Мен қалай ерекше бала атандым?

Күле отырайық /
Жалған биографиялық очерк

Мен осыдан бір мүшел төрт жыл бұрын жеті қат жер астында, алты құлаш мұз құрсауында дүниеге келіппін. Өмірдің есігін аша сала табаным жерге тимей жатып, үйірде жүрген ең асау жылқыны ауыздықтаппын. Менің бұл ерлігіме таң қалған әкем Сахара шөліне барып, мөлдір дәрия суды әкеп, бесікке салмас бұрын жеті рет сол сумен жуындырыпты. Ұйқысы тыныш болсын деп алғаш рет аузыма құстың сүтін тамызған екен. Бар пәледен аулақ болсын деп бесігімнің басына жаңа сойылған жас тайдың өтін іліп қойыпты.

Қырқымнан шыққанымда атам немерем үшін деп үлкен ұлан-асыр той жасапты. Алыс-жақын шетелден ағайындар ағылып келіпті. Көкемнің айтуынша он мыңға жуық киіз үй тігіліп, 414 түйе, 15245 қой, 11304 ешкі, 9519 жылқы сойылыпты. Бұнымен қоса әр үй елуге тарта мал сойыпты. 10 рет аламан бәйге болып, 30 күн той-тойға ұласыпты…

Сол жылы қыстың қатты болғаны соншалық қытымыр аязға шыдай алмаған жұрт терлеп-тепшіп, көк суға түсіпті. Белден аса қар жауып, бәйшешектер жайқалып өсіпті. Шырқыраған күн арнасына сыймаған өзен-көлдерді мұз қып, қатырып тастапты. Арада уақыт өтіп, көктем есік қағып кіргенде бұрын-соңды болмаған жағдай бопты. Бүкіл мал біткен егізден емес, төртемнен төлдепті. Қорадан таңғы 5-те шыққан малдың соңы, кешкі 5-те бір-ақ шығады екен. Содан бері Ерекше бала атанып келемін.

4 пікір

Jako
Жарайсың Марат, тамаша жазылған екен.
Kan
ерекше бала қатырдың. тамаша жазылған. өтірігің ташабаладан асып түспесе кем емес.
yesbolat83
Жарайсың, Ерекше бала!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.