Сүюдің өзі бір бақыт

Таусылмайтын махаббат /
Көктемнің шуақты күндерінің бірі. Көктегі күн жарқырап, жерге нұрын төгіп тұр. Көктем келіп, жер де, көк те, ағаштар, тіпті құстар да жаңа өмір бастағандай. Бұлтсыз ашық аспанның өзі ерекше мейірім сыйлайтындай. Күздің салқын желі де жоқ. Ақырын соққан жел ағаштардың басын сәл ғана қозғап тұр. Ағаштарға ұшып-қонып жүрген құстардың үні де тамаша!
Осындай әсем көрініске толы саябақтың іші. Күн жылынып, қыдырыстап жүрген адамдар да көп. Солардың бәрін алыстан бақылап, әсем табиғатқа көз тастап, құстардың үніне құлақ түріп, арғы жақтағы орындықта бір қарт отыр. Саябақтағы асыр салып ойнап жүрген кішкентай бүлдіршіндерге бір, қол ұстасқан ғашықтарға бір қарап, әлдене ойына келгендей алысқа көз тастайды. Біресе жүзіне күлкі ұялап, жаны жадырайды. Біресе, осы күлкі тез жиылып, мұңға батады, жан дүниесі құлазиды. Көктегі күн де сәулесін шашпай, қара бұлт торлағандай болады. Айналасындағы адамдардың бәрінде де жылы шырай, мейірімді күлкі. Тек бұл кісінің көңілі ауыр мұңға толы сияқты.
Эх, шіркін… Іштей ауыр күрсінді.
Өмір деген бір жарқ еткен найзағай,
Өмір деген көк мұхиттың толқыны.
Осы өлең жолдарын ақырын, сыбдырмен ғана қайталай берді.
Иә, толқындап, тулаған өмір найзағайдай жарқ етіп өтері анық. Жанағы қарт айналаны көзбен шолып, біраз отырды. Әлденеге мазасы кетіп, көңілі құлазиды, тіпті, көзіне мөлтілдеп жас та келді. Жанарына жас үйірген бұрынғы өткен өмірі еді… Ол да бала болған. Ол да жас болды. Бала болып асыр салып ойнады, жас болып, ғашық болды… Соның бәрінен ыстық шақ — сол, ғашық болған кезі екен.
Махаббат па, махаббат болған менде,
Жиі барғам аққулар қонған көлге.
Ал қазір солған кеуде…
Өзі ғашық болған кезеңді, ғашық қылған адамды ойлады.
… Жадыраған жаздың жылы күндерінде қыдырып, айлы түннің астында болашақтарын пайымдап, тәтті қиялға бататын. Сарғайған сары күзді алтынға балап, сары жапырақтардың үстінде жатып асқақ армандарымен бөлісетін. Қыста жауған аппақ қармен ойнап, қаншалықты аяз болса да, жүректері ерекше жылуға толы болатын. Сөйтіп жүргенде, өзінің ерекше табиғатымен көктем келіп жетті. Жер бусанып, табиғат ерекше бір күйге енді. Алғашқы бәйшешектер де көріне бастады. Адамдар да жадырап жүр. Қыстан мұздаған жүректерін көктем келіп жібіткендей. Бәрі де тамаша! Тек бұл екеуі ғана ерекше мұңды. Жүздерінде бұрынғыдай күлкі жоқ. Бір-бірімен кездескенде де бұрынғыдай қуанышпен қауышпайды. Жүздері де солғын. Жарқырап, мейірімін төккен күн де бұл екеуіне әсер етпейтін сияқты. Үйреншікті жағдай емес. Кешегі күні ғана жүректері жырға, езулері күлкіге толған екі ғашық бұл күндері мүлде басқаша. Көңілдерінде бір қаяу бар. Мұның бәріне бір ғана себеп бар. Ол – қыздың ата-анасымен бірге шетелге кетуі еді. Қаларына шара жоқ, қалмасына тағы