Еліміздегі мына қызықты статистикалық мәліметтерді білетін бе едіңіз?

Интернет қолданушы үшін /
1) Қазақстан халқының саны 2012-шы жылдың қыркүйек айына 16 млн 835 мың адамға жетіп отыр. Дәлірек есептеулер бойынша, Қазақстан халқы 2013-ші жылдың шілде-қыркүйек айларында 17 млн-ға жететін болады. Соның ішінде Қазақстандағы жеті ірі этнос: Қазақтар — 65,3; Орыстар — 21,7; Өзбектер — 4,3; Украиндар — 1,7; Ұйғырлар 1,6; Немістер 1 пайызын құрайды. Қалған жүзден асқан халықтардың әрқайсысының саны 1 пайызға жетпейді.

2)2012-жылғы 5-ші қыркүйекте жастарға арнаған баяндамасында Елбасы: "Қазақстандағы демографиялық дүмпу 2016-шы жылға дейін созылады" — деп мәлімдеді. Бұл — 2016-шы жылға дейін Қазақ халқы қауырт өседі деген сөз. Одан кейін Қазақ халқының табиғи өсімі бәсеңдей береді. Себебі, 1970-80-ші жылдардың «демографиялық жаңғырығы» аяқталады.

3) Жер көлемі жағынан Қазақстанның ең кішкене облысы — Солтүстік Қазақстан облысы (97 мың км.кв). Жер көлемі бойынша Қазақстанның ең үлкен облысы — Қарағанды облысы (417 мың км.кв). Халқының саны бойынша Қазақстанның ең үлкен облысы — Оңтүстік Қазақстан облысы (2 млн. 660 мың адам), халқының саны бойынша ең кішкене облысы — Атырау облысы (550 мың 030 адам).

4) 1995-ші жылдан бері халқының саны үздіксіз кеміп кеміп бара жатқан облыстар: Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар. 1991-ші жылдан бері халқының саны жедел қарқынмен үздіксіз артып келе жатқан облыстар мен қалалар: Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Атырау облыстары мен Астана және Алматы қалалары. Бұлардан басқа қалған облыстарда халықтың саны баяу өсуде немесе өсімсіз аймақтар болып табылады.

5) Жан басына (адам басына) шаққандағы халықтың 2011-2012-ші жылғы орташа ақшалай табысы бойынша ең жоғары орында Атырау облысы (112 мың теңге), ең соңғы орында Оңтүстік Қазақстан облысы (29 мың теңге).

6) Қазақстанның барлық халқының 74 пайызы өздерін Сунниттік мазхабтағы Ислам дінін ұстанатынын айтқан. Православиелік Христиан дінін ұстанатындар — 23 пайыз. 4 пайызы дінге сенбейтіндіктерін білдірген. Қалғандары басқа діндерде (Буддизм, Иудаизм, Католиктер, Шииттер және одан басқа дәстүрлі емес діни ағымдар)

7) Шетелдерден көшіп келетіндердің ең жиі қоныстанатын облыстары Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстары. Халқының алыс шетелдерге көшіп кететіндердің көпшілік бөлігі — Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстарынан және Астана қаласынан.

Шетелдерден көшіп келетіндердің көпшілік бөлігі — Қазақтар, Ұйғырлар, Өзбектер, Қарақалпақтар, Қырғыздар, ал көшіп кететіндедің көпшілік бөлігі — Орыстар, Украиндар, Немістер, Еврейлер, Татарлар.

8) 2009-шы жылғы жалпыхалықтық санақта Қазақстанда тұрған 10 096 763 Қазақтың 9 982 276-сы «Ана тілім — Қазақ тілі деп көрсеткен, ал 114 487-сі Ана тілі ретінде басқа тілді көрсеткен. Ескерту: *жас сәбилер үшін Ана тілі туралы ата-аналары жауап береді.

Қазақстандағы жасы 15-ке толған Қазақтардың 98,4 пайызы: „Қазақша түсінемін“ деп жауап берген. Оның ішінде 95,5 пайызы „Қазақша еркін оқимын және еркін жазамын“ деп жауап берген. Қалғандары „Қазақша білмеймін“ деп жауа берген. Сондай-ақ Қазақтардың 91,1 пайызы „Орысша түсінемін“ деп жауап берген. Қалғандары „Орысша білмеймін“ деп жауап берген. 17,1 пайызы „Ағылшын тілін білемін“ деп жауап берген. Қалғандары Ағылшын тілін білмейтіндіктерін айтқан.

