Бүгінгі жастардың ішіндегі бір тобының портреті

Өз ойым /
Асқақ арман
«Арман қуып Алматыға келгенде» деген жаттанды сөзді үлкеніміз де, кішіміз де айтып жүреміз. Сол үлкен армандарға жолдама беретін Алматы мен «шіркін, студент болсам» деп, анау-мынау емес жапа-тармағай жұрттың бәрі керемет десетін ҚазҰУ-ға түсуді мен де армандадым. «Курстас» деген сөзді естіп ап, ауылға барғанда, университетте оқымайтындардың алдында «курстасым ғой» деп, бір мақтануды да алдын ала көз алдыма елестетіп қиялдап та қойдым. ҰБТ-ны тапсырған соң, маңдайымызға жазылған баллды алып, оқуға түстім. Әкемнің қуанышын көрсеңіз. Оқуға түскендердің тізімінен өзімді әрең тауып, «бар екенмін» деп, тегім мен атымды ғана айтсам, әкем қара нөпір халықтың арасында тұрып, өзінің атын айтып, «ұлы деп тұр ма екен?» дейді. Күлдім. Әкемді қуантқаныма мәз болып күлдім. Осылай қуанған әкелер бізге тау-тау арман арқалатып оқуға жіберді.
Университетте ағайлар бәрімізге өлең оқытады. Өзіміз де жиналып ап, дуылдасып жатамыз. Кәрісі бар, жасы бар ақын ағалармен де таныса бастадық. Сөйтіп студенттік жылдар басталып кетті. Достарымыз да көбейе бастады. Бәрі шетінен қайраткер. Сыртай бір-бірін мақтағанымен, іштей қызу бәсекеде. Бір күні ұйқым келмей, көрші бөлмеге кірдім. Өзімнен бір курс төмен інім әлі ұйықтамапты. Өзі ақын.Аман-саулықтан соң, әдебиет жайлы көсілте айттық. Әңгіме арасында інім:
— Аға, мен құрылысы да, формасы да қазірігі еш ақынның өлеңіне ұқсамайтын өлең жазып, бір жаңалық әкелгім келеді,- деді.
Мен бұны айтпаса да, басқа да жастардың сөздерінен, өлеңдерінен байқағам. Сол ойымды інімнің мына сөзі дәлелдей түскендей болды. Менің санамда сонда ақын болу елге танылу ма, жаңалық әкелу ме деген сұрақ пайда болды. Әрине, ізденіс керек. Егер шын ақын болсаң, бір мөлдіретіп өлең жазсаң, соның өзі де жаңалық ем ес пе?! Егер ол көркем болса, неге жаңалық болмайды. Көркем дүние онсыз да жатпайды.Жұрт сені өздері-ақ іздеп тауып алады. Кафка өзінің өлімінен соң екі жүз жылдан кейін танылған екен. Бұған оның шығармысының көркемдігі себеп болғаны даусыз. Сол інім мені оқу корпусында көрсе, жанымды қоймайтын. Тілегі: бір өлеңімді тыңдау. Сондағысы өзімен салыстру, деңгейімді байқау. Мен одан «мен жақсы өлең жаза алмаймын. Бірақ жақсы жазатындарды жақсы көрем» деп құтылдым.
Бірде әдебиттің жүгін көтереміз дейтін жігіттер жиналып қалдық. Асқақ армандар туралы айтып отырғаннан кейін өзімді де сол қатарға қосып қояйын. Одақта бір поэзия кеші болады екен. Сол жерде өлең оқимыз. Ол жерден шыққаннан кейін, арамыздағы ересектеу жігіт кеп, «(бір ақынның атын айтып) жуайық деді» дегенін айтты. Менің ішпейтінімді біліп, кете бересіңдер ғой деген нұсқауы екенін түсініп, бір топ боп барып, екі-үшеу болып қайттық. Мұны неге айтып отыр дейсіз ғой. Ақын болу үшін ішу керек екен. «Мәә, анаумен бірге отырып ішсе ғой» дегенді ылғи айтып отыратын жігіттер ертесі «пәленшемен таң атқанша сілтедік. Ол көтере алмайды екен. Мен мыңқ етпедім» деп бөсіп отырады. Егер сіз өзінің арманына жетіп, атағынан ат үркетін кісіні ақ құтымен қонжитқан жігітпен танысқыңыз келсе бізге келіңіз. Емтихан күндері жүріп жатқан. Бір ағамыз телефон шалды. Газеттен жазғанымды оқыса керек. «»Жұмысыма кеп қайт» деді. Елге танылып келе жатқан, әжептәуір ақын ағам шақырғанда бармай, мені жын ұрып па? Бардым. Жазған дүниемнің жалпы дұрыстығын айтып, өзінің сыни пікірлерін де білдірді. Жанашырлықтан айтып отырғаны көрініп тұрған соң, қуанып қалдым. Қай кісі маған солай айтыпты. Бір уақытта «кел енді тартып қоялық» дегені бар емес пе?! Азар да безер болдым. «Менімен іштім» деп айтып жүресің дейді. Мен шай ішуге шақырып ем бармады. Болашаққа солай барғысы келеді екен. Бәрекелді, артыңнан «аға» деп, ізіңді аңдыған інілеріңе қалай жұту керектігін көрсету үлкен өнеге ғой. Оны мен білмейді екем, ағам ренжіп қарамай кетіп қалды.
Біздің ақын болғысы келетін достарымыздың жартысы журфакта оқиды. Онда да талантты жігіттер бар. Телеарналарда қызмет істеп жүргендері де қаншама. Солар хабар дайындағанда, сюжет жасағанда ешқандай бір шынайылықты көрмейміз. Жас шығар. Бірақ ниет түзу болу керек қой. «Түгенбай Түгенбайұлы арнайы КТК үшін» деуге, басқалардың «мына хабарың жақсы болды» деген көпшік қоятын жасанды лебіздерінен тұратын мақтауларына қызмет істеп жүр ме деп ойлайсың. Хабарласа қалсаң, «ой, сені бір жерде оқиға болды деп айтады екен десем» деп ренжитінін қайтесіз. Амалсыз кешірім сұрауыңа тура келеді. Келесі жолы хабарласқанда міндетті түрде сюжет тауып беретін болып құтыласың әйтеу. Халықтың мұңын, әлеуметтік жағдайын жеткізудің өзін шоу ғып жібергендей көрінеді.
Өзім де сау сиырдың боғы емеспін. Елдің «ананың баласы жақсы оқиды екен» деген сөздерін естіген сайын оқи түстім. Онымен одан әрмен айта түссін дегенім ғой. Сонда да кілең беске оқи алмадым. Жұрт «ақын» деген сайын оңға да, солға да сілтеп өлең жаздым. Оны да қатырмадым. Енді өткен ақын-жазушылардың естеліктерін оқыған сайын, мені де ұрпақ осылай еске алса екен деген дәмем бар. Соған лайықпын ба, жоқ па ол турасында шынымды айтсам, бас қатырып көрмеппін. Мүмкін ниетім түзу болмағаннан кейінде ісім алға баспаған шығар. Осы бізге жас кезімізде, санамыз әлі де болса таза кезінде, жаппай молдаға барып, дәріс ап, ниетімізді түзеп алсақ қайтеді?

