Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ: Компьютер: досымыз ба, әлде жауымыз ба?

Пайдалы кеңестер /
Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ: Компьютер: досымыз ба, әлде жауымыз ба?
Адамзаттың бағындырмаған белесі жоқ шығар, сірә. Осыдан бірнеше жыл бұрын «компьютер деген «ұлы» машина өмірге келеді» деп ешкім болжамаған болар. Алайда ХХ ғасырдың озық туындысына айналған төрт бұрышты техниканың өмірімізге дендеп енгенін байқамай да қалдық. Компьютерсіз өмірді елестету бүгін әсте мүмкін емес. Үйде де, түзде де «ақылды машинаға» бағынатын халге жеттік. Дегенмен компьютер біздің досымыз ба, әлде жауымыз ба?

Рас, ойшылдар мен ғұламалардың өмірге әкелген ғылыми жаңалықтарды адам игілігі үшін қолданылады. Алғашында компьютер есептеу құралы ретінде пайда болған деседі. Бірте-бірте адамзат оны күнделікті қажеттілігіне жарата бастады. Xerox Alto деп аталған тұңғыш компьютерлер 1973 жылы пайда болғанмен, көпшілікке ұсынылып, сатылымға шықпаған. Әлем назарына ұсынылып, пайдалануға берілген компьютерлер Altair 8800 деп аталады. 1974 жылдың желтоқсан айында аталмыш машина көпшіліктің назарына ұсынылған екен. Десек те, компьютерді жаңашалау дәуірі мұнымен аяқталмаған. 1977 жылдың маусым айында Apple II компьютері тарихта тұңғыш жеке «ақылды машина» деген атпен қалыпты. Содан бері 30 жылдан астам уақыт өтті. Бүгінде әрқилы нетбуктер мен ноутбуктер көздің жауын алады. Ақшаңыз жетіп, жаныңыз қалап тұрса, компьютер атаулының түр-түрін иелене аласыз.

Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ: Компьютер: досымыз ба, әлде жауымыз ба?

Әрбіріміз күніне кем дегенде 6-7 сағат уақытымызды компьютер алдында өткіземіз. Қалаңыз, қаламаңыз бірақ компьютерсіз жұмыс бітіру әсте қиын. Халықтың ғаламтор мен «ақылды машинаны» меңгеруі бір жағынан жұмысты да жеңілдетеді. Алысқа бармай, үйде отырып-ақ біраз шаруаны тындырасыз. Осыны ескерсек, компьютер біздің айнымас досымыз деуімізге болады нық сеніммен. Алайда дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, «ақылды машинаның» алдында көп отыратын ересек адамдардың 92 пайызы жұмыс соңында өзін жағымсыз сезінеді екен. Дәрігер мамандардың айтуынша, компьютер алдында отыратын жандардың денсаулығына зор нұқсан келеді. Ақ халатты абзал жандар «адамзаттың басына түскен дерт пен қауіп-қатердің түп-төркіні компьютерде жатыр» деген тоқтамға келген.

Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ: Компьютер: досымыз ба, әлде жауымыз ба?
Қазір жастардың аузынан «ұмытып кетіппін, естен шығып кетті» деген сөзді жиі естисіз. Көбіне бұған «бойдақтың түске дейін есi бар, түстен кейін есі жоқ» деп жылы жымиуыңыз да мүмкін. Алайда есте сақтау қабілетінің жойылуына тікелей «ақылды машина» кінәлі дейді ағылшын мамандары. Рас, бүгінде жас та, кәрі де монитордан көз алмайды. Танысып, табысу да ғаламтор арқылы жүзеге асатыны көпке мәлім. Тіпті, маңызды шаруалар да «М-агент» арқылы шешілетінін мойындауымыз керек. Мониторға ұзақ телміріп отырып, біраз нәрсені естен шығару күнделікті дағдыға айналғанын тағы жасыра алмаспыз. Ағылшын дәрігерлері компьютердегі ескертпелер мен түрлі органайзерлер адамның есте сақтау қабілетін әлсіретіп, мидың істен шығуына себепкер болатынын жасырмайды. Ал бір топ шведтік экологтар компьютер аллергияның өршуіне себепкер екенін дәлелдеген. Монитордың пластмасса құрамасына кіретін трифенилфосфаттың химиялық қоспасы компьютердің алдында көп отыратын адамдардың аллергиялық ауруларын тудырады. Тіпті, компьютері бар кішігірім бөлмеде отырған адам дереу аллергияға шалдығуы мүмкін деген болжам да бар. Трифенилфосфат бас ауруына шалдықтырып, тыныс алу жолдарына кедергі келтіреді екен. Зерттеулер көрсеткендей, қалыпты жұмыс барысында 50-55 градусқа дейін қызған монитордың корпусы ауаға трифенилфосфат қоспасын шығарады. Бұл өз кезегінде түрлі аллергиялық дерттің асқынуына себепкер болатын химиялық қоспа. Статистикалық деректерге сүйенсек, компьютерге әуес жандардың 85 пайызы екі жыл мониторға телміргеннен соң остеохондроз дертінің түрлі сипатына тап болады екен.

Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ: Компьютер: досымыз ба, әлде жауымыз ба?
Десек те, компьютерден көп зардап шегетін адам ағзасының бір мүшесі — көз. Мұның себебі, әрқилы түске еніп, жалт-жұлт жанатын монитор көзге үлкен күш салады. Тіпті, «компьютерлік көру синдромы» деген атау да пайда болған. «Ақылды техниканың» алдында тапжылмастан 6 сағат отырған адам дәл осы дертпен бетпе-бет кездеседі. Синдромның пайда болу себебін екіге бөлуге болады. Біріншіден, адамның көру қабілеті әлсіреп, кітап оқу барысында көздің шаршауы бірден аңғарылады. Екіншіден, көз шарасы қызарып, көздің ашуы да компьютерлік көру синдромының негізгі себептері. Зерттеулерге жүгінсек, мұндай синдром компьютер тұтынушыларының бойында екі, төрт сағаттан кейін-ақ байқала бастайды екен.

АҚШ-тың қоғамдық ұйымдарының бірі адам ағзасына компьютердің тигізер зияны жөнінде зерттеу жүргізген. Зерттеу нәтижесінде компьютер алдында 5 сағаттан артық отыратын адамдар бірқатар ауруға тап болатыны анықталған. Тіпті, ауруға шалдығушылардың статистикалық деректері де келтіріліпті. Төртбұрышты техника көз, жұлын мен мойынға ғана емес, жүрек-қан тамырларына да кері әсер етеді екен.

Интернетке тәуелділік те — дерт

The Independent басылымына сүйенетін болсақ, адамның ғаламторға тәуелділігі ішімдік, кокаин немесе марихуанаға деген тәуелділікпен бірдей екен. Қытай ғалымдары бір шындықтың бетін ашты. Ғаламторға тәуелділік адам миына кері әсерін тигізеді. Қытайлық мамандар интернетке тәуелді 17 адам миының МРТ-сканерінен өткізілген бейнесін 16 дені сау адамның миының МРТ-сканерінен өткізілген суретімен салыстырыпты. Сөйтсе, интернетке тәуелді жандардың эмоцияларды талдау, шешім қабылдау, назар аудару сияқты қызметіне жауапты адам миының белгілі бір бөлшегіне едәуір зақым тиген. Мұндай өзгерістер ішімдікке, есірткіге әуес адамдардан жиі байқалады екен. Десек те, мамандар «бұл әлі толыққанды дәлелді шешім емес» деп отыр. Ғаламторға тәуелділік — қауіпті дерт. Негізінен компьютер тұтынушыларының 5-10 пайызы интернетке әуес. Дегенмен тұтынушылардың барлығы дерлік тек интернетке ғана емес, компьютер ойындарына да тәуелді. Виртуалды өмірге деген құлшыныс адамды баурайтыны соншалық, тіпті көпшілік жеке өмір, білім алу, жұмысты кейінге ысырып қояды. Ол ол ма, тамақ пен ұйқыдан бас тартатындар да жетерлік. Әйтсе де, ғаламтор әлемін «кезіп жүру» кейде қажеттіліктен де туындайтын дерт екенін ұмытпаған абзал.

Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ: Компьютер: досымыз ба, әлде жауымыз ба?
«Ойыннан өрт шығады»
Адам ағзасына компьютер ойындарының да тигізер зияны мол. Қазір ойын баласын даладан табу қиын. 90 жылдардың аяғында бүлдіршіндердің санасын компьютер ойындары жаулап алды. Әр-әр жерде кішігірім «ойынханалар» ашып, жас ұрпақтың санасын улаған пысықтар да пайда болды. Бүгінде мектеп жасындағы баланы кітапханадан немесе мұражайдан таппайсыз. Қазір балалар бос уақытын виртуалды әлемде өткізеді. Мониторға жауыздана қарап, клавиатурадан жынын алған балаларды көргенде еріксіз жаға ұстайсыз. Психологтар компьютер ойынын дертке балайды. Расында, солай. Күн ұзаққа мониторда қолына қару ұстап, шімірікпестен адам өлтірумен айналысып жүрген виртуалды әлемнің «тұрғындары» бүгінгі баланың ең жақын досына айналды. Балаларды былай қойғанда, ересектер де «экранның ар жағындағы өмірді» қызық көреді. Түні бойы ойынға телмірген жеткіншектің санасы өзге әлемді қабылдамайды. «Геймер» деп аталатын компьютер ойынына әуес жандардың бар арман-тілегі экранның ар жағындағы жасанды кейіпкердің көзін жою. Бірақ көбіне еліккен жандар жасанды кейіпкерді емес, өзін жазалап жатқанын түсінбейді де. Мәселен, «Counter-Strike» және «Diablo II» ойынын ойнаған тайлық Танет Соммои, Юен Лонг есімді қос азамат интернет-кафеде көз жұмған екен. Компьютер ойынының шырмауығына түскен тек тайлықтар ғана емес. 2001 жылы көршілес Ресейде мектеп жасындағы алты оқушы өзіне-өзі қол жұмсаған. Бұл жолы жеткіншектерді «Последняя Фантазия» ойыны баураған екен. Қиял-ғажайып әлемі әп-сәтте алты отбасын қайғылы жағдайға душар еткен. Дәл сол жылы АҚШ азаматы Шон Вуллейдің өлімі әлемді шошытқан еді. «Everquest» ойынына елігіп, виртуалды әлемге енген азамат суицидке барады. Шонның анасы Элизабет: «Бұл тәуелділік. Сен не өлім құшасың, не жынданасың, не тірі қаласың. Менің ұлым өлім құшты» деген екен журналистерге берген сұхбатында.

