Асхат Еркімбайдың "Жаңа медиа: Монологтан диалогқа" атты кітабына пікір

Өзімді бүгінде жаңа медиаға деген қызығушылығы аса зор жастар қатарына жатқызамын. Себебі «Вконтакте» әлеуметтік желісіндегі бет-парақшамды блог тектес бетке айналдырғаныма бір жылдың көлемі болды. Алайда, бұл саланы танып-білуде түсінікті әрі ыңғайлы қазақ тіліндегі кітаптар тым аз. Сол үшін көбіне орыс тілді инструктаждардың көмегіне жүгінетінмін. Алайда, күні кеше қазақ блогшысы, Орта Азия елдеріне арналған «Neweurasia.net» блогындағы қазақ тіліндегі хабарлардың үйлестіруші-редакторы, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының хатшысы Асхат Еркімбай мырзаның «Жаңа медиа: монологтан диалогқа» атты кітабы қолыма түсті. Меніңше, жаңа медианы тануға ұмтылысы зор жастар үшін таптырмас құрал. Автордың оқырманға айтары өте түсінікті, оңай тілмен баяндалған. Бір деммен оқып шығуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, кітап төрт тараудан тұрады. І тарауда «медиа», "қазақ медиасы" ұғымдарына түсінік,II тарауда Асхат Еркімбайдың осы саладағы бірден-бір маман ретіндегі берген сұхбаттары жарияланған. ІІІ тарауда американдық басылымдардың мақалаларын қазақ тілінде оқуға мүмкіндік бар. Солардың ішінен атап өтетінім — Колумбия университетінің журналистика факультетінінің профессоры Джеф Гралниктің «Болашақ есік қағып тұр» атты мақаласы. Төртінші тарауда да американдық сарапшылардың, журналистердің осы сала жайындағы ой-пікірлері жарияланған.
Өзім үшін бұл кітаптан аларым әлі көп деп есептеймін. Сонымен бірге, таңқаларлық қызықты деректер де бар.
Қорыта келгенде, көпшілік оқырманға арналған бұл кітап, меніңше, жаңа медианың қарқынды дамуына бастама іспетті. Кітап ішіндегі кейбір қателер алдағы уақытта түзелер деген ниетпен, бұл оқу құралын кез-келген медиатанушыға ұсынар едім.

2 пікір

maulen
Мен айтарлықтай қателік көре алған жоқпын! түсінікті тілмен жазылған шағын кітапшаның көпке береі көп!
MSHERIMBEK
маған қатты ұнады. бүгін Еврика кітап дүкенінен сатып алып оқыдым. тамаша кітап, барлығыңызға кеңес беремін.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.