Қазақ хандығының алғашқы астанасына саяхат

Елді мекендер /
Көненің көзі-Сарайшық қаласы тұнып тұрған тарих екендігі әмбеге аян. Ғалымдардың соңғы зерттеулері қаланың моңғолдар шапқыншылығынан да бұрын Оғыздар дәуірінен бастау алатындығын айғақтайды. Кейін Алтын Орда дәуірінде де өркендей түссе, Ноғай Ордасының орталығы болып та жұлдызы жанды. Тарихта «Қасымның қасқа жолы» атымен белгілі Қасым хан тұсында Қазақ хандығының алғашқы астанасы болғандығының өзі неге тұрады! Әйгілі тарихи орынға арнайы жиналмағандықтан әрдайым Атырау асып кетіп жол түспеп еді. Дегенмен жақында бас редактордың тапсырмасы бойынша аудан әкімдігі қолдап, ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтеп Нүриевтің жетекшілігімен бір топ ардагерлермен бірге Сарайшыққа барудың сәті түсті.

Елді мекендер: Қазақ хандығының алғашқы астанасына саяхат

«Хан ордалы Сарайшық» қорығының қақпасын ашқанымызда біздің алдымызда бір топ шетелдіктер шықты. Олар көне қаламен танысуға келген итальяндықтар екен. Бізді қарсы алған мұражайдың директоры Молдаш Бердімұратов амандық-саулықтан соң саяхатымызды әуелі Хандар пантеонынан бастады. Бұл облысымызда әкім болған шағында Иманғали Тасмағамбетовтың тікелей қолдауымен 1999-шы жылы салынған, биіктігі 17 метр, 8 қабырғалы хандар пантеоны еді. Ақ күмбезді кесененің қабырғаларының арасына Сарайшықта жерленген жеті ханға арнап қойылған құлпытастарға хандардың есімдері мен билік құрған мезгілдері жазылыпты. Олар Мөңке Темір, Тоқтағу, Жәнібек, Әмір Оқас, Қасым, Ших Мамай, Жүсіп.

– Бұл тарихымызда елеулі орын алған хандарға қойылған символдық ескерткіш. Алдағы уақытта осы ескерткіш пантеоннан оңтүстік беткейіне қарай жеті ханға арнап мазар салдыртуды да жоспарлап отырмыз. Осыған орай жақын арада И.Тасмағамбетов Сарайшыққа келіп, осы игі істі жүзеге асыруды қолға алмақ, – деді, мұражайдың директоры Молдаш Бердімұратов.

Елді мекендер: Қазақ хандығының алғашқы астанасына саяхат

Сарайшықты кезінде Еуропа мен Азияны байланыстырған Ұлы Жібек жолының бойындағы ең ірі қалалардың бірі болуы дүние жүзіне әйгілі етті. Орта ғасырларда Сарайшық арқылы өтетін сауда жолымен Үндістан, Түркия, Қытайды, Моңғолияны Еуропа елдерімен байланыстырды. Қытайдан жібек артқан керуен Тараз, Сайрам, Отырар, Яссы арқылы Сыр бойын жағалап, Пәкістан, Үнді, Араб елдерінен шыққан керуендермен бірге Сарайшықта тоғысып, Сарай Бату арқылы әрі қарай Еуропаға асатын. Сарайшықта сәулетті сарайлар, керуен-сарайлар, моншалар, мешіт-медреселер және басқа да ғаламат ғимараттар көп болған. Әрі қаланың орналасқан жері Жайықтың доғасында таңдалып алынғандықтан оның шаң-топырақ көтерілмейтіндей, ауа-райының қоңыржайлығына әсер ететін көрінеді. Мұның бәрі мұражай ішіндегі ХІV ғасырдағы Сарайшық қаласының макеті жасақталып, майлы бояумен мұражай қабырғаларына тұтастай суреті салыныпты.

