Телефонның құдіреті

Таусылмайтын махаббат /
Жасмин мінезі ауырлау, десе де, сөзіне берік, достарына адал жан. Кез-келген жағдаймен бөлісе бермейді. Солай болса да, достарының арасында әрдайым күнін қалжыңмен өткізеді. Көмек қолын созуға әрқашан дайын. Кез-келген жағдайда қалжыңдасып, достарының жүзіне күлкі сыйлап жүреді. Бірге сабақ қарап, бірге тамақтануға барады. орайы келсе, кейбір сабақтарды өткізбеудің де ретін табады. Сөйтіп, күндерін әзіл-қалжыңмен өткізеді.
Күні бойы күліп жүретін, күлдіріп жүретін бойжеткеннің кейбір кештері жастығын жаспен былғайтынын ешкім білмейді. Тіпті сезбейді де. Себебі, солай ойлауға ырық бермеген. Кештерде жалғыз қалса, көңілі жабырқайды. Ол қызда барлығы да бар. Ата-анасы, туғандары дін аман. Жас бойжеткенге тек бір жағдай маза бермейді. Соны ойлап, көзіне мөлтілдеп жас та келеді. Қаншама жасын тыюға талпынса да, еркіне көнер емес. Жанын қинайды. Жас бойжеткеннің жанын жаралайтын ол нәрсе — әкесінің жағдайы. Қыздың қиналатыны — әкесі қызының оқуы үшін көп қаражат жұмсайтыны. Иә, қатарластарының көпшілігі ақша төлеп оқиды. Бұл соншалықты қиналатын да жағдай емес. Тұрмыс жағдайы да төмен деп айтуға келмейді. Бірақ, Жасмин әкесінің қамын ойлап, қамығады. Кейде өзін-өзі: «Бізден тұрмысы төмендер де қаржымен оқып жүр ғой,» деп жұбатады. Ол жұбанышы да көпке созылмай, көңілі қайта құлазиды. Әкесінің жұмыстан шаршап келгенін, ондағы қиындықтарды білгенде тіпті жаны ашиды. Әкесі бұл жайлы мүлдем сөз қозғамайды. Қызына қаржы жағынан еш таршылық көрсетпейді де. Бірақ оның да уайымдап, қиналып жүргенін қызы сезеді. Анасынан қарағанда, әкесіне жақын бойжеткен оның күй-жайын сөзсіз түсінеді. Қас-қабағына қарап, жағдайын таниды. Әкесіне ауыртпашылық түсірмейін деген оймен, жанашырлықпен қыдыруға не болмаса, жаңа киім алуға ақша сұрамайды да. Әкесі не анасы бір нәрсе алып берейік десе, оны қанша қалап тұрғанымен, «Бар ғой, керек емес,» деп жауап қайтарады.
Әкесін қатты жақсы көретін қыздың анасымен арасындағы келіспеушіліктер жиі болып тұратын. Анаға ренжу деген орынсыз болар, десек те, анасына ылғи ренжитін. Қызының дұрыс пиғылын түсінбей, көп жағдайда жаңсақ ойлап, үнемі дауыс көтеріп сөйлейтін. Сол себепті де, ол қыз әкесіне жақын болды.
Күндердің бір күнінде анасы мен қызы арасында тағы да кикілжің туды. Қызы әрдайым ата-анасының жанын жараламауға тырысатын. Солар үшін үнемі уайымдайтын. Бірақ, анасы қызын түсінбей, басқа біреудің ырығына көнді. Тіпті, сол үшін де қызының жанына бататын ауыр сөздер айтып, ұрысып та алды. Қай ана туған перзентіне жамандық тілесін. Дұрыс болсын деп айтады ғой. Бірақ, анасының сөздері қызына ауыр тиді. Осындай жағдайлар бұрын болып тұрса да, осы жолғысы ерекше батты. Онсыз да сабақтан шаршап жүрген нәзік қызға мұны қабылдау ауыр тиді. Ата-анасының қас-қабағына қарап күн кешетін өз перзентіне емес, «сырттан келген» бәз біреудің ығына жығылды. Сол үшін де ауыр сөздер айтты. Осының барлығы телефон арқылы болған еді. Біраз сөздер айтып, қызының жауабын тыңдамастан, телефон тұтқасын тастай салды. Қыздың жаны одан бетер ауырды. Көзінен ыстық жас төгіле берді. Өзегі өртеніп, көкірегі өксікке толды. Тіпті, дауысы қарылып, үн шығара алмады. Қиналғаны соншалық, далаға жүгіріп шықты. Онысы, таза ауамен дем алу еді. Көзінен жас сонда да тыйылмады.
Аяңдап басып, үйге кірді. Дәл осы сәтте санасы суып, осы кезге дейін алғаш рет ойына ақылсыз бір нәрсе келді. Ол- өзіне-өзі қол жұмсау еді. Бұған дейін ол нәрсеге мүлдем қарсы, өмірді сүйетін қыз бір сәт ақыл-есінен алыстағандай болды. Өмір жайлы түсінігі мүлдем жойылып, өмірімен қоштасқысы келді. Бұл бойындағы әлсіздіктен пайда болған суық ой болатын. Ата-анасынан жырақтағы өмір(университет қабырғасындағы), сабақтағы қиындықтар, анасының сөздері ойына орала берді. Өмірімен қош айтысуға бекінгендей… Бірақ, алдымен әкесімен қоштасқысы келді. Қоңырау шалуға дәті бармады. Сөйтіп, ұялы телефонын алып, "Әке, кешір! Мен сізді жақсы көремін" деп хабарлама жазды да, өн бойы суып, кілт тоқтады. Сол сәтте иығынан біреу түрткендей болды. Бойын тез жинап, көзіндегі жасты сүртті. Теріс әрекетке бара жатқанын ойлап, хабарламаны өшірді. Осы кезде анасының айтқан ауыр сөздері құлағында тағы сыңғырлады. Ауыр күрсініп, "Әке, мен сізді жақсы көремін. Барлығы үшін кешір" деп тағы жазды. Жанары бір нүктеге қадалып, ойында ешнарсе болмады. Тұңғиыққа батып бара жатқандай. Телефон экранында әлгі хабарлама әлі тұр. Бірақ жіберілмеген. Сол сәтте қоңырау үні шыр ете қалды. Ұйқыдан шошып оянғандай, беймаза күйге енді. Қоңырау шалып тұрған әкесі екен. Міне, дәл осы кезде қыздың ойындағы барлығы жоғалып, қара бұлт торлаған аспанында күлімдеп күн шыққандай болды. Өлім жайлы ойлары бірден сейіліп, өз ойынан өзі шошынды. Алақанымен көзіндегі жасты сүртіп, тамағын қырындап, телефонын көтерді: «Папа?!»
-Қалың қалай, қызым? — әкесі жайдары дауыспен үн қатты.
-Жақсы, әке, барлығы да жақсы!- қыздың дауысы да жарқын шықты. Жан-дүниесі алай-дүлей болып, өмірге деген құштарлы, ы онан сайын арта түскендей…

7 пікір

Керемет! Ешбір жігіт әкенің махаббатын бере алмайды. Психологиялық тоқырауға ұшыраған кез жаман… Жақсы жазылған.
Jako
Жақсы әңгіме екен.
Соңғы өңделген уақыты:
yesbolat83
Жарайсың, жақсы жазылған екен.
aijan_adok
Күшті жазылған,әкелеріміз аман болай№№№
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.