Кешір, жаным...

Таусылмайтын махаббат /
Сәлем, Жаным.
Осы сөзді өзіңе шын жүректен ешқашан бетіңе айта алмағаным қинайды. Тек қана қалжыңға айналдырғансып, балалыққа ұрынғаным болмаса, шынайы сезімімді нақтылап формално айтпаппын ғой. Өзімді ез емес, керегі туған сәтте сөйлей де, істей де алатын жігіттер қатарына жатқызушы едім. Бұл жолы неден қорықтым десейші…
Алғашқы танысқанымыз әлі есімде. Информатика кабинетінде комп алдында жұмыстарыммен айналысып отырдым. Сол бір ыстық сәтте дәл қасымдағысына келіп сен жайғастың. Мен саған көңіл аударғанымды байқатқым келмей, оң жағымдағы баламен сөйлесіп қоямын. Ал сен тым баяу басады екенсің. Бұл осал тұсыңды өз пайдама шешіп қалмасам Мегамзог атым құрысын дедім. Сөйттім де дереу өз қағаздарымды тарс-тұрс еткізіп, барынша жылдам аяқтауға тырыстым. Қазір сені кездейсоқ байқап қалғансып, өз көмегімді ұсынып… танысып алмақпын. Сенің көзіңе түсу үшін клавиатураны аямай тарсылдата беріппін, қазір есіме түскенде бір жымиып қоямын махаббат үшін күрескен ісіме деген құрметпен. Әйтеуір не керек, бақытыма орай, әдеттегінше барлық жоспарларым толық орындалып, «көзге түсу» операциясы сәтті тәмәмдалды. Бәлкім, саған өз жұмысыңды тез бітіру керек болды ма, білмедім, мен үшін көмегімді жылы шыраймен қабыл алғаның ғана маңызды болды. Артылған үмітті ақтауға барымша тырыстым. Бірнеше рет сен сөйлемді аяғына дейін оқып бітпей жатып, айтпағыңды дәл тауып тезірек теріп тастағаныма риза болдым. Сені таңырқатып, бір ерлік жасадым-ау.… Тәтті сәттердің бірі еді сол кез…

Одан кейін саған күнде баратын болдым. Әдеттегідей екінші кездескенде жігітің не сүйгенің бар ма, жоқ па сұрап алдым өзіңнең. «Жоқ» дегеніңде өзіме-өзім іштей «демек, сен енді менікісің!» деп тұрдым. Өзімнің әзілқойлығымды іске қостым. Қалжыңдарым жеңіл, орынды, күлкілі шығып ұтыстан ұтысқа жеткізіп отырды. Екеуіміз сағатқа қарауды бір жолата ұмыттық. Әңгімеміз таусылмады. Күллі дүниеде тек екеуіміз қалғандай болдық. Араға жарты ай салып үлгермей-ақ жұмыс орныңа енді өзіңнің жылы шақыруларыңмен де келе бастадым. Бұл менің кезекті жеңісім болды.

