Барып келдім, Шымкентке...

Елді мекендер /
Аяқ астынан Шымкентке билет алдым… Көріп келейінші өз көзіммен деп. Әйтеуір демалыстамын.

Ең жұқа деген, ең жеңіл деген киімдерімді киіп жолға шықтым. Жол бойы жерлестерімнің «кержақтардың чошқалары чыңғырып, қиын чулатты» деген сияқты әңгімелерін естіп, «чай» ішіп, Тарбағатайдың облепихадан ашытылған «тон жабылғанынан» дәм татып Алматыға, одан ары таң ата Шымкентке келдім.

Не деген үлкен қала жайылып жатқан… әлде маңайдағы ауылдар арасы қосылып кеткен бе… Вокзалдан қызылордалық досым Ақылбек күтіп алды, ол бұрын бір-екі рет болыпты осы қалада.
Ең бірінші көзіме түскені – қаланың жасылдығы, дәлірек айтсам – неше түрлі ағаштардың көше бойы өсіп тұрғандығы. Кітаптан ғана оқып, «әттең, біздің жақтың суықтығы, әйтпесе мен де егер едім» деген ағаштарды көріп ауызым ашылып қалды… Құдай-ау, жайнап тұрған аршаны айтпай-ақ қояйын, «айхайлап» тұрған айлант пен алақандай жапырығы жайқалған катальпаны, зәулім платан мен гүлдеп тұрған!!! гибискусты көргенде «Міне, Шымкент!» дедім ішімнен… Мен атын білмеген ағаштар қаншама десеңші… біз үйде бөлме өсімдігі ретінде өсіретін бересклет пен самшиттен тірі қоршау жасайды екен Шымкентте!

Қаланың сәулеті бір стильдігін сақтай алыпты, соңғы жылдары неше түрлі құрылыстар салып, көп қала өз стилінен айырылып қалған жоқ па. Шымкенттегі бір-бірінен қашық орналасқан саябақтарының кіре беріс қақпалары, сол саябақтағы колонналы аркалар қала сәулетін бір арнаға түйістіргендей екен. Жеке секторлардағы бірінен бірі асатын коттедждер мен көп қабатты жаңа үйлер көз сүйсіндіреді. Көшелер мен арықтардың тазалығы да бірден көзге түсті. Тек түнде кварталдар іші, аулалар қараңғы сияқты, әлде, мен жалдаған пәтер маңайы солай жарықсыз болды ма…

Шымкент сауда-саттық қаласы ма деп қалдым, дүкен мен дәмханалардан көп нәрсе жоқ… менің георграфия сабағынан білуім бойынша Шымкент – аса ірі өнеркәсіп орталығы болатын, алып қорғасын өндірісі, фосфор мен цемент зауыттары бар ғой… Біздің өнеркәсіптік Өскеменмен салыстырғанда сауда мен қызмет көрсету саласы анағұрлым жоғарғы деңгейде екен. Мүмкін ежелден келе жатқан тұрмыс қалыбы шығар бұл өңірде сауда деген… Мың жылдан артық тарихы бар өңірде қанға сіңген қасиет шығар сауда деген… Оңтүстікте жеміс-жидек арзан дегенім шындыққа сай болмай шықты – бағалары удай, біздің жақпен бірдей десе болады… Базарда жүргенде әріптесімнің ызбандап қалғаны, әйел адам біледі ғой бағаны, әдейі сұрап салыстырып көрдік, әріптесім де таң қалып жатыр, құдай-ау, шымкентте жеміс-жидек су тегін дегені қайда деп… Толған айдай толықсыған алтын түсті персикты (шабдалы дейді екен оны) көріп: «мынау қай жақтың персигы» деп сұрасам, сатып тұрған саудагер шімірікпей: «Ташкендікі» дейді… Жоғарыда айтқан қаншама жылусүйер өсімдіктер көшеде-ақ өсіп тұрғанда Шымкент ауылдарында персик өспейді дегенге сене алмай, «мүмкін базардың басқа жерінде сатып тұрған шығар жергілікті жемістерді» деп өзімді жұбатып қойдым.