Сенім
Ұлтымыз қазақ болғаннан кейін бір құдайға шек келтірмейміз ғой. «А,құдайлап» қас дұшпанға ашу мен кек қайнап арыстанша атылғанда да аузымыздан түспеген құдай. «Қазақ, ел-жұрт» дегенде құйқа теріміз жыбырламайтын біз «Көк түріктің ұрпағымыз» дегенді ерекше айтамыз. Тіпті том-том кітап арнап, шумақ-шумақ өлеңдерді де хаттап жазып, қаттап жинап қойдық. Сол біздің бабаларымыз көне түріктердің қай жазбасын алсаңыз да «Бисмилляһи-рахман-рахим» деп басталады. Енді бүгін жаратқанның атымен бастап жазбақ түгілі күніне бір рет болса да тәңіріне сыйынып жата ма екен деген сауал алаңдатады. Бүгінгі күні не мұсылман екенін, не басқа екенін айырып біле алмайтын замандасым көп. Алланы айтсаң, тозақ пен жәннатты айтсаң, «кім барып кепті» деп күледі. Намаз оқиын деп жатқандарға «сәлем айта сал» деп қалжыңдайды. Космас, жұлдыз деп біреулдердің сандырағын айтады. Рас, ешкім барып келген жоқ. Біздің сенуіміз үшін біреудің барып-келуі қажет емес.
Бірінші тілек тілеңіз,
Бір Аллаға жазбасқа.
Екенші тілек тілеңіз
Бес уақыт бес намаз
Біреуі қаза болмасқа,- деген кісілердің ұрпағы едік. Бұлай жүргенімізге жол болсын. Бес уақыт бес намаз түгілі «Бір Аллаға жазбасқа» деп тілек тілей ме екен бүгінгілер. Алдында бір ағамыздың еңбегін оқыдым. Қабыл болсын деген мағына беретін «әумин» деген сөзді, біз қасқырдың ұрпағымыз, ол негізінде «ауу-у-у» деп ұлығаннан шыққан деп сандырақтапты. Құдай-ау, аталарымыз қолыңды жай деп, ақ батасын бергенде «әумин» деп бет сипағанымыз қасқырдың ұлығаны болса не мән бар? Енді оның артынан ерген інілері де «ауу-у-мин» десіп өлең жазып жүр. Ақиқатқа қиянат осындайдан басталады. Айтсаң, сен міндетті түрде ата-салтынан безген біреу боп шығасың.
Тағы бір ақын көкеміз «адам түгілі құдайға өкпелеп жүрмін» деп жырлайды. Біз өте еліктегішпіз ғой. Ауылда жүргенде тек теледидар, газет арқылы таныған кісілерімізді бетпе-бет көргенде патшамызды көргендей құрақ ұшамыз. Оның айтқан әр сөзі біз үшін заң. Солай сөйлеп, солай жазу керек боп көрінеді. Сосын біз де сол соқпақпен аңыратымыз кеп. Тіпті арамызда «Құдайға» деп өлең арнағандар да болды. «Әуелі аят, хадис сөздің басы екенін» ұмыттық. Жанына батып кеткенде «енді қазақ ел болмас» деген бабаларымыздың сөзін жоққа шығарып, жер қопарып, тау төңкермесек те, қырда тұрғандардың қасына шығып, мазақты сайда адастырып кетсек екен.

