Күнделігім сөйлесін...

Күнделігім сөйлесін...
ОЛ қоңырау шалды. Сене алар емеспін. Дауысыңды сағынып қалыппын! Күлкіңді. Риясыз күлкіңді! Ертең келетініңді айттың. Маған келесің! Күтемін!..

Қашан түн жетіп, таң атады екен? Уақыт жылжитын емес. Ұйқы да жоқ. Не де болса ертеңгі күнге жетсем екен. Қазірдің өзінде сені көремін деген ойдың өзі шексіз қуаныш сыйлады маған. Ал ертең сенімен жолыққан сәтте бақыттан жүрегім жарылып кетпесе болғаны…

Біз кездестік. Ғасырға пара-пар күн. Бұл күнді дүниенің бар байлығына да айырбастамас едім әсте. Қобалжығаным сонша үстімдегі жейдем денеме жабысып қалған. Бір сәтте қара терге түстім. Аяғымдағы биік өкшеден бе әлде бақыттан басым айналды ма қара жер аяғымның астынан сырғып жатқандай болды. Алғаш рет осындай күй кештім. Түнімен саған айтатын сөздерімді қайта-қайта жаттаған едім. Аузыма бір нәрсе түсер емес. Мен қолымды ұсындым. Жымиғаның есімде. Бетімнен сүйдің. (Сол кезде ішімнен енді бетімді жууға болмайды деп ойладым. Толқығаннан не ойлап тұрғаныма есеп бере алмадым.) Сенің жаныңда өткерген сағаттар секунд тәрізді зулап шықты. Не деген әділетсіздік. Кеше ғана уақыт тоқтап қалған секілді еді, енді бүгін еш кідірмейді. Қасыңнан кеткім келмейді.
Адамдар осы күннің шуағын үнемдемейді. Жауынның тамшыларын да. Егер оны меншіктеп алса қайтер екенбіз? Бір тамшы суға зар болып… Адамға бәрі аз. Маған да солай. Сен менімен аз уақыт болдың. Тез кетіп қалдың. Адам өзгенің затын ғана емес уақытын, қуанышын, тыныштығын, бақытын, махаббатын, тіпті адамның өзін де ұрлай алады. Табиғатта ұрлыққа ұқсайтынның бәрі заңдылық. Ендеше сен менің барымды ұрлауыңа қарсы емеспін. Соны қалаймын. Қоғамда бұл заңсыздық боп саналса да мейлі, бола берсін. Мен сенімен болуды қалаймын. Қалайда сенімен болуды. Заңсыз болуға да келістім.
Сен маған ас дайындауды үйретем дедің. Ал бала бағуды өзің меңгер деп айттың. Сол сәтте менің ойымда қалыңдықтың көйлегі елестеді. Қандай көркем қалыңдық көйлегі! Қалыңдықтың орнында мен болам! Қалыңдықтың орнында мен болам! Қалыңдықтың орнында мен болам! Дей беріппін іштей. Ешкім маған ондай ұсыныс жасамады. Жасау да ойда жоқ секілді. Бәрі менің ұшқыр қиялым! Жүйрік ойым ғой. Расында ой ешқандай көлік те, кеме де, ұшақ та жете алмайтын қашықтыққа бір сәтте барып қайта алатыны осы шығар бәлкім? Ол жәй сөз арасында айтқан «нәрсесі» маған үлкен үміт сыйлады. Үміттену қандай қорқынышты!..
Бірақ, жерге түссем де үстімдегі қалыңдықтың көйлегімен қоштасқым келмейді. Ия! Мен оны шешпейтін болдым! Мен қалыңдықтың орнында боламын! Бітті! Сен күйеу жігіттің рөлінде болғың келмесе де мен қаламын. Өзгесі келер…
Сенің жаныңда тұрып шексіз бақытыммен бірге бақытсыздыққа душар болдым. Қуаныштан жылап тұрып мұнша мұңға батам деп ойламадым. Санамдағы қасірет кеудемдегі сезімімді жаншып тастады. Мен сенсіз де сенімен де бақытсыз екенімді ұқтым! Менің махаббатым мұраты ешқашан асыл болмайтын шығар? Артынша жымиып қойдым. Не болса да осы махаббат ешбір заманда ескірмесіне сенімдімін. Ең алып махаббат екенін білем! Бір тарапта болмасақ та ең бастысы, біз бармыз! Әзірге осылай жұбанам… Сансыз шүкір…

