Өзіңді сүюшің...

Таусылмайтын махаббат /

Неден бастасам екен? Соңынан дұрыс сияқты. Басынан бастасам соңына жете алмасымды білем. Қазірдің өзінде көзіме ештеңе көрінер емес. Тек неке жүзігі ғана. Ол үйленді. Бүгін естідім. Оның қолында неке жүзігі бар екенін айтты. Мен емес басқа біреу тағып берген. Көзімнің жасы тыйылар емес. Ақ парақты жуып жатыр. Қаламым жастың ізімен жүрмейді. Осылай да жылауға болады екен-ау… Ол басқаның күйеуі атанды. Соның. Менің емес. Соның жары. Соның жолдасы. Соның ері. Соның азаматы. Соның қосағы. Соның жартысы. Соның бағы. Соның бақыты. Менің емес. Менің Күнімді тартып алды. Меншіктеп. Үміт құрғыр әлі де сыбырлайды: «Келіп қалар. Күт. Күте бер» деп. Оның келетінін әлі де көретінімді айтуын доғарар емес. Не қылған үзімейтін үміт екенін? Дәл осы сәтте көзімнің жасын үнсіз жұтып, өкісігіме тұншығып отырғанымда сен соның құшағында ләззат құшып жатқан боларсың? Менің бар екенімді есіңнен шығарып тастап. Ысырып. Санаңнан қуып жібердің. Өміріңнен де орын бұйырмады. Тіпті дос бола алмағаным ба? Жауың болмасым анық.
Сенің келмесіңді білсем де күте бердім. Ешбір жанмен, ештеңені елемей, санаспай күттім. Уақытпен де. Қазір ойласам 8 жыл екен. 8 қыс. 8 көктем. 8 жаз. 8 күз күттім. Бұл жыл менің арманымның түгесілген шағы боларын кім білген. Айбуке айтпақшы, Жаратушымыздың маған қатысты жоспары бөлек болғаны демек. Осылай жұбанам әзірге. Ол жоспар менің арманымнан да артық болғаны.
Білесің бе, мен сүюді сенен үйренгем. Күтуді де сен арқылы білдім. Сағынуды да үйреткен өзіңсің. «Сағынсам қалай шыдаймын...» деп әндеткенің есіңде ме? Қайдан есіңде болсын бірақ? Менің есімде. Ұмытқам жоқ. Енді осы бар білгенімді, үйренгенімді ұмытуды да үйретсең екен.
Жұлдыз: «Ол албасты кімге үйленді екен?» дегенде құрбымды жек көріп кеттім. Жылап тұрып сені олай атамауын сұраппын ғой. Көзімнің жасы таусылып қалатындай. Өзім де таусылып барам. Жігерім құм боп кеткені ме?
Осы жылдар ішінде екеуміз үш рет кездесіппіз. 8 жылда үш рет қана жүздесіппіз. Үш рет қана көру бұйырыпты. Тіпті сені жылына бір рет те көруді жазбапты-ау.
Сенің үйленгеніңді білсем де күтіп отырмын. Телефон номеріңді сұрап едім, берген жоқ. Жалынудың да не екенін сенің арқаңда білдім. Өмірімде бұлай жалынып көрмеппін. Соңғы рет болса да есіткім келді. Әр күн білегімді көтеріп сен үшін ғана сұрайтынмын. Саулығыңды. Жаныңа, жүрегіңе тыныштық тіледім. Ақыретте күнәңді кешсін деп сұрадым. Екі дүние бақытын сұрадым. Жәннаттықтардың қатарынан болуды жазсын деп сұрадым. Жүзіңнен күлкіні кетпеуін сұрадым. Бәрін сұрап сен үшін, өзіме сені сұрамаппын ғой. Екеуміздің бірге бақытты ғұмыр кешуімізді сұрамаппын.
Сенің алдыңда борышкермін. Сүюді үйреткенің үшін. Тынысым тарылып барады. Мына әлем тарылып жатыр. Мен тарылдым… ӨЗІҢСІЗ! Өзіңді сүюшің… Өзіңді сүйген Еркең!

5 пікір

yesbolat83
Жаратушымыздың маған қатысты жоспары бөлек болғаны демек.
Ол жоспар менің арманымнан да артық болғаны.
Kan
не деген сүйіспеншілік итеріп жатсада, шалынып жатсада қимайсың, ойлайсың, жылайсың сірә қыз баланың махаббаты ер баланың сезімінен мың есе артық шығар.
zhano_almuhambet
Енді өзге жанның жолдасын ойлау күнә болар… Мүмкін осылай да дұрыс шығар. Мен енді жыламаймын! Ол үшін! Уәде!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.