БІР БЕЛГІ

Таусылмайтын махаббат /
Болсаң-дағы жырақ, қашық, тым алыс,
Көңіліме сыйлай салдың қуаныш.
Не нәрсенің белгісі екен?
Білмедім,
Өн бойымда пайда болды жылы ағыс.

Не нәрсеге бастап жатыр мынау күн?
(Тек, әйтеуір, қатырмашы қырау-мұң).
Не нәрсенің белгісі екен?
Білмедім,
Өзің жайлы ойлайтынды шығардым.

Қымбат болар сол тылсымы үшін де,
Мейлі, мейлі, тек, сарсаңға түсірме.
Не нәрсенің белгісі екен?
Білмедім,
Мен өзіңді көргім келді түсімде.

Кім біледі, бар шығар бір себебі,
Бірақ, бірақ, батырмасын тереңі.
Не нәрсенің белгісі екен?
Білмедім,
Суретіңе қарай бергім келеді.

Қажет емес, орамасын үлдеге,
Сезім болса торламайды мұң неге?
Не нәрсенің белгісі екен?
Білмедім,
Өзің жайлы жазғым келді бірдеме…

Сезім болса іште жатпас бұйығып,
Сезім болса аямасын жылылық.
Сезім болса белгілі ғой ар жағы,
Арпалысар мың күмән пен мың үміт.

Байқағаным, жыр-шабытым түрленді,
Жұмбақ белгі көңіліме нұр берді.
Ақылды айран, ойран етіп ойымды,
Өн бойымды орап алды бір белгі.

2 пікір

yesbolat83
Мен өзіңді көргім келді түсімде.
zhano_almuhambet
Кездескім келеді. Жүздескім келеді. Тілдескім келеді.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.