Басқа ұлттардан: „Қазақ тілін білемін“ деп жауап бергендер: Өзбектердің 95,5 пайызы, Ұйғырлардың 93,7 пайызы, Қырғыздардың 97,7 пайызы, Түріктердің 91,1 пайызы, Тәжіктердің 89,4 пайызы, Әзірбайжандардың 81,7 пайызы, Күрділердің 77,5 пайызы, Татарлардың 72,6 пайызы. Қалған басқа ұлттардың Қазақ тілін білуі 70 пайызға жетпейді.

Соның ішінде, „Қазақ тілін білемін“ деп жауап берген: Орыстардың 25,4 пайызы, Дүнгендердің 47,7 пайызы, Шешендердің 56,4 пайызы, Кәрістердің 43,5 пайызы, Украиндардың 21,5 пайызы, Немістердің 24,7 пайызы. Ал „Қазақ тілінде еркін оқып еркін жаза аламын, жетік білемін“ жауап берген: Өзбектердің 74,3 пайызы, Қырғыздардың 70,7 пайызы Ұйғырлардың 70,5 пайызы, Орыстардың 5,9 пайызы.

Сол сияқты Қазақстан халықтарының тілді білуі бойынша осы санақ кезінде анықталған тағы да қызықты деректерден: Қазақтардың 85,3 пайызы „Орыс тілін жетік білемін“ деп жауап берген. Орыстардың 97,6 пайызы орыс тілін жетік біледі. Қалғандары білмейді. Қазақстан Тәжіктерінің 66,9 пайызы ғана „Орыс тілін жетік білемін“ деп жауап берген. Қалғандары білмейді. Бұл — орыс тілін білуі бойынша Қазақстандағы ірі ұлттардың (саны 30 мыңнан асатын) арасындағы ең төмен көрсеткеіш. Сондай-ақ Өзбектердің 78,5 пайызы ғана орысша еркін түсінеді. Орыс тілін ең жетік білетін халық, Қазақстандағы ірі халықтар ішінде (саны 30 мыңнан асатын) Поляктар, олардың 98,1 пайызы орыс тілін жетік білемін деп жауап берген.

9) Қазақстанда саны 30 мыңнан асатын халықтардың тізімі (17 ұлт):
1. Казақтар
2. Орыстар
3. Өзбектер
4. Украиндер
5. Ұйғырлар
6. Татарлар
7. Немістер
8. Кәрістер
9. Түріктер (Месхет-Түріктерімен қоса алғанда)
10. Әзірбайжандар
11. Белорустар
12. Дүнгендер
13. Күрділер
14. Тәжіктер
15. Поляктар
16. Шешендер (өз атаулары Нохчий халқы, „Шешен“ деген атау Солтүстік Кавказға иелік етіп билік жүргізген Монғол-татар ханы Сечен ханның есімінен шыққан)
17. Қырғыздар

Қалғандары әрқайсынының саны 30 мыңға жетпейтін шағын халықтар (олар — 124 халық). Жоғарыдағы 17 ұлтты қосқанда Қазақстанда 2009 жылы 141 түрлі ұлт өкілдері тұрған.

— Жоғарыда: 2010-жылы қараша айында былай деп жазыппын:

Адам дамуы бойынша дүниежүзі елдерінің көрсеткіші бойынша Қазақстан биыл 66 орында тұр. Бұл көрсеткіш елдегі жан басына шаққандағы ұлттық табыс, халықтың әлеуметтік деңгейі, тұрғындардың денсаулығы, орташа өмір ұзақтығы және білім дәрежесі, сауаттылығы, гендерлік саясат т.б. өлшемдерден жинақталып шығады. Басқа көрсеткіштері жақсы болғанмен, Қазақстанды соның ішінде төмен түсіріп тұрған халықтың денсаулығы мен орташа өмір ұзақтығы (65 жас) екенін көруге болады.

