Қоңыр күз

Таусылмайтын махаббат /
Қорғалаған қоңыр күз
(әңгіме)

Жүдеу күз. Қорғалаған қоңыр салқын ашық терезеден емеуірінмен ғана желпіп-өбіп өтеді. Сусылдаған ақшыл перденің қарны қампая ішке серпіледі. Алакөлеңке. Алакөлеңкенің өзі демігіп- үздігіп тұрғандай. Төбеден төнген бейнекамераның бағатыны: кітапхана, қоңыр үстөл, аққұбаша қыз. Беті ашылған бес- алты кексе кітап. Көңіл-күймен оның ісі жоқ. Айжан оқып отыр ма, басқа оқып отыр ма? Оқымай отыр ма – бәрібір. Айжанның, әйтеуір, бас көтергісі келмейді. Құмары қанбағандай. Өзінің райлас курстастары келіп: «Айжан!», — деп адақтаса да селт етер емес.
Кітапханашы апайдың теріс қарап кейде жеңіл, кейде ауыр күрсінгені болмаса, бөлме іші құлаққа ұрған танадай. Анда-санда ерсілі-қарсылы жеделдете өткен қыз-келіншектердің тық-тық еткен аяқ дыбысы еденді тесіп жіберердей. Жаратпайды-ау, осынау кердең жүрісті. Әнеки, есікті сықырлата залға екпіндей еніп келе жатыр тағы біреу. Аяқ басысынан сезеді – жас жігіт. Қадамы ширақ, егделердей аяғын тырпылдата сүйретпейді.Кітапханашы оны өзінің ескі танысындай жылыұшырай қарсы алды. Сөреде тұрған қызылқоңыр кітапты ұстата берді. Ол басқа орын таппағандай тап Айжанның қасындағы орындыққа келіп жайғасты. Бос па, бос емес пе, адам отыр ма, жоқ па – онда оның мүлде шаруасы жоқ. Әрі сапырылыстырды, бері сапырылыстырды, ары ақтарды, бері ақтарды. Іздегені табылмаған сияқты. Бозбала енді жан-жағына алақтай қарады. Айжанды енді көргендей оқыс бұрылды да:
— Кешіріңіз, сәлеметсіз бе?-деді жұлып алғандай.
— Сәлемет болыңыз?- деп бұл күліп жіберді.
— Несіне күлдіңіз? Мен ерсі бірдеңе деп қойдым ба? – Ол енді бұған анықтай қарады. – Осы сіз не бітіріп отырсыз?
— Күлмегенде қайтейін, қылығыңыз да, сөзіңіз де қызық екен. Білгіңіз келіп бара жатса, бітіріп отырғаным – қазақ эпосын қарап отырмын.
— Е-е, дұрыс.Мен өзі сондаймын. Сіздің ұзын бұрымыңыз, мойылдай қара көзіңіз сол эпостардағы қыздардыкінен бір аумайды. Айтпақшы, есіміңіз кім?
Бұл сықылықтап күліп жіберді, жалт қараған кітапханашы апай сұқ саусағын ерніне апарып, күлімдей де елжірей қарады.
— Баян мен Қыз Жібектің көзін көріп келгендей сөйлейді екенсіз. Атым – Айжан, ал өзіңіздің есіміңіз ше?
— Әсет.Оқуға осы жылы түстіңіз бе?
— Иә, бірінші курста оқимын.
— Мен экономика факультетінің екінші курсынла оқимын.
— Мен болашақ кітапханашымын, осы ғимараттың келешек иесі біз боламыз.
***
Жадау күз. Еркелеген еспе самал ашық терезеден жылыұшырай желпіп-жебеп өтеді. Сусылдаған ақшыл перде тойынған ақ желкендей ішке қарай қайқаяды кеп. Алакөлеңке. Алакөлеңкенің өзі талмаусырап тұрғандай. Төбеден төнген бейнекамераның бағатыны: кітапхана сөрелері, қаптаған үстөлдер, ана жерде бір шоқиған, мына жерде бір шоқиған оқырмандар.Ашып-жабылған кітаптар, беті ашылған ноутбуктар. Көңіл-күймен оның әсте ісі жоқ. Анда-санда жеделдете әрлі-берлі өткен қыз-келіншектердің тық-тық еткен аяқ дыбысы еденді тесіп жіберердей. Жаратпайды-ау Айжан осынау кердең жүрісті. Әнеки, есікті сықырлата залға екпіндей еніп келе жатыр тағы біреу. Аяқ басысынан сезеді – жас жігіт. Қадамы ширақ, қариялардай аяғын сүйрете баспайды. Кітапханашы оны өзінің ескі танысындай жылыұшырай қарсы алды. Сөреде тұрған екі томды ұстата берді. Ол басқа орын таппағандай ертемен келген ақсары қыздың қасындағы орындыққа келіп сылқ ете түсті. Бос па, бос емес пе, адам отыр ма, жоқ па – онда оның мүлде шаруасы жоқ. Әрі қарады, бері қарады, ары ақтарды, бері ақтарды. Іздегенін таппады. Ұзын бойлы қараторы жігіт енді жан-жағына алақтай қарады. Қасындағы қызды енді көргендей оқыс бұрылды да:
— Кешіріңіз, сәлеметсіз бе? — деді жұлып алғандай.
— Есен-сау болыңыз? — деп ақсары қыз езу тартты.
— Несіне күлдіңіз? Мен бірдеңе бүлдіріп қойдым ба?– Ол енді бұған анықтай қарады. – Осы сіз не істеп отырсыз? Жаңа не айтайын деп едім… Е-е, енді есіме түсті. Күнде осы кітапханадан шықпайсыз. Атыңыз кім?
— Күлмегенде қайтейін, қылығыңыз да, сөзіңіз де біртүрлі екен. Білгіңіз келіп бара жатса, қазақ эпосын оқып отырмын. Толқын десеңіз жетіп жатыр.
— Е-е, жөн екен.Менің кейде сондайым бар.Атым – Әнуар. Сіздің сәмбі талдай бұрымыңыз, тұңғиығы терең жанарыңыз сол эпостардағы Құртқа мен Гүлбаршыннан әсте аумайды.
Ақсары қыз сықылықтап келіп күлсін. Елдің бәрі бұлар жаққа жалт қарады. Манадан осы үстелге көз салып отырған кітапханашы Айжан сұқ саусағын безеп қойып, ешкіммен ісі жоқ екеуіне сонау бір алыстан сағына да елжірей қарады.