Уақыт өткен сайын бір-бірімізге деген ынтық сезімдеріміз өрши түсті. Сен тіпті өзіңнің құбыларыңмен бірге қайтуды да артық санап, менімен мейлінше ұзақ қалуға көштің. Әрине, мен мұның бәрін байқап қойдым. Бірде тіпті еден жуушыны да әңгімемізге кедергі жасайтынын жақтыртпай қалып, мен есікті іштен іліп алдым. Сенің көздерің мұның не ойлағаны бар деген оймен ұясынан шығып кетерліктей үлкейіп кетті. Мен дереу үркіп кетпесінші деп жылы жымиып қана өз әңгімелерімді жалғастыра бердім. Бірақ сенің қасыңа отырмастан бұрын бойың үйренгенше алысырақ жүре тұруыма тура келді. Сәлден соң барып қасыңа тақалып иығыңнан жеңіл құшақтап өзіме тартып көрдім. Сен жұлқынбасаң да шығуға әрекет жасап, бір қырыңа баяу бұрыла бастаған сәтте бетіңнен сүйіп алуға ұмтылдым. Сенің назарың менен қашып бара жатқандықтан, қалай тез жетіп қалғанымды да байқамай қалған боларсың. Бірінші рет алмадай бетіңнен сүйіп алдым сол сәт. Сен есіңді менен бұрын жиып үлгердің де құшағымнан сытылып шықтың. Мұндай менің тәжірибемде бұрын да жиі кездескентіктен еш сасқалақтап қалмадым. Сол сәт ерсі қабылдасаң да ақыры күн санап оған да бойыңды үйретіп алдым.… Я, я, дұрыс, бұл менің кезекті оңай келген жеңістерім еді.
Уақыт зымырап өте берді. Есікті іліп алып сені қытықтап, шымшып, сүйіп, тістелеп ойнау қалыпты істердің қатарына енгелі қашан. Бірақ, соңғы кездері менімен тек қана әңгімелесуге ғана жылы шырай таныта бастадың. Махаббат ойындары тек маған керек болып бара жатқанын сезе бастадым.
Әлгі бір сәт әлі есімде. Күнделікті кездесулердің бірі болатын. Сені тағы да құшағыма тартып көрдім. Бүгін біраз жуастау екенсің, маған деген сүйіспеншілігіңді көрсетіп, құшағыма еніп алып еркелеуге кірістің. Өзімді мұншалықты бақытты сезінген емеспін. Ернім әлсіз діріл қағып, қызып, кеудеме ауа толып сені қалай бастадым. Жұдырығымның сыртымен мұрнымды бір түрткендей болып, байқатпай бір жұтынып қойдым. Аққұба жүзің мұнша нұрланған емес еді бұрын-соңды. Артық кетпеймін деп жүргенім есімнен шығып, бетіңнен суланған ерніммен ұзағынан созып тұрып бір рет сүйіп алдым. Мұнымен тоқтағым келмей, қып-қызыл болып тұрған еріндеріңе де кезек бергім келді. Бірақ, жүзіңді басқа жаққа бұрып бұл ойымды іске асырмадың. Ешқашан қайтуды, тоқтауды білмеген мына мен бейбақ, омырауыңның сыртынан құшырлана иіскей бастадым. Дауыстап сөйлеуден қалып, сыбырлай ғана тоқтауымды өтіндің. Кеш. Тым кеш. Ішіңнен қытықтағанда қатты сезімталдығыңды танытатының есіме түсіп, жеңіл көйлегіңнің сыртынан кіндік тұсыңнан жымқыра сүйдім. Бүкіл ауаны өкпеңе жиып, деміңді тоқтатқаныңды байқамау мүмкін болмады. Екі қолыңмен шаштарымды саусақтарыңның арасына өткізіп алып қатты қысып, басымды өзіңе басқаның көп нәрсені сұрамай-ақ түсінуіме белгі берді… Сол кеш әңгімесіз аяқталды. Үйіңе де үнсіздікпен шығарып салдым. Подъездіңнің есігіне жұтылмастан бұрын қоштасу рәсімі бойынша ысқтық құшақтасуды да кейінге қалдырдық. Мен үйіме мең-зең болып, я дұрыс, я бұрыс істегенімді саралай алмай жеттім. Күні-түні сені ғана ойлай бастадым. Достарым «саған не болған, қайғырып жүрсің ғой» деп айтуды жиілетті. Мен мойындамадым. Өмірімнің жаңа бір кезеңі басталды. Бақытсыз кезеңі. Кездесулеріміз сирей бастады. Мен көзіңе түсуге ыңғайсыздана бастадым. Тек сезімге деген құрметпен ыстық ұяма сиректетіп барып тұрдым. Барғанның өзінде сенен бұрынғыдай жылылық таба алмадым. Ұрыса да бастадық. Үйіңде шұғыл шаруаларың да қаптады. Бұрынғы сезім өзін қоярға жер таппай біресе менің жігіт жүрегіме, біресе сенің қыз көздеріңе, ал кейде беймәлім бір жаққа қоныс аударып жүрді. Артық жасаған қателіктеріме өкіне бастадым. Барлығын ұмыттыру үшін жаңа бір жоспарлар қажет екені айдай анық болды. Бірақ, қандай жоспар? Ешбірін құра алмадым. Көз алдымда тіккен туларым бірінен соң бірі құлай бастады. Сенің ой-санаң, ішкі пікіріңді тану қиындай түсті. Мені ысыра бердің, ысыра бердің. Мұның орынды құбылыс екенін білгендіктен еш көңіл аудармадым. Бірақ ызалана түстім. Кездесулеріміз күлкімен емес, ұрысумен өте бастады. Әр ісіңнен қате іздейтін болдым. Ал сен болсаң менің қателерімді бетіме баса түстің. Болашағымызға сенуден қалдым. Өзімді аулау үшін басқа қыз керек деп шештім. Тек қан әңгімелесетін жақын құрбыларым бар еді, солардың да көмегіне жиі жүгініп кеттім. Жалғыз қалсам болды сен есіме түсіп, бар уақытымды кімнің болса да компаниясында өткізуге тырыстым. Бірақ, өмірде еш қиындықты мойындамаған мына мен бұл сынақтан әлсіз болып шықтым. Сені ұмыта алмадым.
Саған баруды азайтамын дегенімнен түк шықпады. Бармаймын деп тұрсам да аяқтарым саған қарай тасу үшін әмірімді керек етпейтінді шығарды. Табалдырығыңа таяғанда қолдарым да өз еріктерімен есігіңді аша бастайды. "Қайтесің, жүрегіңді тыңда, жалынсаң да, жалбарынсаң да бұл қыздан айырылма. Бұл қыздан артық ешкім жоқ саған әрқашан құшақ жая, күлімдей қарсы алатын. Сені толықтай сүйеді, оңыңды да, терісіңді де тани тұра сені толықтай қуып жібере алмай жүргені шын сүйіп қалғандықтан болар. Кәне, қалма артынан" деп санамның өзі сатып кетті. Менікі дерлік нем қалды? Толықтай жаулап үлгеріпсің ғой. Мен өзімді патша санап жүрсем, жеңіле отырып жеңіске бұрын жетіпсің. Қос қолымды көтере мойындадым. Лаж қалмады. Мүмкін, барлығына төзіп, сені қайта қолыма қондырушы ма едім, егер мына оқиға болмағанда…