Тағы бір ұнаған нәрсе — ашытылған көженің түр-түрін сатады екен. Қанша қызықсам да ауырып қалмайын деп қорықтым, дегенмен бір кәседен ішіп, ауыз тидім. Жүгеріден жасаған көже керемет болады екен. Біздің жақта да осындай көжені сатып отырса қандай жақсы болар еді, қымыз бен шұбат, айран қымбат, ал ақтан ашытылған салқын көже денсаулыққа жақсы ғой, әйтпесе жастар сыраға қосып, қай-қайдағы боялған су ішіп жүр, «дизи» дей ме, «пуш» дей ме…

«Жаман жегенін айтып мақтанады» демекші, тамақ жайын айтып кеттім бе, ұялып отырмын. Айтпайын десем өзіме жаңалық көріп отырған соң, айта салайыншы тағы тамақ жайлы… Айып етпеңіздер… Айтайын дегенім, ет жайлы… Шымкенттегі еттің дәмі жоқ па, иісі жоқ па… Әлде түсі жоқ па сұп-сұр болған… Ұға алмадым… Шашлыктың екі жүз теңгелігі де мыңжарым теңгелігі де сондай… Палаудың ішіндегі ет те сондай… Дәмді деп айта алмаймын, өте тұщы ет… Таң қалдым… Мамандығым бойынша ветеринариялық санитария дәрігерімін ғой, ойландыратындай жағдай екен деп қорытындыладым өзімше.

Мерейімді көтерген бір керемет жер болды Шымкентте. Ол – Абай саябағы! Абай елінің ұлымын ғой, өзіміз мән бере бермейміз, шалғай жердің шаһарында құлақ естіп, көз қанып өскен атамыздың бейнесі жарқ етіп алдымнан шыға келгенде ішім бүлк ете қалды. Сол саябақта Абайға арналған мұражайды көріп тіптен риза болдым. Қандай құрмет десеңізші!!! Өте сауатты жарақталған мұражайдан атамыз туралы осы күнге дейін назар қоймай білмей келе жатқан біраз мағлұмат алдым. Елімізде қаншама қадірлі адамдар атындағы саябақтар бар, солардың бәріне осындай шағын мұражай ашып қойса керемет болар еді ғой! Өскеменде Жамбыл атындағы саябақ бар, қиялданған біреу немесе бейсауыт біреу бармаса көп адам бармайды оған, күтімсіз тұрған сол саябақты осы Шымкенттің саябақтары сияқты жөндеп, Жамбыл бабамыздың мұражайын ашып қойса қатып кетер еді…

Саябақ демекші, Шымкентте тағы үш саябақта болдым. Өте әдемі «Кең баба» этносаябағында аяқ киімді шешіп, көрпе төселген тақтаға отырдым, жантайып жатуға да болады екен, шалжиып жатып алғаным ұят болар деп, әрі ондай күркеге бірінші рет шығуым, аздап ыңғайсыздандып қалдым. Тағы бір керемет саябақ –дендрологиялық саябақ. Бұрыннан келе жатқан арманым еді барып көру, жылы белдеудің барлық ағаш-бұталары жиналған бұл саябақтың белгілі ортадағы атағы жер жарып тұрды ғой кезінде. Осы саябақтан өсіп тұрған жүзімді көрдім!!! Қырым қарағайына өрмелеп өсіпті… жемісі де бар… Өрікті де көрдім төгіліп жатқан… Фисташки дейтін жаңғақты да көрдім… Кәдімгі дүкеннен сатып алатын таңсық жаңғақ фисташки ағашта өсіп тұр! Пісте дейтін көрінеді оны жергілікті халық… Бұлардың бәрі жабайысы ғой деп менсінбейді де екен… Барлық өсімдік түрлерімен танысуға біраз күн шығар, ормантанушылардың кіріп кетсе шыға алмайтын жері екен… Шымкенттегі маған ерекше ұнағаны – орталық саябақ. Жан-жағы ашық, кең, жарық, таза саябақ екен. Нағыз күн салқында демалатын шағын саябақ.

Көп айтылатын «шымкенттік тип» адамдарын байқамадым, мүмкін ол жергілікті халықпен етене араласқандарға байқалатын шығар, бара сала бетке ұрып тұратын ерекшелікті көрмедім, кәдімгі қазақтар. Бірақ бірден байқалатыны – халықтың көпұлттығы. Әркім өз тілінде сөйлесіп, ортақ тіл – қазақ тілі сияқты… Жастары әдемі, жарасымды, ықшамды киінеді, көпшілік ақшыл түсті киінеді екен, шамасы, күннің ыстық болуынан болар. Тұмшаланған қыз-келіншектер де хиджабты өте әдемі қылып киеді екен… Көшеде еркін жүрген монашкаларды да, арабша киінген сопыларды да көрдім…

