Түзету колониялары неге түзетпейді?

Журфак /
Журфак: Өз ойым: Түзету колониялары неге түзетпейді?
Енді ғана кәмелеттен асқан жеткіншек мектеп бітіріп, жоғарғы оқу орнына түсуді көздейді. Әйтсе де, бұл ойы іске аспай, жас жігіт ішкілікке беріліп, амалсыздықтан кінәлілерді іздейді. Осындай сәттерінің бірінде, ішімдік әсерінен адам өлтіруге барады. Қылмыстық жауапкершілікке тартылып, қатаң тәртіпті колонияға түседі. Осылайша өзінің жас дәурен шағын осында өткізуге мәжбүр… Мұндай оқиғалардың тым көптігіне біз бүгінде куәміз. Әйтсе де соншама жыл бас бостандығынан айырылып, бостандыққа шығар уақытында қылмысқа енді бармастай болып шыққандар жолы қайтадан қылмыстық жолмен тоғысатындығына не себеп? Бұл – бүгінгінің өзекті мәселелерінің бірі. Осы маңызды сауалға жауап беруге Түркістан қалалық ішкі істер басқармасының уақытша изоляторы бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Сихимов Ғалымжан Бақытжанұлы келісті. Оның түсіндіруі бойынша, қылмыс жасап, абақтыға түскен тұлғаның психологиясы мүлдем өзгереді, оның себебі жаңа ортада. Ерте ме, кеш пе қандай қоғам болса да, онда түскен адам келген ортасына бейімделе бастайды. Сол қоғамның бір бөлшегіне айналады. Ал берілген жағдайда, айтып отырған қоғамымыз қылмыс жасағандардың ортасы болса, онда, әрине, барлығын байланыстыратын бір нәрсе – қылмыс жайында сөз қозғалмауы мүмкін емес. Осылайша, ортасы да – қылмыскер, тілге тиек ететіні де – қылмыс, санасы да – қылмыспен сусындалып қалған адамның да бостандыққа шығатын мерзімі келіп жетеді. Ол адамның ойында, әрине, қылмыс жасауға деген ниет жоқ, алайда бойы әбден үйренген қоғамнан бұрынғы қоғамына оралғанда, қайтадан адаптация жүретіні анық. «Қылмыскер» дегенде, қай адамның болмасын төбе шашының тік тұрып, одан бойын аулақ ұстауы әдетті де заңды нәрсе. Өмір тарихы қараланған мұндай адамнан біреу қашқақтайды, ал біреу мүлдем ескермейді, тіпті отбасының да қайта қабылдамауы әбден мүмкін. Ондай өткенімен ешбір жұмысқа да қабылданбаған әлгі адам күйінгеннен, барлығын ұмытып, жеңілдікке бөлену мақсатында ішімдікке салынады. Ал енді біреу ескі достарымен кездесуге себеп ретінде бостандыққа шыққанын жууды ұсынады. Осындай екі себеппен ішімдіктің тәуелділігіне қайта түскен адам санасына баяғы ортасындағы әділетсіздік немесе абайсызда, әрекетсіздіктен жасалған қылмыстар жайындағы әңгімелер орала бастайды. Мұндай сәтте ол адамның ойы қараңғыланып, қылмысқа қайта баруы ғажап емес. Осылайша қылмыс жасамауға серт беріп шыққан адамның көпшілігінің өмір жолы қайтадан қылмысқа келіп тіреледі.
Қандай адам болса да, ол адам. Қателікке бой беруі кездейсоқтық емес. Пендешілікті барлығы өткереді. Сондықтан, күнәсі үшін жазғырылған адамды өмірлік жазғыруға салуға біздің құқығымыз жоқ. Оған құқылы тек Тәңір. Оны білеміз. Әсіресе, ол жас буынның бір өкілі болса. Қолымен істегенін мойнымен көтеріп, бостандыққа игі ниетпен шыққан адамның сол ойында қалуына біз, керісінше, ықпал етуіміз қажет. Себебі психикасы бір бұзылған адамның түзелуінің өзі қиынның қиыны. Көзіңді алартуды қылмыскер адам түгілі пәк бала да жақтырмайды. Сондықтан, мұндай үдерісте қоғам бостандыққа шыққан жас жеткіншектің құқығын өзге жастармен теңдей қарастырса ғана оларға көмектесе аларымыз анық.
Мені қызықтырған келесі сұрақ «бостандыққа шығып, дұрыс өмірдің заңдарына қайта бейімделетін адамдар бар ма?». Бұл сұрағыма респондент мырзаның жауабы мынадай болды:
— Әрине! Бес саусақ бірдей емес және барлығына бірдей күйе жағуға болмайды. Дұрыс өмірге бейімделетіндер де баршылық. Олар – ішімдіктен бойын аулақ ұстайтындар немесе ішімдік тәуелділігіне түспеу мақсатында намазға жығылып, имандылық жолына түсетіндер. Міне осы типті адамдар ғана өздерін қолға алып, дұрыс жұмыс жасай алуға бар.
Мемлекеттік қызметкердің берген ақпаратынан кейін бұл тақырыпта жан-жақты ойлана бастайсың. Абақтыдан шыққан адамдардың психологиясын қалыпқа келтіріп, олармен жұмыс жасайтын арнайы мамандардың орталығы немесе ұйымы ашылса игі болары анық. Себебі, мұндай үрдіспен мемлекетте қылмыс бірнеше есеге азаюы мүмкін, сонымен қатар ол адамдардың әрі қарай дұрыс өмір сүруге деген құлшынысын оятуға ықпал ететіні хақ.

