Ойлаудың өзі ұмытпау екен ғой...

Таусылмайтын махаббат /
Білесің бе?! Сезесің бе?! Жаным жүдеп, жанарым жасқа толғанда сені ойлағанмын, қасымнан қол ұстасқан ғашықтар өткенде сені ойлағанмын… ойлай да беремін… сені ойламай жүру – өмірден түңілу сықылды…
Өмір жолы қиын… Армандарымыз бізді екі бөлек кетуге мәжбүр етті. Болашақ үшін, бізден үміт күткен жандар үшін жүрекке тұсау салып кете бардым. Бұрын өзіңмен қатар жүрген күндерімнің қадірін білмеппін, тіптен бір қалада жүрудің өзі қандай бақыт еді десеңші… Сағынамын...Әттең, мендік сезімді білмедің ғой, жанымның нәзік сырларын ұқпадың, сен дегенде елең етер көңілімді түсінбедің, сені көргенде жарқ етер жанарымның отын көрмедің…
Уақыт өткен сайын сол қайта келмес күндерім алыстап барады, сол ғажайып сәттерім бұлыңғыр тартуда...
Мен кейде қатты қорқам, бұл ғаламда жалғыз қалғандай түңіліп кетем… Сол сәттерде менің жанымда өзің болғанда ғой деп армандаймын...Өзіңдей ешкімнің бола алмасын білем, дәл сен менің жанымда болып, қорған болсаң деймін, тоңғанымда жылытып, жылағанымда жұбатып, қуанышымды бөліссең деймін.
Есіңде ме, бір рет екеуміз ақ жаңбырдың астында қалып қойғанбыз… Сондағы менің жүрегім, жаным, тәнім де аққан жаңбырды байқамаған да… оның бар бақыты – сенімен қатар жүруі еді…

Сенің тұлғаңның, азаматтық келбетіңнің, батыл көзқарасыңның аясында мен өзімді еркін, қорғаны бар жандай көремін… Дәл сенің жаныңда тұрғандай өзімді ешқашан да жайлы сезінген емеспін…
Мен сені ұмытпағанмен, сен мені ұмытатын секілдісің… ертеңгі күні бір жерде кезігіп қалсақ, жанымнан танымай өте шығатындайсың… Сол қорқыныш еңсемді басып барады… Мен сенің тағдыр жолыңда елеусіз күйде қалатын сияқтымын…
Сендік жүрек те сезім тұтқынына айналды… естідім… көруге дәтім шыдамас еді...Тек бақыт тілеп қана отырайын десем, «қарғыс атқыр» жүрегім қызғаныштың шекпенін киіп, сағыныштың сарқытын сіміріп отыр...Ұмытайын десем, ойлай берем… Ойлаудың өзі ұмытпау екен ғой…

8 пікір

eclipse9
Қаршадай қара қыздың қаламынан осындай дүние туындайды деп кім ойлаған, керемет!
kazakh_kyzy
Рахмет Дарын!
qyrmyzy
Кейде сезіміңді тұншықтыруға тура келеді… жаза түс! Бастамаңыз жақсы!
AL-ASTER
Әрине, ойлаудың өзі ұмытпау екен. Ұмытап оны деп ойлаған сайын, оны жадыңда ұстау нығая түседі дегеннен басқа айтар жоқ.
AKA
Соны айтам-ау…
jalyn
Иә, ұмытам деп оқталасың, оны есіңе түсіретін бар дүниені жоюға тырысасың… сурет, хаттар, кітаптар… Бірақ… бірақ, сондай кездерде алдыңнан қол ұстасқандар кезіге бертіні несі?! әлде ұмыта алмағаннан ба? оны, мейлі, байқамауға тырысарсың… Ал, көзіңді ашсаң да, көіңді жұмсаң да санаңнан кетпейтін бейнені, бақытты сәттерді қайтесің?..
Пост ұнады. Ойландырып қойды ғой…
maulen
Керемет........Ұмытшақтық.....Қаншама нәрсе ұмытылып бара жатыр!
Сол баяғы көп нүктелер…
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.