Арабтың атақты саяхатшысы Ибн-Батута 1334 жылы Сарайшыққа келіп, шаһарды аралап, өзінің «Дешті Қыпшаққа саяхат» атты еңбегінде былай деп жазыпты: «Мен дүниежүзінің бәрін араладым. Сол аралаған жерлерімнің ішінде Сарайшық қаласы Бағдаттан кейінгі дүниежүзіндегі ірі қалалардың бірі екен. Бағдаттағыдай мұнда да қайықтардан жасалған көпір көрдім, қалада ханның салтанатты сарайы, төрт мешіт бар. Қонақ үйлердің есебіне сан жетпейді екен. Бірақ мен оларды көріп таңғалған жоқпын. Менің таңғалғаным – жер шарын шарлап жүргенімде, көрмеген бір қызықты Сарайшықтан көруім болды. Мұнда су әрбір үйге өзі барады екен» деп тебірене суреттейді екен.

Бүгінгі озық технологияға толы ХХІ ғасыр заманында да өңірімізде әр үйге су жеткізіп беру күн тәртібінен түспей тұрғаны жасырын емес. Кеңестік кезеңнің өзінде ауыз су құбырларын темірден жасап, ол көп ұзамай суға шыдас бермей әбігерге қалдыруы дағдымызға айналған жоқ па! Ал ХIV ғасырдың ортасында-ақ Сарайшықта әрбір үйге су жеткізіп тұрған қыштан жасалған ауыз су және кәріз құбырлары ғасырлар бойы жер астында жатса да өңін жоғалтпай жәдігер ретінде мұражайда орын алған.

Ағылшын көпесі әрі саяхатшысы Антоний Дженкинсон Сарайшықты көріп: «Батыста Парижді көру таңсық болса, Шығыста Сарайшықты көру таңсық екен. Сол құмарлықпен Сарайшыққа келіп, көлігімнің болмай қалуына байланысты жарты айдай тоқтап қалдым. Сонда менің байқағаным, мұнда айына 700-ге дейін керуен келеді екен. Қала үлкен сауданың орнына айналған. Қытайдың жібегі, иран мен парсының кілемі, арабтың арғымағы дейсің бе, Іздеген затыңды осы жерден табасың. Құстың сүтінен басқасының бәрі бар», – деп тамсана жазыпты. Алайда Сарайшықтың мұндай дәуірлеген кезеңі біздің заманымызға жетпеді. Қазанды, Қажытарханды қаратып келген Ресей империясының патшасы Иван Грозный Сарайшықты да 1580 жылы қиратып тынды. Бұл Ресейдің күшейіп, отарлау дәуірінің бастау алған шағы еді.

—Қаланы казактар басып алғанмен қиратуға қимайды. Бұл хабарды естіген Грозный Сарайшыққа арнайы келіп, 12 күн болады. Қаланың көркіне тамсанғанымен, қаһарлы Иванға оның сақталып қалуы ұнамапты. «Мәскеуге ұқсайтын қала жер бетінде тұруға тиісті емес» деп қаланы тас-талқан етіп қиратуға бұйрық береді. Сөйтіп бес ғасырға жуық уақыт өмір сүрген салтанатты Сарайшық жермен-жексен болады. Бір ғасырдан астам уақыт бойы тоналады. Грозныйдың қаланы бұлай қирату себебі — өзіне дейін билік құрған Юрий Долгорукий Мәскеудегі Қызыл алаңның келбетін Сарайшықтан көшірген. Ал Кремльдің келбетін Алтын ордадан алған. Жұртшылықтың «Казанские, Успенские соборы» деп атап жүрген Кремльдің жан-жағындағы сәулетті соборлар — Қазан қаласының көшірмесі. Орыстардың «Москва построено по восточному стилью» деп сөйлейтіні осыдан. Грозныйдың әуелі Қазанды, одан кейін Сарайшықты құлатып тынғандағы негізгі себебі — өздерінің осы ұрлықтарын жасырып қалу болатын, — дейді мұражай директоры.

Қирандыға айналған Сарайшық қаласының орны содан бері талай тоналуды бастан кешірді, талай ғалымдардың зерттеулеріне арқау болды.