16 пікір

avatar
Бұл алғашқы жазбам. «Айтабердегі». Пікір қалдырыңыздар)))
avatar
  • beko
  • 0
Құттықтаймын, бұл өзгертілмей салынған ба айтаберге(Бірінші кездегі жазған уақыттан)?
avatar
Рахмееет! Ия. Алғашқы нұсқа. Сәл ертеректе болған дүние))) алдын айтқанымдай
avatar
  • Kan
  • 0
Керемет жазба. Бұндай әсерлі дүнені ойдан құрап жазу мүмкін емес шығар сірә. Маған қатты әсер етті. Сезіммен сызып тұрып жазғаның сезіліп тұр. оқып отырып бейне ғашықтықтың парқын сезінгендеймін. Керемет әсер алдым. Алла қуат берсің сезімің шындала берсін,қаламың ұштала берсін.
avatar
Рахмеет! Алдағы уақытта да бөлісіп отырамын… Шимайларыммен))) Пікір қалдыруды ұмытпаңыз. Мен үшін маңызды.
avatar
  • Ais_97
  • 0
Керемет жазыпсыз рахмет сізге бөліскеніңізге! Айтаберге алғаш жазған болып тұрсыз сонда да бастамаңыз жаман емес, бұл сайтқа қалай тап болдыңыз?
avatar
Рахмет пікіріңізге! Оң пікіріңізге! Бағаңызға! Әріптесімнің кеңесі еді. Нұршат ТӨКЕНнің. Алдын ол да біраз жазбаларын жариялап жүрген. Қазір тоқтатып қойды… Себебі бар шығар)))) Мен солай бастадым
avatar
Қош келдің, тамаша сайтқа!
Махаббат, ғашық болу, шын сүю, сағыныш, күту, ойлау деген нәрселер қызығымен шыжығы бірге жүретін нәрселер ғой. Бұл сезімдерді жеткізе білу де оңай емес. Ал, сенде бәрі керісінше. Жүректі жарып шыққан сезімге толы ойлар.
avatar
Рахмет! Күнделіктегі дүниелер осы «титпес» келеді. Ол жерде өзгенің ойы, пікірі есепке алынбайды. Бәрі де өзімдікі! Өз ойым! Өз сезімім! Өз қуанышым! Өз мұңым! Алдағы уақытта да жариялаймын. Сериялы түрде ұсынып отырам деген ойдамын. Ал, сіздің пікіріңіз маңызды. Мен үшін. Рахмет!
avatar
Керемет! Бұл алғашқы махаббат қой. Жасөспірім кездегі албырт сезім кейін еш қайталанбайды. Қандай сырбаз жігіттер кездессе де, сол алғашқы махаббаттағы сияқты жүрек бір лүпілдемей қояды-ау шіркін. Сол өкінішті. Мен де осылай ғашық болғам бір кездері. Күнделіктегі жазбаларым да керемет еді. Бірақ, сол адамды ұмыта алмағаныма күнделігімді кінәладым да, бір күні түгін қалдырмай жағып жібердім. Сол күнделігімді ойласам, әлі күнге ішім жанады. Алғашқы махаббатымды емес, осындай кіршіксіз сезімдерге толы күнделігімді сағынам.
avatar
12-жасымнан бастап сырттай ғашық болып жүрген жігітіммен алғаш амандасқаным туралы: «Оның алақаны. Оның қолдары. Не деген ыстық еді! Оның жүрегіндегі оттың табындай ыстық қолдары менің қолымнан ұстады. Мұндай да болады екен. Мен оның ыстығына өртеніп кете жаздадым» деген жолдарды кейін көөөөп қайталап оқығанмын)))
avatar
Расында керемет екен… Мен де сіз секілді бір емес бірнеше күнделігімді өртке тастағам. Бірақ кейін қайтадан жазылды. Ішіме сыймаған сәтте жазамын. Айтар адам қалмағанда жазамын. Кейде сол күнделіктерді сағынам. Бірақ қай нәрсенің де қайыры бар. Пікіріңіз үшін рахмет!
avatar
керемет, күшті екен.
avatar
Рахмет, Адок)))
оте керемет жазылыптыы маган катты катты унады
avatar
Рахмет. Қуаныштымын.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.