Талантты 10 жас футболшы-2

Жасыл алаң жаңалықтары /
Жалғасы...
5. Біздің тізімдегі алғашқы бестікті «Барселона» клубының орталық алаң ойыншысы Тьяго Алькантара қорытындылап тұр. Тьяго Алкантара ду Насименту (толық аты-жөні) 1991 жылы Италияның Бари қаласында дүниеге келді. Тьяго – әйгілі бразилиялық футболшы Мазиньо мен волейболшы Валерия Алкантараның баласы. Ол 13 жасында «Ла Масияға» келеді. 2007 жылы «Барселонаның» дубльдік құрамы «Барса Б» ойыншысы атанды. Тьяго дубльдік құрама сапында 2011 жылға дейін өнер көрсетіп, 59 ойынға қатысқан. Еншісінде 3 доп бар. Өткен маусымда Тьяго ресми түрде «Барселона» ойыншысы атанды. Алайда, ол премьерадағы алғашқы ойынын 2009 жылы 17 мамыр күні «Мальорка» клубына қарсы өткізді. Бұл маусымда Тьяго «Барселона» сапында 25 ойын өткізіп, 3 мәрте қарсылас қақпасын дәл көздеп, 6 рет әріптестеріне гол соғуға жағдай жасады. Испания ұлттық құрамасы сапында 2 ойын өткізген.
Тьягоның ойын мәнерін, пас бере білу қабілетін атақты Хавиге теңестіреді. Ол Сеск Фабрегас, Андрес Иньеста, Хави, Сейду Кейте секілді тіс қаққан әріптестері болғанына қарамастан негізгі құрам сапында жауапты кездесулерге шығып жүр. Тьяго болашақта талайдың кумиріне айналары сөзсіз.

4. Бельгиялық Эден Азард футболсүйер қауымның естерінде сақтайтын шығар. Өткен жылы 7 қазанда Қазақстан ұлттық құрамасы «Еуро-2012» іріктеу кезеңі аясында Бельгияға қарсы ойнаған болатын. Осы ойында біздікілер 1-4 есебімен жеңілген еді. Әлемнің жас перілерінің бірі Эден Азард осы ойында Владимир Логиновский қорғаған қақпаға 43-минутта гол салып, Бельгияны 2-0 есебімен алға шығарды. Ол Бельгия құрамасы сапында 23 ойын өткізіп, еншісіндегі жалғыз допты Қазақстан құрамасының қақпасына соқты.
Эден Азард 1991 жылы Бельгияның Ла-Лувьер қаласында дүниеге келген. 7 жасында «Ройял Стад Браинуа» клубына оқуға түседі. Кейбіреулер Эденнің туылмай тұрып-ақ талантты футболшы болатыны белгілі еді деп қалжыңдайды. Сірә, ата-анасының футболға жақын болғандығынан туса керек бұл әзіл. Дарынды жас 2005 жылы «Лилль» клубы скауттарының көзіне түседі. Сол жылы Эден «Лилль»-дің жастар құрамасына қабылданады. Көп күттірмей ақ, 2007 жылы негізгі құрам ойыншысына айналып шыға келді. Бүгінгі таңға дейін Азард «Лилль» сапында 114 ойын өткізіп үлгерсе, еншісіне 18 доп жазыпты. Ал, осы маусымда 28 мәрте алаңға шығып, 8 рет қарсыластар қақпасын дәл көздеген екен. Эден Азардтың өнеріне Еуропаның белді клубтары көптен бері қызығушылық танытып отыр. Десек те, оның «Лилль»-мен келісімшарты 2015 жылға дейін ұзартылған.

