Менің пікірім

Журфак /
Пікір
Тұңғыш бұқаралық ақпарат құралы ретінде газет пайда болып, жер шарында ақпарат ағымының алғашқы төңкерісін жасаса, кейіннен радио өзінің тыңдарманын таңдай қақтырып, теледидар ең көп қаралатын, басқаша айтқанда, аудиториясының көптігімен ерекшеленетін құралдарға айналды. Қазіргі таңда олар өз сипаты мен түр-тұлғасын сақтап қалды.
Асхат Еркімбайдың «Жаңа медиа: МОНОЛОГТАН ДИАЛОГҚА» атты кітабы жоғарыда аталған бұқаралық ақпарат құралдарының ғаламтор желісімен байланысын қарапайым мысалдармен түсіндіре келе, жаңа медианың орнын айшық көрсетіп отыр. Ақпарат құралдарының пайда болған алғашқы кезеңдерінде бір жақты ақпарат тарату болды. Кейіннен газеттерге телеграммалар келе бастады. Телеэкранда да техника дами келе, тікелей эфирде көрермендермен пікір алмасу пайда болды. Осының нәтижесінде, Асхат Еркімбай қазіргі таңда ғаламтор желісі арқылы бірнеше ақпарат құралдарын бір мезгілде пайдалану мүмкіндігі туып отырғанын атап көрсетті.
Бүгінгі таңдағы қазақ тілді сайттар, блогтарға тоқтала келе, Асхат Еркімбай олардың қаралымдарын сараптап және белгілі бір топтарға бөле қарастырған. Блогосфераның қарқынды дамуы мен оның журналистикаға берерін де кітапта айқындай түскен. Көпшілік қауым блоггерлерді журналистерге қарсы деп ұғынады. Әсіресе, журналистиканың жілік-майын ішкен аға буындар. Оған бірден-бір мысал: Кәкен Қамзин ағайдан блиц кезінде сұрағанымызда, «блоггерлер қаптап, журналистикаға зиянын тигізіп жатыр» деген еді.
Кітапта Америка Құрама Штаттарындағы жаңа медианың дамуынан да көптеген мысалдар келтірілген. Сол тарауда Американың бұқаралық ақпарат құралдарының тәжірибесінен алынған сұхбаттар бар. Мысалы, журналистер даярлаған ақпараттардан өзге, мұнда оқырмандармен ғаламтордан жедел ақпарат алмасу арқылы газеттің мақалалары даярланады. Сол арқылы газет сұранысқа ие. Немесе үндіс текті жас америкалықтарға арналған сайтты алайық. Ол алты ай ішінде 2000 қолданушыны жинап үлгерген. Осы тарау арқылы Асхат Еркімбай журналистиканың жаңа медиамен байланысын Американың тәжірибесі тұрғысынан көрсетеді. Бір сұхбатында «интернет — құрал» деп атаған екен. Егер оны дұрыс пайдалансаң, ол саған қызмет атқаратыны хақ. Журналистикада жаңа технологияны игеру кем де кем. Жаңа талаптарға сай келмей жатқан тұстарымыз да жетерлік. Осының салдарынан ІТ саласына аса зейін қою керектігін де Асхат Еркімбай өз кітабында көрсетеді.
Қорыта келгенде, кітап оқырманның сұранысын қанағаттандырады деп ойлаймын. Жаңа медиа, қазақ тілді жаңа медиа және интернет аясына шолу жасалып, нақты мысалдар келтірілген. Осы күнде қазақ тілді аудиторияның сұранысына ие кітаптар өте аз. Тележурналистикадан бастап журналистикаға аяқ басқан жастар да Ресейдің шығарған кітаптарына жүгінеді. Бірақ, қазір қазақ тілді кітаптар жарық көріп жатыр. Бұл ІТ саласында тәжірибеден алынған кітаптың бастамасы болмақ. Болашақта осындай «берері мол» туындылардың жарық көруін күтеміз.

3 пікір

Korkem
Асхат Еркімбайдың кітабынан көшіріп жаздыңыз ба?
begymsulu
бұл тек кітапқа қалдырған менің пікірім
Korkem
кітап авторы кім?
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.