Қазақ жаманын айтпайды, көпке жария қылмайды. Ұнамады деуден аулақпын. Онсыз да аз халықпыз, жақсылығымызды айтып, туымызды көкке көтере берейік. Кетеуімізді кетіретін «сарбастанғандар» ғой өмірі өкініп, арызданып-шағымданып жүретін. Екіжарым күнде тек осыларды ғана көре алдым, мен бармаған мәдени орталар – театрлар, цирк, мұражайлар қаншама, Шымкентті толық аралауға бір жұма жетпейтін сияқты. Көше қыдырып, көріп білдім, анауы андай, мынауы мындай екен деп қорыта айтуға болмайды ғой, қорытынды жасамай-ақ қояйын. Артық кетсем айып етпессіздер.

P.S. өсіп тұрған мақтаны көре алмай кеттім…

22 пікір

yesbolat83
Жарррайсын. Бірақ, тамаша суреттеген жерлерінің суреттерін неге салмағаның жазбаңа. Бар болса, толықтырмаңды күтеміз.
Yeld
Суреттерді жай ғана жеке альбом үшін түсіріп едім, көпшілікке ұсынуға болатындарын іріктей алмай отырғаным…
qarasaqal
Керемет жазба екен :)
Шымкенттегі еттің дәмі жоқ па, иісі жоқ па… Әлде түсі жоқ па сұп-сұр болған… Ұға алмадым… Шашлыктың екі жүз теңгелігі де мыңжарым теңгелігі де сондай… Палаудың ішіндегі ет те сондай… Дәмді деп айта алмаймын, өте тұщы ет…
Әдетте көшенің тамақтары бірен саран сондай болып жатады :) Ээээх, келетініңізді тым кеш оқыған едім. Әйтпесе, Айтаберліктердің жиынын өткізіп жіберетін едік :)
Келіп тұрыңыз.
Jako
Айбол, риза болдым, тамаша пост жазылыпты, әттең Ескең айтқандай суреттері тым аз екен. Бір жақсысы дидарыңды көрдік суреттен. Ал енді ет туралы келсек дұрыс байқағансың, бізде көпшілік асханаларға ет өткізетін адамдар малды қолда байлап семіртеді. Мал тез семіру үшін соңғы кезде түрлі медициналық перепараттар егетін болды, міне сондықтан ет дәмі табиғилығын жоғалта бастаған, әрине егер жегенің шын мәнінде мал еті болса. Әйтпесе қазір көбісі Австралиядан контрабандалық жолдармен әкелінген кенгуру еттері, болмаса соя еттері деп кете береді. Ал енді үйде өзіміз адалдап бауыздалған мал еттерінің дәмі мүлдем басқаша, десек те тұмса табиғатта, тауда, орманда жайылып семірген Шығыстың малдарының етіндей қайдан дәм болсын. КСРО кезінле Семей ет комбинаты бекерге Қазақтанда үлкендігінен бірінші орын алмаған болар. Шымкент жайлы жазылған пікірлерің ұнады. Тағы бір айтарым аз ғана күн демалысыңды пайдаланып Тайланд, Түркия, болмаса басқа да шет елдерге асып кетпей, еш шаруаң, туғандарың болмаса да, көрейін, танысайын, білейін деп оңтүстікке, Шымкентке келген ниетінен айналайын. Рахмет саған.
Соңғы өңделген уақыты:
Jako
Yeld, өткенде СМС-іңді кешірек оқып қалдым, саған жолға деп өз бақшамнан жүзім теріп қойып едім, бере алмағаныма өкініп қалдым.
Yeld
Рахмет, аға. Пойыз Жамбылдан түн ортасы ауа өтеді екен, сізді мазалағанды жөн көрмедім. Жол түссе жүзімнен де ауыз тиерміз.
kozha_maktanshak
P.S. өсіп тұрған мақтаны көре алмай кеттім Мақтаның жөні бір бөлек.Өзі бір төбе.Шымкентке жақын маңдарда өсе қоюы екіталай.Келесіде жолың түссе, Шымқаладан 200км алшақта жатқан Мырзашөл өңірі-Мақтаарал ауданына тартуға кеңес берем.Міне, сонда нағыз мақта алқабы.
Айтпақшы, дәл қазіргі уақыттарда бірінші терім де басталып кеткен болар.
Korkem
P.S. өсіп тұрған мақтаны көре алмай кеттім…
дұрыс айтасыз, мақта Өзбекстанмен шекаралас жатқан Мақтаарал, Жетісай өңірінде өсіріледі. Ол жаққа бармас бұрын ыстыққа біраз етіңізді өлтіріп алғаныңыз жөн. Ол жақтың жазына андай резиновый тәпішкеңіз жарамайды, еріп кетуі мүмкін…
directxr
Жазба жақсы жазылған, көп естігеннен бір көрген артық демекші көзбен көрген бір басқа, фотоларды көбірек қосу керек еді...) Өз қаламды мен бұлай бағаламаған едім, қолда бар алтынның қадірі жоқ деген осы шығар…

