысатын болады.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы идеология мен жұмысты барлық деңгейдегі, оның ішінде жергілікті жердегі партиялық құрылымдарды тарта отырып күшейтіледі.
Сапар барысында Төрағаның Бірінші орынбасары сондай-ақ «Атырау мұнай өңдеу зауытына» барып, мұнай саласындағы бастауыш партия ұйымдарының мүшелерімен кездесті.
Облыста тіркелген 140 бастауыш партия ұйымдарының ішінде Атырау мұнай өңдеу зауыты ұйымы үздіктердің қатарында. Оған қоса алғашқы өнімін 70 жыл бұрын бере бастаған мұнай өңдеу зауыты биыл өз мерейтойын атап өтуде. Жиналғандарды бұндай мерейлі мерекелерімен құттықтаған Асқар Мырзахметов партиялық қызметте бастауыш ұйымдардың орны ерекше екенін атап өтті. Республика бойынша 5700 бастауыш партия ұйымы – бұл партияның басты күші, жергілікті халықпен тығыз байланысының басты қайнар көзі болып табылатынын да баса айтты. Сонымен бірге алдағы уақытта Орталық аппарат пен бастауыш ұйымдардың арадағы байланысы нығайтылатынын жеткізді.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.