Шоқанның қазасын естірту

Өз ойым /
Қазақтың атақты ғалымы, білгір ағартушы, әрі саяхатшы Шоқан Уәлиханов қайтыс болғанда Тезек төре оны Шыңғыс сұлтанға елдің басты адамдары арқылы естіртеді…
Тезектің суық хабарлауы бойынша, Атығай Келдібек би мен Әділбек батыр көп нөкерлер ертін Шыңғыс сұлтанның үйіне келіп түседі. Келсе, сұлтан іштей сескеніп отыр екен. Келдібек би ойлы пішінмен жадырай сөйлеп:
— Төре, дүниеде не қымбат? — дейді.
— Адам қымбат, — депті Шыңғыс.
— Адамға не қымбат?
— Бала қымбат, егер сүйеніш болар перзент туса…
— Жансыздан не қымбат екен?
— Жансызда қымбат гауһар деуші еді…
— Теңіздің тұңғиық түбінде жатқан сол гауһардың да иесі бола ма?
— Е, иесіз дүние бар дейсің бе, әр нәрсенің екі иесі бар ғой.
— Егер осы жанды-жансыз ең қымбаттыға сол екі иесі таласса, қайсысы алар еді? — дегенде, Шыңғыс төре «Ең күштісі, күштісі алады»- деп өз санын өзі бір соғыпты да, — «менің гауһарым Мұһаммед-Қанапияға (Шоқанның шын есімі) тағдырдың оғы тиген екен ғой», — деп өкіре жылап, жер бауырлап жата қапты.
Келдібек би тоқтау айтып:
— Уа, сұлтан, бала сіздікі еді, бақыты халықтікі еді. Пұлсыз берді, құнсыз алды, не шара! — деп кемсеңдеп, төңірегіне көз тастағанда үйдегілердің бәрі еңірепті.

1 пікір

Ия, сөзге шешен не бір ғұламалар болған ғой…
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.