Мидың қан айналымы бұзылуының бастапқы белгілері қандай?

Пайдалы кеңестер /
Жүрек-қантамыр аурулары дамыған елдер мен қоса дамушы елдерде де ересектер арасындағы еңбекке қабілеттіліктің ерте жоғалуы мен өлімнің басты себептерінің бірі болып табылады. Жүрек пен қантамыр аурулары Қазақстан Республикасында да ауру-сырқаулар мен өлім құрылымында көшбасшылық орын алып отыр. Бүгін пайдалы кеңес айдарында мидың қанайналымы бұзылуының бастапқы белгілері мен инсульт кезіндегі алғашқы жәрдем жайында кеңес береміз.
Инсульт дегеніміз — бас қан айналым жүйесінің жедел бұзылуы, миға қанның кетуі, мидың субарахноидалды қабатына қан құйылу мен мидың инфарктісі (ишемиялық инсульт). Инсульттің барлық жағдайының 70-85% ишемиялық инсультты құрайды, ал геморрагиялық инсульт (қан құйылу) төрт есе аз болады. Көбінесе, инсультке артериалды гипертония себепші болып келеді. Оған 50-ден асқан азаматтар жиі ұшырасады.Бірақ қызу өмір ағымы мен жоғары эмоционалдық жүктеме, гиподинамия мен дұрыс тамақтанбауға байланысты соңғы уақытта инсультке жастар да ұшырасып жатады. Инсультпен ауыратындарды емдеу мен сауықтыру ұзақ уақытты талап етеді. Сондай-ақ, өлім пайызы жоғарылап, әлеуметтік бедел мен еңбекке қабілеттіліктің төмендеуі байқалуда.
Инсульт алған соң жедел жәрдем келмей тұрып алғашқы көмек берудің маңызды зор.
Алғашқы көмек беру үшін инсульттің қандай белгілері барын білу маңызды. Әдетте, инсульттің белгілеріне комаға дейінгі ойлау қабілетінің бұзылуы, ұйқышылдық (болмаса қызынуды сезіну), қысқа мерзімді естен тану жатады. Кейде бас айналу, бас ауруы, жүрек айнуы немесе лоқсу, кеңістік пен уақытты тұспалдауды жоғалту байқалады.Вегетативті белгілері де байқалуы мүмкін: терлеу, жүректің жиі соғуы, ауыз қуысының құрғауы.Инсульттің басқа белгілері де пайда болуы мүмкін: аяқ не қолдың әлсіреуі немесе сезімталдықтың төмендеуі, ерін болмаса бет мүшелерінің жансыздануы, тепе-теңдік пен қозғалыс үйлесімділігінің, көз көрудің бұзылуы, афазия (сөйлеудің бұзылуы).Сондықтан аурудың ең алғашқы минутында немесе сағатында көрсетілген медициналық көмек ең нәтижелі болып табылады.
Себебі, ол емдеудің қаншалықты сәтті өтетінін анықтайды. Мидағы қан айналымы бұзылған сәттегі алғашқы 3 сағат (көп дегенде 6 сағат) «терапевтік уақыт» деп аталады. Өйткені, бұл кездері мидағы өзгерістердің бетін бері қайтаруға болады. Міндетті түрде жедел жәрдемді шақыру, әрі аурудың белгілері жайлы нақты, толық мәлімет беру керек, сол кезде арнайы неврологиялық бригаданы жібереді.Дәрігерлер келместен бұрын науқасқа дәрігер келгенге дейінгі көмек көрсетілуі тиіс.
Бұл мидың одан әрі зақымдануына жол бермеуге септеседі. Ең алдымен, науқасты басы мен иығы көтеріліңкі болатындай етіп (бұрышы 30 градусты құрауы тиіс) жатқызу керек. Науқас үйде ауырып қалса, басы мен иығына жастық қойыңыз. Егер ұстама көшеде орын алса, бүктелген кеудешені пайдалануға болады. Науқасты басқа орынға ауыстырмаңыз (мәселен төсекке жатқызу), бұл қауіпті.
Науқасты қажетті таза ауамен қамтамасыз етіңіз. Ол үшін белдік пен көйлектің жағасын ағытыңыз немесе қалың киімін шешіңіз. Ғимаратта болсаңыз, терезе мен желкөзді (форточка) ашыңыз. Бөлмеден артық адамдар шығып, ішінде көмектесе алатындар ғана қалуы тиіс. Егер ұстама далада болса, адамдардың өз жұмыстарымен жан-жаққа кетуін сұраңыз.
Лоқсу кезінде науқастың басын абайлап шетке бұрыңыз. Тұншығып қалмас үшін ауыз қуысын құсықтан тазалаңыз. Егер көп мөлшерде сілекей ағатын болса, басын ақырын ғана шетке бұрыңыз.
Науқасқа қантамырларын ұлғайтатын дәрілерді, әсіресе – ішімдік беруге болмайды. Себебі, оларды қабылдаған соң мидың басқа бөліктеріндегі қантамырлар ұлғайып, зақымданған қан тамырларына қан дұрыстап жетпейді, осылайша инсульттің соңы ауырлап кетуі мүмкін.
Инсультті анықтау.
Инсультті анықтайтын 4 белгі бар:
-адамнан күлуін өтініңіз (ол айтқанды орындай алмайды);
-қарапайым сөйлемді айтуын сұраңыз (сөйлеген сөзі түсініксіз);
-екі қолын көтеруді сұраңыз (қолдарын көтере алмайды болмаса жартылай ғана көтереді);
-тілін шығаруды өтініңіз (егер тілі қисайған немесе қайырылған болса, ол да инсульттің белгісі).
Инсульт кезінде алғашқы жәрдемді дұрыс беру арқылы адамның өмірін сақтап, инсульт салдарын азайтуға болады. Сондықтан әр азамат инсульттің белгілерін біліп, дәрігер келгенге дейін көмек көрсете алуы тиіс.
Артериалды гипертензия жағдайында инсультті басынан өткерген және диспансерлік тізімде тұрған науқастарға Қазақстан Республикасында ТМККК аясында тегін дәрілік заттар жазылып беріледі: Бисопролол, Карведилол, Метопролол, Эналаприл, Лизиноприл, Периндоприл, Амлодипин, Нифедипин, Лозартан, Кандесартан, Индапамид пен оның комбинациялары.
ҚР ДСМ «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы»
ШЖҚ РМК «Дәрі-дәрмек ақпараттық-талдау» орталығы.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.