7 пікір

geofizik_001
жақсы жазылған.заң алдында жазасын өтеп шыққан жандарды қоғамның дұрыс қабылдамауы, оларға деген теріс көзқарас-олардың саналы түрде қылмыс жасап, түрмеге қайта түсулеріне ең басты себеп екен. Себебі,қоғамда оларға автор айтқандай үрке қарайды, ал түрмеде бәрі өзі сияқты қылмыскерлер. Сондықтан,қоғамға сіңісіп кете алмағандары әдейі қылмыс жасап үйренген орындарына баруға тырысады(психикалық тұрғыда әлсіздері деп атар едім). Мұндай жағдайларды болдырмай, мұндай жандардың ортаға сіңіп кетулері үшін ең бірінші туыстарының, одан соң оларды қоршаған басқа да адамдардың атқарар рөлі зор.
nauryzkok
Иә, әрине… Біздің, яғни қабылдар ортаның реакциясы өте маңызды… Қорқып-үркіп, одан қалса өзімізше әңгіме қылып, ойымызға келгенді айтатын болсақ, кімге де болса ұнамайды бұл ісіміз… Ал қылмыс жасаған адам, шынында да психикасына зақым тиген адам, сондықтан, сөзіңіздің жаны бар!
Kan
Қоғамдағы қатнастарды реттеп отыратын құқықтық нормативтік заңдардың болғаны жөн. Бірақ заң адамды сабасына түсіріп,қоғамдық қатнастарды реттеп отырғанымен ешкімге тәрбие яғни рухани жетістік бере алмайды. Біздің қоғамдарда заң өз күшіне ие. Заң қателіктерді кешірмейді,әрі мейірімділік танытпайды. Заңның аузы, көзі,құлағы,қолы болғанымен жүрегі жоқ.
Заңның құрығына бір ілінсең одан құтылу мүмін емес. Ең дұрысы ішімдік ішпей,қылмыс жасамай тыныш жүрген жөн.
Түзету мекемесі түзейді деу қате пікір. егер ол жер барған адамға жылы-қабақ танытып, жақсы мекен болса онда екінің бірі ол жерге барудан қорықпай қылмысты істей беретін еді. Түрменің солай қатаң болғаныда жөн.
Бәріде адамның өзіне байланысты. Сіз секілді арақ ішуді бір жәйбірахат қараған дұрыс емес.
nauryzkok
Заңның құрығына бір ілінсең, құтылу қиынның қиыны екенін білемін… Және түзету колониясында жылы қабақ танытсын, әйтпесе екінің бірі барсын дейтін ниеттен аулақпын, мұндай орындардың қатаң болуымен мен де келісемін. Кінәлі жазалануы тиіс!!! Десек те, мен түзету колониясына түскен адамның екінші рет онда қайта түспеуін қалаймын, «заңның құрығында кеткен қайта шықпайды ол құрсаудан» деп отыра бергеннен гөрі… сол үшін де ұсыныс та бар тарапымнан, байқасаңыз..! Десек те, пікіріңізге рахмет!
satirik92
Сатира жазатын шабыт сыйлағаны үшін авторға алғыс. Негізінде бір басқан лайшығын қайта басқан адам түзетуге тырысып көрмей, беріле салуды жөн көрген болар. Соға берсе тасты да жарады. Көздеген атады, іздеген табады. Адамның санасы магнит не ойласаң соны тартасың. Адам баласы ісінен көрі ойымен көбірек жұмыс істесе өзінің жыртығын өзі жамауға әптен қайраты жетер. Ал қайта қылмысқа баратындар сол тордың арғы жағындағы еш бір заңсыз, шектеусіз тар болса да кең болып көрінетін дүниені сүйетіндер. Ал білімді адам қараңнан жарық табады-ау???
nauryzkok
мұныңызбен толыққанды келісемін!!! десек те, сол тар дүниені кең көретіндерге, ондай ойдан арылуға үлкен көмек керек, ол адамдармен өзіне игі нәрсені магниттей тартуды түсіндіретін мамандар жұмыс істеуі қажет…
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.