Сарайшықты нақты ғылыми тұрғыда жүйелі түрде алғаш рет 1937 жылы Н.Арзютов деген орыс ғалымы зерттеген. Бұл іргелі істі 1950 жылы Әлкей Марғұлан экспедициясы жалғастырып, тарихқа өлшеусіз үлес қосады. Кейінірек тарихшы Зейнолла Самашевтың да жүргізген қазба жұмыстары – Сарайшық тарихы үшін үлкен олжа болды. Десек те, бір өкініштісі, Ресей империясының отары болған кезімізде де, Кеңес үкіметі кезінде Сарайшықтың тарихын орыс ғалымдары талай мәрте зерттеп тастағанымен, олар тапқан таянған талай құнды жәдігерлерді өздерімен бірге ала кетіпті. Артында сұрауы болмаған…Қазір бізге белгілісі жәдігерлердің бірқатары Саратов пен Астраханның музейлерінде тұрған көрінеді. Бірақ ондағы мәліметтер кезінде біз оқыған Кеңестік тарих оқулықтарына енбеді. Еліміз тәуелсіздік алған кезеңде ғана мәдени мұраға бет бұра бастады. 1999 жылы қала орнынан жер астындағы екі қабатты, қырық бес бөлмелі қонақ үйдің екінші қабаты, келер жылы бірінші қабаты қазылды. Қасынан ХІІІ ғасырда салынған монша табылды. Сондай-ақ шаһардан көне құдық табылған. Құдықтың жеті метр тереңдігінен құмыра мен кесе шығады. Құмыраның қасиеті — тәуліктің әр мезгілінде түсін құбылтып тұрады.

Елді мекендер: Қазақ хандығының алғашқы астанасына саяхат

-Құмыраны алғаш тауып алғанда қызық болды. Қойған бөлмемізге қайта айналып келгенде түсі өзгеріп кеткен. Біреу көне жәдігерді ауыстырып кетті ме деп қапаландық. Сөйтсек тәуліктің кезеңіне орай түсін өзгертіп тұрады екен, -деп құмыраның қасиетін айтқан М.Бердімұратов көрермендер бір күлдіріп алды.

Құмыраның бір жақ бүйірінде: «Бұған адамның көз жасы құйылмасын» деген арабша жазу бар екен. Ал кесенің қасиеті — ішіне салынған тамаққа у қосылса, бірден түсін өзгертеді. Бұл — дүние жүзінде табылған екінші осындай жәдігер. Бірі — Мысырда табылыпты. Әлемде өте сирек кездесетін жәдігерлердің бірі болғандықтан, құбылмалы құмыра мен керемет кесе және күміс ақшалар 2000 жылдың 18 қыркүйегінде Президенттің мұражайына жіберіліпті.

Мұражайдың төрінде көл бетінде қайықпен жүзген қыздың суреті салыныпты. Бұл — Сарайшық қаласының іргесіндегі әйгілі «Секер көлі» туралы аңыздан туған сурет. Заманында Жәнібек хан осы көлге секер төктіріп, аққу ұстаған дейді. Ханның қызы қасына қырық құрбысын ертіп, алтын қайықпен серуендейді екен. Ханшайым 15 жасында кенеттен қайтыс болады. Хан қызын алтын табытпен, барлық жасауымен, алтын қайығымен қоса жерлеуге әмір етіпті. Жерлеген адамдарды түгелдей өлтіреді. Жылқының үйірін жіберіп таптатқанда ертеңіне ханның өзі де қызының моласын таба алмапты деседі аңызда. Содан бастап Сарайшықтың маңайынан алтын қайықты іздеушілер көп болыпты. Алайда табылды ма, жоқ па, бүгінгі ұрпаққа жұмбақ күйінде қалып отыр.

Көне қаланың құнды жәдігерлері кезінде талан-таражға түсіп бүгінде Ресей қалаларының мұражайларынан орын алыпты. «Аталмыш құнды дүниелерді Үкіметаралық деңгейде келісімге келіп кейінге қайтаруға қандай әрекет қылдыңыздар?» деген сауалыма:

-Сұратып көрдік, бірақ ол кезіндегі одақтың қаражатына қазылып алынған жәдігерлер деп маңдарына жуықтататын емес,– деген мұражай директоры осы орайда мынадай әңгімемен жалғастырды:

-Бірінде мұражайдың алдына тікұшақ келіп қонды. Ішінен оншақты орыстың жігіттері шықты. Мәскеудегі Қызыл алаңды Сарайшықтан көшірді деген не әңгіме, неге сүйеніп айтып отырсыңдар деп дүрсе қоя берді. Мен Сарайшықтың көне тарихын баяндай келе, мысалға Саратов мұрағатында 1937 жылы Арзютовтың зерттеуінде де барлығын, оның 17-інші папкі 13-нші бетте қаттаулы тұрғандығын айттым. Сол кезде-ақ жігіттердің екі-үшеуі тікұшаққа мініп алып ұшып кетті. Бірер сағаттан соң үн-түнсіз қайтіп келді. Сөйтсе олар Саратовтағы мұрағатқа барып аталған құжатпен танысып келіпті. Кейін бұл құжаттардың көшірмесін алмақшы болып қайта барғанымызбен, неге екендігі белгісіз, мұрағаттан таба алмай қойдық, -деді.

