Қайта тірілген күшік, жарғанат-мысық және кішкентай ғалым-пысық

Кино /


Әлі есімде бастауыштан «босап» шығып, мектептің бел буынына қосылған тұста кішкентай қара-ала күшікке қолым жеткен-ді. Шыр айналып, зырылдауықша жүгіріп жүрген сол күшік аяқ асты ауырып, өледі-ау деп жатқан кезінде әжептеуір қиналғаным бар.

Кино саласында тентектеу, елден еректеу стилімен көзге түсіп жүретін Тим Бертонның «Франкенвини» анимациялық туындысын көріп отырып сол Тарзанды (бағанағы күшік қой) есіме түсірдім. Мектеп оқушысы мен иесіне берілген Спарки туралы фильм залдағы біраз елдің де ойына оу заманда қалып кеткен ит-мысықтарын оралтса керек, «The end-пен» қатарласа тұрған жұрт дабырласа күліп, көздері жылтырап залдан шығып бара жатты.

Әйткенмен, алыс Америка құрлығының прокатына бізден бұрын шығып, көптің көңіліне жақпай қалған «Франкенвини» жалпы әлемде табыс табудан титықтап жатыр. Қазақстандағы қал-жағдайы қандай боларын уақыт көрсетер.



Дос атаулыдан жұрдай оқушы Виктор Франкенштейн қағынғыр көлік жүргізушісінің кесірінен күшігінен айрылған соң, көп сөзді ысырып қойып Спаркиді тірілтуге кіріседі. Үйінің төбесін кішігірім Ұлттық ғылым орталығына айналдырып алған бас кейіпкер күшігін ана жерін бір жамап, мына жерін бір тігіп «бір Құдайдың күшімен», найзағайдың ісімен бұл өмірге қайтарады. Ә дегенде алабажақ ит арылдаған зомби болар деп ойлағам, сөйтсем жоқ, қорек қылары сүйек емес, электр қуаты демесеңіз «әп-әдемі» Спарки ойнақтап шауып кетті.

Қайбір кездері келмеске кеткендей болған қуыршықтардың көмегімен анимациялық фильм түсіру әдісі бертондық «Франкенвиниге» әлдебір жаңашылдық сыйлаған екен. Әлде бала түгілі, ересек адамның ойы мен жанын біртүрлі сезімге «бөлеп» қоятын атмосфера, әлде қызылды-жасылды кино көріп үйренген көздің ақ-қара туынды қарап шошынуы, әйтеуір соңғы рет «Қалыңдық мүрдесі» (ол да сол Тим Бертонның еңбегі) сыйлаған әсер қайта оралды.



Түпнұсқасын көрмеген соң туындыны дыбыстаған актерлардың қаншалықты шебер сөйлегеніне/ән салғанына/шыңғырғанына/қышқырғанына баға бере алмаймын, бірақ бізге жеткен ресейлік дубляжды кейбір күңгір дауыстарын есепке алмай «жаман емес» деп мақтап қоюға болады.

«Франкенвини» – қарама-қайшы сезімдердің құйрығынан ұстатып кете беретін фильм. Бір жағынан, бір шөкім мейірім туғызатын күшік, әке мен шешенің алақанға салып әлпештеген ұлы, жаңа-жаңа тұтана бастаған жасөспірімдік сезім туралы әп-әдемі анимациялық туынды. Екінші жағынан қарасаң, кей тұсы «мен хоррормын» деп кердең басатын біраз фильмді еріннен ұрып, жақтан салып, сақ-сақ күліп кете баратын қорқынышты дүние. Көзі бақырайған мысықты қияли қыз, тісі қисық бүкір оқушы, готикалық аура, үй жануарларының моласы – келісіңіз, «Маша мен аюды» көріп үйреніп қалған балаға көрсететін кадрлар емес.



Әрине, Тим Бертонның ертегі-әлемдік қиялына кеңсенің шаңын жұтып отырған біз ілесе алмаймыз. Бір баласын ертіп, енді біреуін көтеріп «мультик көрсетем, мультик көрсетем» деп барған әке-шешенің де сеанстан соң Хелена-Бонем Картер күйеуін боқтауы ғажап емес. Бәлкім, оу баста прокатқа анимациялық туынды демей, хоррор жанрындағы фильм деп шығарса біздің моральдік-психологиялық дайындығымыз да басқаша болар ма еді, кім білсін…

Не деген күнде де қара әзілді ұнататын немесе Бертонның фильмдерін жібермей көретін елге қызық болар туынды шығып жатыр. Попкорн құшақтап көріп қайтамын деген жұртқа да таптырмас дүние-ау, шамасы…



Керек дерек: дәл осындай сюжетпен, дәл осы Тим Бертонның қысқаметражды фильмі дәл осы атаумен сонау 1984 жылы жарық көріпті. Алайда, Диснейдің ақсақал-көксақалы киноны балаларға көрсетуге болмайды деп шешіп, Бертонның өзін ақшаны орынсыз шашты деген желеумен жұмыстан қуып шыққан екен. Өмір алма-кезек: 2007 жылы Дисней студиясы режиссерге «сол фильміңді қайта түсіріп берші» деп «әке-көкелесе» керек. Қызық негізі…

P.S. Спаркиден бір артықшылығы менің Тарзаным күшігінде тірі қалған болатын. «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» деген мақалды құлағына құйып өскеннен бе, бертінде бір жоққа жоғалып тынды.

P.P.S. Жарғанат-мысық туралы өздеріңіз қарап аларсыздар:)



Киностан

Дінмұхамед Зиядин

7 пікір

Korkem
осындай мультфильмдерді көріп отырым орныңнан тұрып кете алмайтының жаман. Бірақ балаларға пайдалы, яки зиян екенін білмеймін. Үйде бала жоқ, мультфильмді папам да жақсы көреді негізі))))
ZevsKO
қазіргі заманғы мультфильмдердің суреті әдемі болғанымен психологиялық тұрғыдан бізгдің менталитетімізге сай келммейтіндігі сезіліп тұрады
khairbek
ой быздын баягы Карлсон, ну погадилерге жетпейдыго барыбыр
m170785
осыны көрсе болды бітті теледидар соныкы, пультте соныкы
ZevsKO
трейлерін көргеннен-ақ ұнамады. Ақ-қара кадрды ұнатпайтындығымнан болар…
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.