3. Біздің үштікті Англия және «Арсенал» клубының орталық алаң ойыншысы Джек Уилшир түйіндеді. Ол 1992 жылы Стивенидж қаласында туылған. Джек 9 жасында «Арсенал»-дың мектебіне қабылданады. 2009 жылы Джек Уилшир ресми түрде «Арсенал» ойыншысы болып тіркелді. Кәрі тарлан Арсен Венгер Джектің болашағына сенім білдірді. Қателеспеді де. Көптеген футбол мамандары оның ойын техникасы ерекше екендігін сөзсіз мойындады. Оны, тіпті, Пол Скоулзбен салыстыратындар да табылды. Арсен Венгердің өзі Уилширдің болашақта Фабрегастың алаңдағы тұрақты әріптесі болатынына сенімді.
2010 жылы Арсен Венгер ойын тәжірибесін жинау үшін Уилширді жалдады. Джек үшін бұл жалдану өте сәтті болды деп айтуға болады. Ол маусымның екінші жартысында «Болтон» сапында 14 ойын өткізіп, 1 мәрте алаң торын тулатты. 2010-ның жазында Уилшир «Арсеналға» қайта оралды. 2010-11 маусымында «Арсенал» сапында 49 ойын өткізіп, 2 мәрте мергендігімен көзге түсті. Өкінішке қарай, ұлттық құрама сапында шақырту алған ол өткен жылдың жазында жарақат алып, ұзақ мерзімге қатардан шығып қалды. Қыркүйекте оның тобығына ота жасалынды.
Джек Уилширдің әлем аренасындағы алар асуы алда. Талайға таңдай қақтыра жатар, әлі…

2. Өткен жылы дортмундтық «Боруссия» клубы неміс бундеслигасының жеңімпазы атанды. Соңғы рет «Боруссия» 2002 жылы ел чемпионы болған екен. 2011 жылы Германияның көшбасшысы атануына ойыншылардың сіңірген еңбегі шексіз. Әсіресе, біздің тізімде екінші орынға тұрақтаған Марио Гётценің еңбегін бөліп көрсету керек шығар. Ол 1992 жылы немістің Меммингем қаласында дүниеге келген. Марионың алаңдағы міндеті – шабуылдаушы жартылай қорғаушы. Дортмундтық клуб қатарына 2009 жылы келіп қосылды. Сол жылы алаңға тек 5 мәрте ғана шыққан екен. Ал, 2010-11 футбол маусымы Гётце үшін өте сәтті болды. Алаңға 41 мәрте шығып қарсыластар қақпасына 8 доп салса, командалас әріптестеріне 15 рет гол салуға мүмкіндік туғызған. Марио 2011 жылы Еуропаның 21-ге дейінгі ең талантты жас ойыншыға берілетін «Golden Boy» сыйлығымен марапатталды. Бұл маусымда Гётце 23 рет алаңға шығып үлгерді. Еншісінде 6 доп, 8 пас бар.
Марио Гётце ұлттық құрама сапына 2010 жылы ілінді. Содан бері 12 рет Йоахим Лев бапкердің қол астында алаңға шығыпты. Екі мәрте қарсылас қақпасын дәл көздеген. Марионың «Еуро-2012» турнирі аясында өткізген ойындарының біреуін біздің елге қарсы өткізгенін айта кету керек. Алаңда 12 минут доп тепкен ол 1 мәрте біздің қақпаға соққы жасап үлгеріпті. Марио Гётце – өте талантты ойыншы. Болашақта дортмундтық клубтың қатарында ғана емес, басқа да топ-клубтар сапында жасындай жарқылдайтыны анық. Оны Герд Мюллердің ізбасары деп атаса болатындай.