Салыстыру үшін: Үндістан — 119, Тәжікстан — 112, Қырғызстан — 109, Өзбекстан — 102, Египет — 101, Монғолия — 100, Тайланд — 92, Түркменстан — 87, Түркия — 83, Армения — 76, Грузия — 74, Бразилия — 73, Иран — 70, Украина — 69, Азербайжан — 67, Ресей — 65, Беларуссия — 61, Латвия — 48, Литва — 44, Эстония — 34, Италия — 23, Жапония — 11, Германия — 10, АҚШ — 4 орындарды иеленген.

Қазір 2013-жылдың қаңтары, содан бері не өзгерді екен көрейік:

Қазақстан қазір адам жамуы индексі бойынша 68-ші орында тұр. Жоғары дамыған елдердің қатарында тұр. Қазақстандықтардың орташа өмір жасының ұзақтығы екі жылға артқан (67 жас). Жан басына шаққандағы ұлттық табыс 10 585 долларға жеткен.

Салыстыру үшін: Үндістан — 134-ші, Тәжікстан — 127, Қырғызстан — 126-шы, Өзбекстан — 115-ші, Монғолия — 111-ші, Түрікменстан — 102-ші, Қытай — 101-ші орында, бұлар орташа дамыған мемлекеттер қатарында тұр. Жоғары дамыған елдерге келсек, олардың ішінде Қазақстаннан төмен тұрғандары: Түркия — 92-ші, Иран — 88-ші орында, Армения — 86-шы, Бразилия — 84-ші орында, Украина мен Әзербайжан — 76-шы, Грузия — 75-ші орында тұр. Сөйтіп, әлемдегі Түркі мемлекеттерінің ішінде Қазақстан 1-ші орында тұр.

Қазақстаннан жоғары дамыған көршілеріміз: Ресей — 66-шы, Беларус — 65-ші, Малайзия — 61-ші, Сауд Арабиясы — 76-шы, Куба — 51-ші орындарда тұр. Өте жоғары дамыған елдерден Латвия — 43-ші, Литва — 40-шы, Эстония — 34-ші, Сингапур — 26-шы, Италия — 24-ші, Финляндия — 22-ші, Франция — 20-шы, Оңт.Корея — 15-ші, Жапония — 12-ші, Германия — 10-шы, АҚШ — 4-ші орында тұр.

Яғни, Латвия мен Литвадан басқа елдер екі жылдан бері ілгері жылжымаған. Бұрынғы Кеңестер Одағы Республикалары арасында бұрынғысынша Эстония көш бастап келеді — 34-ші орын. Мұсылман мемлекеттерінің ішінде ең жоғарғы орындарда Араб әмірліктері (Эмират) — 30-шы, Бруней — 33-ші, Катар — 37-ші, Бахрейн — 42-ші, Сауд Арабиясы — 56-шы орында тұр.

— 2013-ші жылдың ақпан айында Қазақстан халқы 16 млн 940 мың адамға жетті. Соның ішінде қазақтар 11 млн 035 мың адам. 2012-ші жылдың желтоқсан айының орта шеніне таман Қазақстандағы 11 млн.-ыншы қазақ (сәби) дүниеге келген болатын. Сол сәттен бастап қазақтар 12-ші млн.ға қарай қадам басты.

Қазір шетелдерде 3,8 млн қазақ тұрады.

— Пост авторынан ескерту: деректер түгелімен мәссаған порталының сұхбат бөлімінен алынды.
Пікір иесі sera Серікжан ағамызға тиесілі.
Алматы қ-сында туған (1979). Орта мектептен соң, ЖОО-ын (С.Петербург — Германия) психолингвистика мамандығы бойынша аяқтаған (2001). Осы салада магистрлік (С.Петербург, 2003) және кандидаттық (Алматы, 2005), докторлық (Астана, 2010) диссертациялар қорғаған. Ғылыми жұмыспен, аудармалар жасаумен, дәрістер оқумен және „Мәдени мұра“ (2005-2007), „Ұлттық идеология“ (2008-2010) мемлекеттік бағдарламаларының істерімен шұғылданады.
(ақпарат жеке профайлдан алынды)
Портал мекен-жайы: www.massagan.com

Қазақ тілді интернет тарихындағы орны ерекше сайттардың бірі, мәссаған порталы деп ойлаймын. Әділіне көшсек, портал 2005 ж. ашылған уақытта шет елдік қандас бауырлармен жақын араласып сұхбаттасуға себеп болған, жас, танымал ақын, жазушылардың еңбектері жинақталған көлемді дерегі қалыптасқан, форумда көрегенді, оқыған зиялы үлгі алар аға-апаларымыздың тұжырымды өнеге болар пікірлері қалдырылған тамаша сайт.
Сайттың сапалы контенті, әдеби өнерге қатысты поэзия, проза бөлімдерін тамашалау, форумдағы тарихи, статистикалық деректерді оқып білу арқасында ұлтыма деген сүйіспеншілік арта түскенін, текті ұлттың ұрпағы екенімді фактпен оқып толықтыру арқылы осы сайтқа деген алғысымды қарапайым қолданушы тұрғысынан білдіруге құқым бар деп білемін.

