Балалық шақ қой, баяғы

Күле отырайық /
ЗенитБарлығымыздың да балалық шағымыз шалалығымыз, бұзықтығымызбен еске түседі емес пе. Мен де өз кезегімде біраз бәлені бүлдірген екенмін. Әкемнен қатты таяқ жемесем де, ағаларыммен салыстырғанда жиірек жазаланатын едім. Олай болмағанда ше? ))
Әкем мен кішкентай кезімде спорт саласында жұмыс істейтін. Хабарларыңыз бар шығар, ол жұмыстың айлығы онша көп емес. Қосымша кәсіппен айналысуға тура келеді. Әкем суретке түсіретін. Жандос деген фотосалон ашты. 7-8 фотоаппараты болды,«Зенит» маркасы. Түрлі түстіге әлі жете қоймаған заман. Ақ-қараның алдыңғы қатарына жататын аппараттардың барлығының түбіне жеткен мына мен болатынмын. Жетеуін де қираттым, жетеуінде де анық кінәлі деп танылып, таяқ жеп, бірақ, жетеуінде де қайтпаған екем. Ең біріншісінде әкемнің бағалы фотоаппаратынан бастадым. Басқаларымен салыстырғанда соны көп қолданатын. Тойларда, концерттерде қолынан түспейтін еді. Қымбат екенін біле тұра ішін ашып көрейін деп шештім. Қаталесіп кетпес үшін алынған деталдарды рет-ретімен еденге тізіп қойдым. Ең соңғы деталін қолыма алам дегенше жерде майда-шүйде, ыбырсыған темір-терсек қаптап кетті. Есепке алып жатқан мен жоқ, алаңсыз қызыққа кіріп кеткем. Пырс-пырс етіп демалып, терлеп-тепшіп, мұрнымды тартып қойып танымымды кеңейтуге тырысып жатырмын өзімше. Біраз ойнап болған соң қызығы да таусылды. Қой, жинап қояйын, біліп қоймасын дедім де кері қарай жинай бастадым бәрін. Жинап келем, жинап келем, уфф бодым-ау дегенде қарасам тағы орналаспай қалған 10-15 бөлшегі қалыпты. Мәссаған, қай жеріне қоятын еді деп олай-былай зерттеп көріп едім, түк шықпады. Қой, құрысын, басқа жұмыстарды істей берейін, кейін қол босағанда аяқтармын ғылыми жұмысымды деп өз шаруаларыммен кете бердім. Қырсыққанда тап сол кезде әкем үйге бір кісімен келді де фотоаппаратты сұратты:«Нұрлан, бар да іштен қара зенитті алып шықшы,»- деді. Ғылыми жұмысымды орта белден үзіп тұрғанынан хабары жоқ.
— Қайсысы? Әрдайым тойға алып барып жүретініңізді ме?
— Иә, иә…
— Қап-қара, иә? Тартып қалып жіберіп қалсаң дыззз етіп барып суретке түсіріп алады, иә? / таймер/
— Сол, сол… Әкелші соны.
— Ммм… Жарайды, қазір, — деп ішке кірдім де, өзім бұзған фотоаппаратты пакетке салып алып шықтым. Келем дегенше қолымды артыма тығып келе жаттым. Екі ересек маған үмітпен қарап күтіп тұр. Пакетті «мә» деп әкемнің қолына ұстаттым да алды-артыма қарамастан басым ауған жаққа қашып кеттім))

ҚТҚ/МТҚ: Тағы да бірнешеуі есіме түсіп тұр еді. Айтаберліктер ұзақ жазылған романдарды ұнатпайтынын ескеріп, бөлек-бөлек қылып жазайын деп шештім. + осым қызықты деп танылса, қаллғандары да осының ар жақ бер жағы.

7 пікір

Korkem
сондай майда-шүйдені шұқылауды мен де ұнатушы ем, қалай жұмыс істейді бұл, ішінде не бар дегендей)))
Karakulov
Мәссаған, масқара! Орф. қате жібермеуге барынша тырысқан түрім еді, тақырыптан-ақ құлаппын ғой.
"қой" емес "ғой" деп жазғым келген.
Karakulov
Ой, рахмет, Рубеке. Осы уақытқа дейін білмеппін.
Жалпы баршаңызға рахмет +10-ға. Келесісіне көшейін енше, 20 мин. күтіңіздер.
AKA
Қызық, ұзақ бола берсін, оқитындар бар ғой. :) Ұнады!
Zhanat
темір терсек шұқуға көп шыдамым жетпей қалады
Ademi
Сосын, сосын не болды???? Сіз де түріктер сияқты екенсіз, қызық жерінде жарнама жіберетін, не бітіре салатын… жалғасын күтеміз
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.