Бір қызығы, компьютер ойынына деген тәуелділік нашақорлыққа әуестенумен пара-пар. Алайда бүкіл әлем есірткімен күрескенде, сананы улаған компьютер ойындарымен күресуге қауқар жетпейді әзірге. Жасыратын несі бар, Алматыдай алып шаһардың әр бұрышында компьютер ойындары, интернет-клубтар самсап тұр. Мұндай клубтарға кіре қалсаңыз, мониторға ызғарлы қарап, ар жақтағы адамды «өлтіруге» бар ынта-шынтысымен кіріскен жеткіншектерді байқайсыз. Тіпті, қараңғы клубтың іші құдды соғыс алаңына айналғандай әсер қалдырады. Мұндай клубтарда мектеп жасындағы жеткіншектер күні-түні отыруға дайын. Балаларын компьютер алдына емір-еркін отырғызатын ата-ана кейде ұрпағын қандай қадамға жетелейтінін өзі де сезбейді-ау, осы…

* Компьютер досымыз ба, жауымыз ба? Шын мәнінде бас қатыратын сұрақ. Дерт атаулының бәрі монитордан, техникадан пайда болмасы анық. Десек те «сақтықта қорлық жоқ». Ғалымдар монитордан шығатын сәулелер адам ағзасына зиян тигізбес үшін, «ақылды машинаның» алдында шай ішіп, апельсин жеп отыру керек деген кеңес береді. Өйткені апельсиндегі, шайдағы витаминдер адамның иммундық қабілетін арттыра түседі-міс.

* Компьютер алдында отырған баланың іс-әрекетіне бір уақыт зер салған дұрыс. Бүлдіршініңіз мына әлемде емес, виртуалды әлемде отырса, дереу шара қолдану керек. Компьютердің ойынына еліктірмей балаларды кітапқа әуестендіріп, шынайы әлемнің қызығынан хабардар еткен жөн болар.

Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ
aikyn.kz

6 пікір

beko
Әсіресе мен! Осы мақаладан, әркімнің өзіңе түртіп қояр жерлері бар.
Сондықтан, толығымен шығарайын дедім…
Korkem
Бұл компьютер дегеніңде есірткі сияқты ғой. Жалғызақ жақсы жері тамаша достарың көп…
calendula
Компьютер досымыз да, жауымыз да емес, жолдасымыз десем))) Достан тек жақсылық күтесің, дұшпаннан жамандық… Ал, компьютерден екеуін де!
dimash
ал мен компьюетер алдында телміріп отыруды күннен күнге сиретудемін. Көркемнің жазған блогтарындағы аштыққа үйрену баста қиын болатын сияқты, бұл да бірінші кездері оңай болмайды екен… Тек қажет деп тапқан кездерімде ғана агентке де кіремін, сайттада отырамын, инеттен киноны да қараймын. Әр істің өз орны болатындай бұны да солай қабылдаған жөн. Әрине, күнкөрісі осы төртбұрышқа қарап отыратындар жайлы бөлек әңгіме… Толық оқығаным жоқ, суреттеріне қарап болжап жазып отырмын. Көп қимылдап денедегі радиацияны таратып жіберуге болатыны дәлелденген ғой, программист бауырларыма осыны тағы бір қайтара ескертер едім.
Kokbori
кунінде 10-14 сағат отырам.Кері әсерлері білініп келеді
Aspan
«адамзаттың басына түскен дерт пен қауіп-қатердің түп-төркіні компьютерде жатыр»
асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын.! Мөлшермен пайдаланбаса зиян екеніне дауым жоқ, бірақ, компьютер пайдаланбайтындардың басына дерт түспейді деуге әсте болмас. Бұлай талдайтын болсақ шегінен асып кетсе барлық нәрсе жау болып шығады.Бұл жерде гәп компьютерде емес, адамның оны қалай пайдалануында ғой. Орнымен пайдалансаң дос, шектен тыс отырсаң — қас.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.