Күнделігім сөйлесін.... Ал, мен тыңдаушымын)))

Таусылмайтын махаббат /
ОЛ қоңырау шалды. Сене алар емеспін. Дауысыңды сағынып қалыппын! Күлкіңді. Риясыз күлкіңді! Ертең келетініңді айттың. Маған келесің! Күтемін!..
Қашан түн жетіп, таң атады екен? Уақыт жылжитын емес. Ұйқы да жоқ. Не де болса ертеңгі күнге жетсем екен. Қазірдің өзінде сені көремін деген ойдың өзі шексіз қуаныш сыйлады маған. Ал ертең сенімен жолыққан сәтте бақыттан жүрегім жарылып кетпесе болғаны…

Біз кездестік. Ғасырға пара-пар күн. Бұл күнді дүниенің бар байлығына да айырбастамас едім әсте. Қобалжығаным сонша үстімдегі жейдем денеме жабысып қалған. Бір сәтте қара терге түстім. Аяғымдағы биік өкшеден бе әлде бақыттан басым айналды ма әйтеуір қара жер аяғымның астынан сырғып жатқандай болды. Алғаш рет осындай күй кештім. Түнімен саған айтатын сөздерімді қайта-қайта жаттаған едім. Аузыма бірі түсер емес. Мен қолымды ұсындым. Жымиғаның есімде. Бетімнен сүйдің. (Сол кезде ішімнен енді бетімді жууға болмайды деп ойладым. Толқығаннан не ойлап тұрғаныма есеп бере алмадым.) Сенің жаныңда өткерген сағаттар секунд тәрізді зулап шықты. Не деген әділетсіздік. Кеше ғана уақыт тоқтап қалған секілді еді, енді бүгін еш кідірмейді. Қасыңнан кеткім келмейді.
Адамдар осы күннің шуағын үнемдемейді. Жауынның тамшыларын да. Егер оны меншіктеп алса қайтер екенбіз? Бір тамшы суға зар болып… Адамға бәрі аз. Маған да солай. Сен менімен аз уақыт болдың. Тез кетіп қалдың. Адам өзгенің затын ғана емес уақытын, қуанышын, тыныштығын, бақытын, махаббатын, тіпті адамның өзін де ұрлай алады. Табиғатта ұрлыққа ұқсайтынның бәрі заңдылық. Ендеше сен менің барымды ұрлауыңа қарсы емеспін. Соны қалаймын. Қоғамда бұл заңсыздық боп саналса да мейлі, бола берсін. Мен сенімен болуды қалаймын. Қалайда сенімен болуды. Заңсыз болуға да келістім.
Сен маған: «Ас дайындауды үйретем» дедің. «Ал, бала бағуды өзің меңгер» деп айттың. Сол сәтте менің ойымда қалыңдықтың көйлегі елестеді. Қандай көркем қалыңдық көйлегі! "Қалыңдықтың орнында мен болам! Қалыңдықтың орнында мен болам! Қалыңдықтың орнында мен болам!" дей беріппін іштей. Ешкім маған ондай ұсыныс жасамады. Жасау да ойда жоқ секілді. Бәрі менің ұшқыр қиялым! Жүйрік ойым ғой. Расында ой ешқандай көлік те, кеме де, ұшақ та жете алмайтын қашықтыққа бір сәтте барып қайта алатыны осы ой шығар, бәлкім? Ол жәй сөз арасында айтқан «нәрсесі» маған үлкен үміт сыйлады. Үміттену қандай қорқынышты!..
Бірақ, «жерге» түссем де үстімдегі қалыңдықтың көйлегімен қоштасқым келмейді. Ия! Мен оны шешпейтін болдым! Мен қалыңдықтың орнында боламын! Бітті! Сен күйеу жігіттің рөлінде болғың келмесе де мен қаламын. Өзгесі келер…
Сенің жаныңда тұрып шексіз бақытыммен бірге бақытсыздыққа душар болдым. Қуаныштан жылап тұрып мұнша мұңға батам деп ойламадым. Санамдағы қасірет кеудемдегі сезімімді жаншып тастады. Мен сенсіз де сенімен де бақытсыз екенімді ұқтым! Менің махаббатым мұраты ешқашан асыл болмайтын шығар? Артынша жымиып қойдым. Не болса да осы махаббат ешбір заманда ескірмесіне сенім артайын. Бір тарапта болмасақ та ең бастысы, біз бармыз! бір ғасырдамыз! Бір замандамыз! Әзірге осылай жұбанам… Сансыз шүкір…

1 пікір

Kan
керемет жазба. Ғасырға парапар күн еді. осы бір сөздің өзі бәрін аңғартып тұрғандай
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.