болмайды. Сөйтіп, бірге соққан қос жүрек бір-бірінен алыстады. Қимастықпен қоштасты. Жүрегінің жартысынан айырылғандай болды. Алғашқыда, әрине, хат жазысып, хабарласып тұрды. Кейіннен уақыт өте келе, арадағы хаттардың саны азая түсті. Қыздың ыстық жүрегі салқындап, көңілі де суығандай болды. Бірін-бірі сөзсіз түсінетін екі ғашық түсінісе алмады. «Көзден кеткен соң, көңілден де кетеді» демекші, жігіт те қаншалықты ғашық болса да, еріксіз қыздың ырқына көнді. Іштегі алаулаған ыстық сезім, буырқанған көңіл барлығы да жауапсыз болды. Сол нәрсе жігітті іштей жеңді. Махаббаты тулап тұрса да, қыз көңілі уақыт өткен сайын салқындай берді. Жігітті қынжылтып, қайғыға ұшыратқан да осы еді.
Ғашық жүрек сүйгені үшін бола алмайды жазалы,
Адам азса, ғашықтықтың жоқтығынан азады.
Ғашық жыры тіршіліктің көкейкесті өлеңі
Ешбір геометриямен өлшенбейтін көлемі.
Жігіт өзінің махаббат отына өзі өртенді. Ғашығының махаббатына жауапсыз болғанына іштей қынжылып, азапқа салынды. Сонда да ғашық жүрегі басылған емес, қайта ол алыстаған сайын күшейе түскендей болды. Қыздан мүлдем хабар болмады… Содан бері неше көктем, неше жаз өтті. Азапқа салған ғашығы сол күйі хабарсыз кетті. Жігіт те содан кейін ешбір жанмен көңіл қосқан емес. Тіпті олай істеуге талпынған да жоқ. Махаббатына опасыздық жасағысы келмеді, оған берік болды. Тек өзі ғана…
Ғашықтықпен өткен күндер ғана өмір
Ал қалғаны жай күндер.
Ғашығынан тірідей айырылған ол басқалар сияқты өмірге қуаныды да ұмытқандай болды. Тіпті жарқыраған күннің көзі, жарқын күндер, ақ таң да бұрынғыдай мейірім, бұрынғыдай жылу сыйлай алмайды. Әйтеуір өлместің күнін көріп жүр. Қаншама уақыт өтсе де бұрынғы бірге жүрген күндерін аңсайды. Іштегі жылылықты қалайды.
Мың жұлдызы болса да, байқамайсың басқаны,
Бір жұлдыздан тұрады махаббаттың аспаны.
Өткен күндерін ойлап отырғанда, күн де ұясына батты. Көңілі құлазыған қарт үйіне ұарай аяқ басты. Жүрісі де баяу. Себебі, оны үйінде күтіп отырған ешкім жоқ…
Махаббат-мәңгілік сезім, мәңгілік ұғым. Уақыт, кезең, керек десеңіз, жас та талғамайды. Ақыл-санамен де санаспайтын алпауыт күш. Өз заманының шешені, әнші, сері Ақан да алпысында Жамалдай 16 жасар жас аруға ессіз ғашық болған екен. 16жастағы жас бойжеткеннің 60-тағы қарт адамға жылы шырай танытып, махаббатына махаббатпен жауап бермеріс де түсінікті жағдай. Солай болса да, Ақан сері ессіз ғашық болып, «менің оған ғашық болуым үшін, оның маған ғашық болуы шарт па екен?!» деген көрінеді.
Қалай десек те, сүюдің өзі үлкен бақыт емес пе?!
Адамды суй, алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа.

Таукенова Әлия

3 пікір

Ai_fariza
Коптен бери пост жазылмай кеткен еди. Мына пост жанды жадыратты. Каламын токтамасын.
Kan
шын сүйгенге не жетсін.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.