Арсыз әлем

Журфак /
Арсыз әлем
«Алма аламыз…
Сәбіз, картоп аламыз...» — бірі- бірімен жарыса- жамыраса шуласқан қауым. Бұл әрбір базардағы үйреншікті көрініс. Десе де, Алматы базарларының көрінісі дәл солай болғанымен, ішкі «құпиялары» әр бөлек екенін білесіз бе?!
Алып щаһарда бірнеше жайма базарлар халыққа қызмет етіп отыр. Cоның ішіндегі Алматы халқы жиі шоғырланатындарына бас сұғып қайттық. Бір күн емес, бір ай.
Базардың ішкі тіршілігінен де аз- маз хабардар болдық. Бір байқағанымыз сатушылардың басым бөлігі Қарақалпақстан, Өзбекстан, Қырғыстаннан келген шетел азаматтары, арасында ұйғырлар мен дүңгендерді де көзіміз шалды. Ал, біздің «жалқау» қазақ олардың қақпандарына түскен аң секілді. Себебі, ешбір саудагер адалынан қызмет етпейді. Жалған таразы, үстемелеп ақша қосу, жарамсыз азық түлікті алдап сатып жіберу сияқты сан түрлі қулықтың куәгері болдым.
Таңғы 3-4те мұнда жұмыс басталады. Көтерме саудамен айналысатындар ертемен келіп қам жасайды. Ал, бөлшектей сатушылар таңғы бестің кезінен бастап «ветринаға» заттарын тізе бастайды, перамида секілді қаланған көкөніс- жемістердің керемет көз тартатындары алдыңғы қатарға, кешегі, оның алдыңғы күнгі ескірген тауарлар олардың тасасына тығылады. Таңертең келген сауда жасаушыларға тауар екі есе бағасымен сатылады. «Таңғы сауда арзан беремін» дегенге сенбей-ақ қойыңыз және дұрыс таразымен сататындар мүлде аз, барлығында электронды таразымен қоса қол таразы да болады. Олар адамның түріне қарап- ақ қандай таразымен сату керек екенін бірден аңғарады. Ал, таразылары өзімен бірге жүретіндерді «Жадыра» деп атайды. Ондай адам келгенде, біріне- бірі «жадыра келді» деп «сигнал» береді. Көп зат алған адамдарға ақшаны есептеп тұрып, бір заттың бағасын екі рет қосады. Мұны «единица салу» дейді. Есептеуіштің «тең» пернесін екі рет басып үлгереді. Контейнерде екі немесе оданда көп адам бірге жұмыс істесе, олардың ішінде «бастықтары» болады. Бұлай қулық істемесе пайда жоқ. Базар бастықтары мұндай қулықтарын білгендіктен көп «бопсалайды». Ол жердегі контролер азамат таңғы алтыдан айқаймен жұмысын бастайды. Ары тұр, бері тұрын ешқашан жаймен түсіндермейді. Мал қайырғандай, айқайлап, жекірген түрі мен дөрекі бұйрықтарын естіп жаға ұстадық. Сатушылардың ешқайсысы белгіленген сызық бойымен тұрмайды, оны азсынып алдына шығып алады. Бірде мынадай қызық болды: Жоғарыдан тексеріс келеді деп, базар басшылары зыр жүгірді. Екі күн бойы базардағылар жандарын қоқыспен ластамай, «жейтін таразыларын» тығып, сызық бойымен «сызылып» тұрды. Жалға алған жеріміздің ақшасын толық төлгенімізбен, контролер келіп бір есігімізді екі күнге жаба тұруымызды өтінді. Иә, бұл жолы менен де бір жақсылық болар деп жылы жүзбен өтінді, күндегідей айқаймен емес. Біз келістік, олар келіп мөр басылған қағазды жапсырып кетті. Демек, оларда бір шикіліктің болғаны ғой…
Негізі, базардағы бір орынның жалға алу ақысы, бір айға 40000 теңге, ал оған кондитердің иесіне төленетін ақы 10000-15000 теңгені қосыңыз, салық комитетіне 3000 теңге тағы бар, күн сайын орын үшін 600 теңге, таразыға 100, лабараторияға 150 теңге жиып алса, «опорныйдағы» жігіттер қапшықтарын алып келіп ашып тұрып бұйрық береді. Егер оның айтқанына қарсы келіп сұрағанын бермесеңіз олардың аңдығаны сіз боласыз. Өтірік таразымен сатып жатқандарын әшкерелеп, 24000 теңге айыппұлды мойыныңызға іліп жібереді. Сол себепті, ондағылар 24000 теңге бергеннен 1000 теңгенің затын бергенді жөн көреді. Азаматтығы жоқтар одан да көп береді. Осылай базар басшыларына таланған саудагерлер қарапайым халықты жейді. Талай жан қайта келіп «мөлшері аз», «дұрыс есептемедіңіз» дегенін жиі естідік. Ондайда саудагерлер ұялудың орнына «жеймін», «базардағылардың бәрі жейді» деп, алушының жағасына жабысады. Бірде осындай қылығына ашынған кішкене қыз, үлкен денелі сатушы әйелді ұрып тастаған. Ешкім барып ажыратқан жоқ, тек сырттай тамашалап тұрды. «Адам азғындады» деген осы болар.
Бір күні базардан қайтып бара жатқанда, басшылардың сол жердегі қыз- келіншектерді құшықтап алып, кетіп бара жатқандығын көріп, жаға ұстадық. Ол «байғұстарға» басшы көңілін тапса ғана жеңілдік болады.
Бір саудагер әйелдің жыламсырай айтқанын өз құлағыммен естігем: «Шиттей баланың аузына тамағын талдап салып отырғанда, олардың айтқанын қылмасам аш қаламыз» -дейді. Ал, басшысымақтар болса осы көнбіс қылықтар «не үшін» деп ойланбайтын да шығар…
Міне, бала-шағаның қамы үшін жазда аптап ыстыққа, қаһарлы қыстың аязына төзгендер бұл жайға да көнуге мәжбүр, тіпті жат жерге келіп нәпақа іздейді. Дегенмен, біздің елімізге келген өзге азаматтардың барлығыда мұндай қорлық көріп отыр дей алмаспыз. Шетел азаматтарын жұмысқа тарту жөнінен біздің еліміз әлемде 15 орынды иеленіп отыр екен. Азаматтар көп келгенімен, оның басым бөлігі заңсыз жолмен келіп, тіркеуге тұрмайды. Ол жасаған қылмысты ашу сол үшінде қиынға түсіп отырғаны ақихат қой!
Бұл тұрғыда «Кім кінәлі, кім күнаһар?» екенін ажырата алмадық. Барлығы жалған тіршілік үшін өз басын күйттеген жандар. Ара- жігін ажыратуды әркімнің өз түйсігене салғанымыз жөн болар…

3 пікір

maulen
Талдауыңыз мықты шыққан екен, дегенмен бұндай қитұрғы құпиялар жетіп артылады (айтылатыны бар, айтылмайтына бар дегендей).
yesbolat83
Жақсы жазылған дүние екен. Калькулятормен есептеулерін оқып таң қалдым. Мен базардан алған нәрселерімді есептемейді екем, саудагерге сеніп. Әлпеттеріне қарасаң мейірімді, күліп қарсы алады…
madinabdukadir
Оларды да түсінуге болады. Азаннан түнге дейін суыққа да ыстыққа да қарамай сатылатын затын күлімдеп ұсынып тұрады. Барлығы әділ істесе шіркін… олар тек тийімді жолдарды іздейді. Егер сатып алушы мұқият болса ондай проблема болмайды.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.