Бәріміздің басымыздан өткен жайт

Күле отырайық /
Вокзал жаққа баратын болып, «Шіркеу» аялдамасынан сол бағыттағы маршрутқа мінгенмін. Есікке қарама қарсы орындыққа отырдым да, терезеден қаланың көркін тамашалай бастадым. Әдемі қырқылған ағаштар, сәулеті әсем ғимараттарға қызыға қарап отырдым да, есік жаққа бұрыла беріп, кондуктор қызға көзім түсіп кетті. Тәмпіш мұрын, әдеміше келген қыз екен. Екеуміздің көзіміз түйісіп қалды да (көзі отты екен бәтшәғардың), мен осалдық танытып, жанарымды тайдырып әкеттім. Терезеге қарап, жол жиегіндегі адамдарға көз салып отырп, әлгі кондуктор қызға қайтадан көзім түсіп кеткені, тағы да. Маған әлі де бажырайып қарап отыр. Ішімнен «мынаның есі дұрыс па» деген ойға қалдым. Тіпті де көзін менен аудармайды. "Өй, ұятсыз, қыз басымен жігіттен көз алмай, бажырайғаны несі" деп ішімнен шала бүлініп те қоям. Бір жағынан қыздың осындай назар аударғаны жаныма да жағып бара жатқандай. Осы бір ой келгенде дандайсытып шіреніп кеп шалқалай беріп ем, қыздың даусы саңқ етіп, жағымнан тартып жібергендей болды:
— «Шіркеуден» мінген кісі проезд төлейік!..
… Жаңағы шірену жайына қалып, жанталаса қалтамды қармандым да қалдым...)))

5 пікір

mairosh
уахахах қызық. басыңыздан өткен бе шынымен?
Korkem
ық-ық, бұ жарықтықтыңда басынан өтпегені қалмапты))) басынан өткен
mairosh
))) мені бір күлдіртті ау))) +
Moldir_96
Хехе))))) Ондай-ондай болып тұрады)
AL-ASTER
Вахаха. Аптобыс демекші, баяғыда аты-жөні, туған жылы белгісіз біреу үлкендерге орын бермес үшін өтірік юхтай салған ғой, рас юхтап кетіп конечкадан бір-ақ шығыпты деседі.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.