Сенің бір жақыныңның аузынан сені бір рет алып қашып, үйңдегілер қайта өз босағаңа қайтарғанын естіп қалдым. Одан кейін жүрегім жай ғана қиналмады, езіліп кете жаздады. Тамақ жеп отырып қасығымды да қатты қысып ұстай алмай қалдым. Бірнеше рет бүкіл жұрттың көзінше қолымдағы кесені жерге құлатып, сындырып алдым. Салмағым да тым азайып, азып кеттім. Достарым көрген сайын себебін сұрайтын болды. Мен еш сыр білдірмедім. Саған да… бірақ, сезімім үшін күресейін десем жүрегім дауаламайтын болып қалды. Саған жетіп алып, сол ісіме өмір бойы өкініп өтем бе деген үрейді жеңуге күш таппадым. Кешір, жаным, мен сені тастадым. Қатты қиналып жүрмін, тезірек уақыт өтіп, басқа бір қызбен отау құрып кеткен шағыма жетсем деп тілеймін. Сені әлі сүйемін, ешқашан шын жүректен «Жаным» деп айтып үлгермегеніме өкінемін. Бақытты бол, Жаным!

2 пікір

followme_alik
Жақсы-ақ. брі сұрақ: Байқаудың жалғасы ма… :/
Guka
Сезіміңіздің шынайы екені көрініп тұр. Мүмкін байқау үшін емес (ол біткелі көп болды), тек өз ойын жазған болар. Бір түсінбегенім… Егер сіз шын сүйсеңіз, оның үйіне қайтып келгенінің қандай қатысы бар? Әдетте, сүйген адам оған қарамаушы еді…
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.