«Енді Сарайшық қаласының орнына қалай барамыз?» деген сауалымызға мұражай директоры «оған өздерің барасыңдар» деп жөн сілтеді. Алайда ескі қала орнына бағыттайтын ешқандай белгі көрінбейді. Өзге өңірлерден, шетелдіктер қалай баратынын қайдам, өзіміз адасып, әрең бардық. Сол сәтте қу мекендегі қала орнын көргенде алғашқы өрікпеген көңіліміз су сепкендей басылды. Бұл орынның қоршауының бір бөлігі құлап жатса, темір есігі де топсасынан сынып, қисайып тұр екен. Азғантай ғана аумақты ескі бейіттің орнындай ғана боп жермен жексен болып жатыр. Қаланың негізгі бөлігі ғасырлар бойы Жайықтың асау ағысына жұтылып кеткен екен. Теледидардан тамашалағанымыздай бас сүйектер көрмегенімізбен сүйек атаулы жерде шашылып жатыр. Бұл арада көп бола алған жоқпыз. Биік жартастан төменге жағалауға түсіп су мүжіген жарқабақтарды суретке түсірем деп жүргенде автобустан қалып қоя жаздадым. Соңынан ардагерлердің пікірлерін сұрадым:

-Кезінде Санкт-Петербургтағы атақты Эрмитажда, Германиядағы Бухенвальд лагерінің орнында, сонымен қатар Мәскеуде, Чехия мен Словакияның жерінде тарихи орындарға оқушыларды бастап барған едім. Алайда осы уақытқа дейін іргеміздегі тарихы тұнып тұрған Сарайшық қаласының орнында болмағанымды ұят санаймын. «Ештен кеш жақсы» дегендей, бүгін жолым түсіп марқайып қалдым. Мұражайда көпке ұялмай көрсетер құнды жәдігерлер көп екен,-деді есболдық ардагер мұғалім Ханзиба Баетова.

— Кеңес Одағы кезінде Сарайшықта тракторшылар мен жүргізушілер дайындайтын училище болды. Біздің ауылдың, қала берді ауданның жастарының көпшілігі осында тәлім алды. Талай рет өзіміздің де жолымыз түскен. Үлкендер арасында аңыз ретінде айтылғаны болмаса Сарайшықтың қазіргідей насихаты болмайтын. Сондықтан болар іргемізде осындай тарихи қала бола тұра көбі елемейтін. Ал еліміз Тәуелсіздік алған кезеңнен бастау осынау іс жүйелі қолға алынып, И.Тасмағамбетовтың қолдауымен үлкен жұмыс басталып жатыр екен, іске сәт,- деді Көктоғай округінің бұрынғы әкімі, бүгінде зейнеткер Әзен Өтеу.

-Мен де бірқатар тарихи орындарға жолым түскен еді. Бірақ көне Сарайшықтың орнына алғаш келуім. Тарихымызда елеулі орын алатын Сарайшықтай іргелі қаланы келешек ұрпаққа да аман алып қалу қажет,- деді Серікқали Жұқиев.

2 пікір

Jako
Тамаша пост, әсіресе әлгі кремль туралы жазылған жері өз басым естімеген тарих екен.
ereke_enu
Сарайшықтың осындай әлемдік дәрежедегі қала болғандығына таң қалып отырмын. Сарайшық, Отырар кітапханасы, т.б. осы секілді құндылықтарымыз зерттеліп, насихатталса — ұлттық рухымызға көтерілуіне себеп болар еді.

Иманғали ағамыз бұл жерде де өзінің іскерлігін, елді ойлайтын азамат екендігін дәлелдеп өтті. Ырзамын ол кісіге. Осындай кісілер көп болғай.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.