Финалда – «Тобыл» мен «Ордабасы»

Жасыл алаң жаңалықтары /

Кеше жартылай финалдың жауапты кездесулері өтті. Шымкентте оңтүстіктің дербиі өтіп, жергілікті «Ордабасы» «Та­раз­ды» 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Ес­те­ріңізге сала кетейік, жартылай фи­нал­дың бірінші ойынында «Тараз» өз ала­ңында шымкенттіктерді 3:1 есебімен жеңген болатын. Сондықтан болса керек, өз жерінде тізгінді бірден қолдарына алған «Ордабасы» ойыншылары екінші минутта-ақ есеп ашты. Екінші голды екінші таймның 70-минутына дейін күтуге тура келді. Негізі, 2:0 есебі де «Ордабасыны» финалға жетелейтін. Бірақ бұл есепті де місе тұтпаған алаң қожайындарының қорғаушысы Әуезхан Қожабаев «Тараз» қақпасына үшінші голды соқты.

Бұл кездесуге қарағанда Қостанайдағы матч тартысты өтті. Керекуде 1:1 есебімен тарқасқан командалар жеңімпазды «Зато­болец» стадионында анықтады. Негізі, жарты сағаттың ішінде-ақ алаң қожа­йын­дары қонақтар қақпасына үш гол соғып үлгерген. Екінші таймда «Ертіс» ойын­шылары қатарынан екі гол соғып, есепті қысқартты. Бірақ бұдан арыға шамалары жеткен жоқ.

«Ордабасы» (Шымкент) – «Тараз» – 3:0

Голдар: Әшірбеков, 2. Тәжімбетов, 70. Қожабаев, 74.

«Тобыл» (Қостанай) – «Ертіс» (Кереку) – 3:2

Голдар: Волков, 22. Гридин, 31. Бекрич, 33 – Мальцев, 76. Зебелян, 82-өз қақпасына

Асфендияр Жанаділ

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.