Қазақстан футболының рекордтары

Жасыл алаң жаңалықтары /
Қазақстан премьер-лигасында Ұлықбек Бақаевтай доп соғатын футболшы жоқ. Өзбекстан құрамасының ойыншысы биыл тағы ел чемпионатының сұрмергені атанып отыр. Оның еншісінде – 14 гол.

Футболдан ХХІ Қазақстан чемпионатын қорытындылайтын тұс та жетті. Биылғы доп додасында қамшы салдырмай қара үзіп кеткен команда жоқ. Чемпион мен қола жүлдегердің арасын бөліп тұрған 3-ақ ұпай. Ел біріншілігін қатарынан 3 рет ұтқан «Ақтөбенің» чемпиондығы 4-5 тур бұрын белгілі болатын кездер қазір артта қалғандай. Күміс және қола жүлдегердің тағдыры ең соңғы турда шешілді. Осыған қарап, біраз команданың деңгейі теңесіп қалды деп қорытуға болады.

Футболдан ХХІ Қазақстан заңғар-лигасының жеңімпаздары:
«Шахтер», Қарағанды
«Ертіс», Павлодар
«Ақтөбе», Ақтөбе

Қарағандылық команданы ешкімнің қуып жетпейтіні біріншілік бітпей тұрып, белгілі болған. Енді «Шахтер» Чемпиондар Лигасының електік кезеңінде ел намысын қорғайды. Ал, Еурокубоктық додаларда ең сәтті өнер көрсетеді деген «Ақтөбе» әупірімдеп жүріп, Еуропа Лигасына қатысу құқын жеңіп алды. Батыстық ұжым үшін қола жүлдеден гөрі, Еуропа Лигасына жол тартатын жолдама қымбатырақ шығар. Себебі, Муханов бастап, Сымақов қостап құрлықтың командалық додасына қатысуды мақсат еткен. Егер, «Ақтөбе» үздік үштіктен сырт қалғанда, ел кубогына таласуы әбден мүмкін еді. Енді Кубокқа басты үміткер ретінде «Астана» клубын қарастырамыз. Талғат Байсуфинов баптайтын Павлодардың «Ертісі» чемпионнан 2 ұпайға ғана қалып қойды. Бірақ, «Ертістің» екпіні қайтқан жоқ. Осы маусымда тұрақты өнер көрсеткен ұжымдардың бірі ретінде бес дүркін чемпиондарды күміс жүлдесімен құттықтаймыз.

Тағы да өзбек озды…
Қазақстан премьер-лигасында Ұлықбек Бақаевтай доп соғатын футболшы жоқ. Өзбекстан құрамасының ойыншысы биыл тағы ел чемпионатының сұрмергені атанып отыр. Оның еншісінде – 14 гол. Ол екінші орындағы Таңат Нөсербаевтан төрт гол артық соққан. Сонымен қатар, Бақаев 6 рет голға айналған пас беріп, ерекшеленіпті. Жалпы, биылғы маусымда гол соғу көрсектіші былтырғыға қарағанда төмен. Ал, сұрмергендердің үздік ондығындағы 3 футболшы ғана Қазақстан азаматы. Қалған 7 ойыншы біздің біріншілікке Хорватия, Беларусь, Ресей, Сенегал, Сербия Литва және Өзбекстаннан келген легионерлер.

Чемпионның еншісінде 48 гол
«Шахтердың» ең көп гол соққан команда атануы заңды құбылыс. «Кеншілер» 26 ойында 48 гол соққан. Оның 32-і сырт алаңдағы матчтарда қақпаға еніпті. Сонымен қатар, қақпасына ең аз доп жіберген де «Шахтер» — 15 гол. «Шахтерға» чемпион атану үшін 26 ойынның 17-е жеңіп, 2-е тең түсу жеткілікті болды.

«Жетісу» қақпасы жылаған маусым…
Ең аз гол соққан командалар саны екеу. «Атырау» мен «Сұңқар» 26 ойында 16-ақ доп соғыпты. Ал қақпасы қараусыз қалған команда деп «Жетісуды» атасақ болатын шығар. Талдықорғандық команда өз қақпасына 45 гол жіберіп алған.

6:0!
Маусымдағы ең ірі жеңіс һәм жеңіліс деп «Тобыл» мен «Ақжайық» арасындағы есепті айтамыз. 6:0.

Қанағатшыл команда…
Биылғы біріншілікте тең ойынға ең көп қанағат білдірген команда — «Ордабасы». Шымкенттіктер 9 ойында тең түскен.

Сырт алаңда ең көп гол соққан командалар — «Сұңқар» мен «Ақжайық»
Ал, өз алаңында ең көп гол соққан — Қостанайдың «Тобылы». Жұмасқалиев бастаған жігіттер 42 голдың 33-ін өз жанкүйерлерінің алдында қақпаға енгізген.

Қазақстан премьер-лигасында 8 жылдан бері үздк үштіктен сырт қалмаған жалғыз команда — «Ақтөбе». Олар 2004/2005 жылғы маусымнан бері жүлделі орыннан құр қалмапты.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.