Рақмет.

7 пікір

VVVWWW
«Существуют три вида лжи: ложь, наглая ложь и статистика» Марк Твен
Марк Твеннің сөзімен келісем, әсіресе Қазақстандық статистикаға мүлдем сеніп қажет емес. (санақтың басы қасында жүретін адам ретінде айтарым). Кімге, не үшін қажет екенін білмеймін нәтижелерін көп өзгертеміз (неге екеніне басым жетпеді, ақыры саясат болар-ау деп қойдым), бүл тек бір ғана ауданнан (барлық жерде солай екеніне сенімдімін)
Сосын жазбадан өте қызық сөйлем оқып қалдым:
Қазақстан қазір адам жамуы индексі бойынша 68-ші орында тұр. Жоғары дамыған елдердің қатарында тұр.
(бұны жазған адам дүние жүзінде қанша мемлекет барын білмейтін сияқты, бел ортасындамыз деп айта алмады ма екен)
Сосын мен келіспейтін тағы бір пікір бар:
төмен түсіріп тұрған халықтың денсаулығы мен орташа өмір ұзақтығы (65 жас)
Әрине, денсаулық та төмен түсіріп тұрған болар, бірақ жоғары көтерілуге ең кедергі келтіретіні біздегі «коррупция» (коррупция болғанда енді взятка ғой)
5) Жан басына (адам басына) шаққандағы халықтың 2011-2012-ші жылғы орташа ақшалай табысы бойынша ең жоғары орында Атырау облысы (112 мың теңге), ең соңғы орында Оңтүстік Қазақстан облысы (29 мың теңге)
Енді бұл жөнінде айтарым көп
Жалпы постың жақсы, көптеген қызық деректер оқып қалдым:
Шымкенттіктер бізден 5 есе көп екен ғой (ал, біз олардың жүрмейтін жері жоқ деп ренжиміз),
Мәссаған сайты жақсы, үнемі кіріп тұрам (бір кездері жабылып қалып, қайта ашылғаны болмаса)
Jako
Осы тақырыпқа пікір жазған сияқты едім,өшіп қалыпты, түсінбедім.
jalyn
Мынау жиі қажет болатын деректер ғой, пост жасаған адамға да, авторға да рақмет!
geofizik_001
тіл туралы айтылған статистикаға мәз болып қалдым… рас болса егер ол
AL-ASTER
Қазақ тіліне қатысты жалған стереотиптер кедергі сияқты.
dimash
саны жедел қарқынмен үздіксіз артып келе жатқан облыстар мен қалалар: Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Атырау облыстары мен Астана және Алматы қалалары


Бүгін ғана ХДП «НұрОтан» жиналысында болдым (деп қоясын ғо важный адам сияқты) Жалпы тақырыбы «Ана мен бала» денсаулығы тұрғысында өрбіді (не деген сөз "өрбіді" тауып алғансын ғо) Солардың көрсеткен статистикасы бойынша бала туу көрсеткіші бойынша бірінші орында Маңғыстау облысы, одан кейін Оңтүстік Қазақстан облысы және үшінші орында Қызылорда облысы тұр екен. Статистика 2012 жылды қорытындылуында шыққан.

Енді жиналысқа келер болсақ, өте керемет, өз деңгейінде өтті. Пікірталас көп болды, өте маңызды тақырыптар қозғалды. Барғаныма қуанып қалдым прям. Есімде қалғандарын және тағы бірденелерде жеке жазба ретінде жазу керек еді… Жалқаулығым рұқсатын бермей отқанын қараш…
Begimzhan
Халық саны жағынан ең кішкентай облыс Маңғыстау, 524 175 адам. Ал Атырауда 555 198 адам.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.