1. Міне, көп күттірген ең талантты жас ойыншыға да келіп жеттік. Оның «Сантос» шабуылшысы Неймар екенін сезіп отырған шығарсыздар?! Иә, 19 жасар жас перінің талантты екеніне шүбә жоқ. «Футбол королі» Пеле Неймарды әлемдегі ең мықты ойыншы санайтынын жасырмайды. Алайда, Неймар футбол клубтары арасында өткен мундиальда Мессидің мықты екенін мойындады.
Неймар да Силва Сантос Жуниор 1992 жылы Можи-дас-Крузис қаласында дүниеге келген. Өзге бразилиялық балалар секілді ол да футболға құмар еді. Допқа жаны құмар бала 7 жасында «Сантос»-тың мектебіне түседі. 2008 жылы ол бірінші рет «Сантоспен» ресми түрде келісімшартқа отырды. Келісімшарт мерзімі 2014 жылға дейін еді. Бір жыл өткен соң негізгі құрамға қосылды. Сол маусымда жас болғанына қарамастан 49 мәрте алаңға шығып, 14 мәрте қақпашыны сан соқтырды. Осыдан кейін-ақ еуропалық клубтардың Неймарға деген қызығушылығы екі есе артты. Тіпті, топ-клубтармен бірге «Анжи» де бразилиялық вундеркинд үшін 45 млн. еуро төлеуге дайын екендігін жеткізіпті. Соңғы сөзді Неймардың өзі айтты: «Ақшамен бақытты бола алмайсың. «Сантоста» өзімді бақытты сезінемін және осында өнер көрсеткім келеді».
2010 жыл Неймар үшін сәтті болды. Жасыл алаңға 63 рет шығып, 43 мәрте қарсыластар қақпасын дәл көздеді. Осы маусымда 46 мәрте жасыл алаңға шығып үлгерсе, еншісінде 24 гол бар. Неймарға ұлттық құрама сапында Африкада өткен әлем чемпионатына қатыса алмады. Тек, 2010-ның 10 шілдесінде ғана пентакампеондар жейдесін киюдің сәті түсті. Содан бері Бразилия сапында 15 мәрте алаңға шығып, 8 мәрте қақпашыны қапы қалдырыпты.
Неймар – әлем футболындағы болашағынан үміт күттірер дарынды ойыншылардың бірі. Ойын техникасы, допты аяғында ұршықша үйіруі, жылдамдығы басқаларға ұқсамайды. Кейбір футбол майталмандары оны Пеленің тікелей ізбасары деп есептейді. 19 жасында әлемді мойындату әркімнің қолынан келе бермес…

Біз қолымыздан келгенше футболдағы талантты деген жастарды іріктеуге тырыстық. Бәлкім, біздің тізіммен біреу келісер, біреу келіспес. Алайда, біз іріктеген футболшылардың дарынды екені сөзсіз. Тізімді әрі қарай жалғар болсақ Исаак Куэенко, Жерард Деулофоу, Рафаель Варан, Алекс Окслейд-Чемберлен, Аарон Ремзи, Филиппе Коутинью секілді жастарды қосуға болар еді. Алайда, біз жоғарыда келтірген ондықты үздік деп таныдық. Футбол – әр жыл сайын жаңа жұлдызды дүниеге әкелетін спорт түрі. Сол себепті біздің тізім көп ұзамай ескіріп жатса таңғалмаңыз.

P.S. Қазақстандық футболшылардан ең үздік үшеуді анықтау керек болса, біз Рауан Сариевті, Ұлан Қонысбаевты, Жамбыл Көкеевті айтар едік. Ал, ондықты санап беру қолымыздан келмес. Себебі, ұлттық біріншілігіміз тұрақты түрде арналардан көрсетілмегендіктен ойындарды толық тамашалай алмаймыз. Бұл жағдайда «ондықты» анықтауға тырысудың өзі ыңғайсыз.

7 пікір

Auyldan
Мақала жариялап тұрған дұрыс, тек сол мақаланы көшірген жердің сілтемесін міндетті түрде беру керек. Мына жерден алынған деп қойсаң болды. Не болмаса авторын керсете кету керек.
konvict
Бұқақақақақ)))))) Жарасың бауырым. Рахмет, ескереміз келесіде
AKA
:)))))))))))) муахахаха, дұрыс айтасыз.
konvict
Бір мақаланы сілтемесіз алған екенмін. Бәрің жабылып… Енді, Абай мырза бір жолға кешіретін шығар…
Yeraly
Келісемін осы футболисттердің барі де ЖАС ТАЛАНТТАР!
бірақ арасында біреу жазылмай ткетіпті Тибо Куртуа
Реалдың ойыншылары Гранеро мен Варан ше?
Давид Алабаны ұмытыпсың!!!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.