Өте әдемі «Кең баба» этносаябағында аяқ киімді шешіп, көрпе төселген тақтаға отырдым, жантайып жатуға да болады екен, шалжиып жатып алғаным ұят болар деп, әрі ондай күркеге бірінші рет шығуым, аздап ыңғайсыздандып қалдым.

Бізде Шымкентте оны тапшан дейді))

Қазақ жаманын айтпайды, көпке жария қылмайды. Ұнамады деуден аулақпын. Онсыз да аз халықпыз, жақсылығымызды айтып, туымызды көкке көтере берейік.

Осы қатарлар керемет, ой саларлық… Енді сөзден іске, істен жетістіктерге
scorpion
звондамадың ғой )
Yeld
звондадым. он төрті күні. жауап ала алмаған соң қайыра звондамадым.
KUANYSHBEK
мен барғым келмейді шымкентке) www.youtube.com/watch?v=pxQadq2z6ks
Jako
«Мың естігеннен бір көрген артық»-деген дана халқымыз…
Yeld
Мен осындайларды көп естіп, шымкенттіктердің барлығы шын осындай ма деп жүретінмін, ауыздарына не келсе соны айтып, өздерінше «мәдениет» қалыптастырып алған даңғаза, әсіре қызыл адамдар ма деп… Ондай емес көргенім, бар болса бар шығар, «ондайлар» қай жерде болмасын бар ғой, мен көрген жоқпын екі күн қала аралағанда. "Ұялмаған арын жейді", мақтан көретін шығар кейбіреулер, жүре берсін…
mairosh
Осы Шымкентке неше рет барсамда әлі толық аралаған емеспін)).
Korkem
Арнайы жоспарлап келмеген соң болар)) келсеңЧ, а?
zhano_almuhambet
Шым қаланың еті, кәуәбы, палауы да жақсы негізі… Қай жерден тамақтандыңыз деп ойлап отырмын. Сіз «Көк сарайда» болдыңыз ба? Ал, жүгері, бидай көжені қиналмай табасыз. Сосын Шымкенттің биік нүктесі қалып қойған сияқты… Ең биік ескерткіш. Алақандағыдай қаланы көретін жер)))Сосын тарихи өлкетану мұражайы мен оңтүстіктің қарашаңырақтарының бірі Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрын да көруге тұрарлық…
zhano_almuhambet
Тандыр наннан дәм таттыңыз деп ойлаймын…
Yeld
Мен ешқандай жоспарсыз жай ғана бара салдым Шымкентке… Жай көргім келді қаланы… театр, мұражайларда бола алған жоқпын, картадан қарағанымда қаланың сыртында екен бір археологиялық мұражай, уақыт болмады. Шанин театрының алдында болдым… Жазда каникулда ғой труппалар. Жол көрсетер адам болмай қалды жанымда, сырттан барған соң қайда барарымды білмей қалдым ғой, баратын жерді алдын-ала уақытымен белгілеп маршрут сызып алмаған соң үлкен қалада қиын екен. «Биік нүкте» туралы естімеппін, айналаны қарау доңғалағына/дөңгелегіне/шеңберіне (колесо обозрения) отырып көрдім биіктен…
Тандыр нан, әрине, біз жаққа Алматыдан алма әкелсе, Шымкент жақтан құдалықтан ала келетін сарқыт — сол тандыр ғой. кішкентай тележканың үстіне қойған тандыр пешті көрдім, ішіне от жағып самса пысырып жатқан… Тағы да барармын, құмыра жасайтын шеберханалар бар болар, соларды көруге…
zhano_almuhambet
Келіңіз, келіңіз!!! Құмыра жасайтын шеберханалар туралы сұрастырып көрейін…
Jako
Құмыра жасайтын шеберлер мен шеберхана Түркістан қаласында бар. Негізі Сайрамда да бар, айтпақшы.
Соңғы өңделген уақыты:
Yeld
Бала кезімдегі арманым еді құмыра жасау… әлі де қызығамын…
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.