14 пікір

qyrmyzy
Жазба әдемі уақытта жарияланыпты:)
maulen
Қызық бұл махаббаттың бастауыма, әлде достықтың бастауыма біле алмай тұрғаным?
Rayana
Күздегі сәттер есіме түсті, махаббаттың жанында әрдайым достық бар!
yesbolat83
Өте тамаша жазылған.
Сусылдаған ақшыл перденің қарны қампая ішке серпіледі.
Керемет бейнелегенсің, көз алдыма бірден елестеді перденің желмен ішке қарай серпігені.

Мәссағаннан осыған ұқсас әңгіме оқып ем, сол жазбаның авторы да сен емессің бе?

Ұнады. Өзге де жазбаларыңды күтеміз.
Rayana
Аға, бұл менің алғашқы жариялаған жазбам.Пікіріңізге рахмет! Жақында жаңа әнгімелерімді жариялаймын.
yesbolat83
Өзім әңгіме оқығанды ұнатам. Асыға күтетін боламыз.
nurbanu_KAMAL
Өте әдемі жазылған. Сізден үлкен шығармалар күтемін.
Kyrtka
Қысқа да нұсқа, түсінікті. Жақсы әсер қалдырады. Сәттілік!
Rayana
Рахмет, сіздерге пікірлеріңіз үшін!
geofizik_001
қорғалаған деген не мағынада?
AKA
Жақсы, позитив бар бастысы. Жалғасы бола ме екен?
Rayana
Салем достар! Кешіктіріп жауап бергенім үшін кешірім өтінем. "Қорғалаған" деген сөз «Жабықтырған» деген мағынаға келеді. Ал, жалғасы жоқ. Басқа әңгімелерімді жариялайтын шығармын жақында, ал бұл әңгіме тәмам болған шығарма.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.