Терең білім
Біздің бәріміздің мақсатымыз елге сыйлы, мәдениетті, білімді азамат болу. Сөз сөйлегенде, жолдастармыздың арасында тұрғанда, «мынаның мынандай сөзі бар еді» деп бастауды өте жақсы көреміз. Ол біздің біліміміздің көрсеткіші іспетті. Оны да ағаларымыздан үйрендік. Егер біздің күнделікті жүріс-тұрысымызды, іс-әрекетімізді бақылауға қоятын болсаңыз, біздің еліктегіш екенімізге көзіңіз жете түседі. Жиындарда, кештерде сөз алатын ағаларымыз «Есениннің данышпандығын, Маяковскийдің сұңғылалығын көрмейсіз бе» деп келіп, «интрига үшін деп ойламаңыз, бұл деген нағыз… изм» деп өңкей терминдерді араластырып сөйлегенде, қазақша айтып жатқанына күмәнданып қаласың. Соншама терминдерді айтудың қаншалықты пайдасы бар. Өзіміздің түсінікті қазақы тілмен жеткізсе болмай ма? Ол сөздің бәріне қазақ тілінде балама бар деп ойлаймын. Оны да «қазақ тілі бай, көркем тіл. Қазақ тілін көтеру керекпіз» деген қайраткер ағаларымыздың сөзіне сүйеніп айтып отырмын. Қанатты сөздер қазақта көп. Бір ағам: «мықты болса Абайды айтсын» дегендей, өзіміздің шешендеріміздің сөздері, мақалдарымыз тұрғанда, тамағын бір кенеп алып, өңкей данышпандардың даналықтарын судырата жөнелгенде, білімділігіне шыныменде таң қаласың. Жаттаған сөздері таусылғанда, күлдіргі әңгімелерін айта бастайды. Ештеме көрмеген біздер, ауызымыздың суы құрып, ұйып тыңдап қаламыз. Бұрындары өздері стундент болғанда, жатақханада не істегендерін, қалай ішкендерін, қай жерде мас болып ұйықтап қалғандырын ерекше мақтанмен айтып отырады. «Біз деген не көрмеді дейсің» деп, одан ары жалғастыра түседі. «Мас болып бесінші қабаттың балконында тұрғам, біреу секір дегендей болды. Қарғып түсіп, үстімді қағып кете бердім» дейді. Біз таң-тамаша болып басымызды шайқасамыз. Ананы бір ерліктей көреміз. Бұ әңгімелері де біте бастағанда, жаңа бір хикаялардың басы қылтияды. Ол: біздің мүйіздері қарағайдай ақын-жазушы ағаларымыздың арасындағы дау-дамайлар. Кім кімге не деді. Кім не деп жауап берді. Соның бәрін ертегідей ғып айтып береді. Ертесі өзіміз де газет беттерінен солардың бет жыртысқандарын іздеп жүріп тауып аламыз. Өйткені келесі жолғы отырыстарда басқаларынан гөрі сол әңгімені артығырақ біліп отыруым керек. Ертеңгі болатын сабақтармен шаруам жоқ. Апайлар өзіміздікі ғой. Степендиядан құлатпаса болды. Өзіміз жиналып қалғанда, ағаларымыздан естігендеріміз бар, өзіміздің оқығандарымыз бар бәрін кезек-кезек айтып шығамыз. Кім көбірек айтады сол білімдірек. Талас-тартыс, сөз жарысумен түнгі үш-төртке дейін отырамыз. Көбірек айтқанымыз ұйқымыз келсе де білдірмегенсіп, «жақсы жігіттер» деп маңғаз ғана қоштасамыз. Жеңілгендеріміз «қап» десіп, келесі жолы асып түсуге өзімізге іштей серт беріп жатамыз. Сөреде бізге қарап, классиктеріміздің кітаптары мүсіркеп тұрады. Біз де оларға қарап, бағанадан бері көк езу болмай соларды оқымағанымызға өкінгендей қинала көз іліп кетеміз.
Түйін: Ауыл қариялары өзіне жақсылық жасаған жастарға батасын беріп, «жүзі жылы, иманы бар бала екен» деп жататын. Кейде ел арасына іріткі салып, отыз тісінен шыққан бір жақсы сөзі жоқ адамдарды көргенде, «тілеуі құрғыр» деп кеитін. Ал, сен қайсысына жатасың, құрметті досым?
Бағашар Тұрсынбайұлы

1 пікір

kema
birtalai dunienin basyn kagypsyn go)))) Ne degenmen oz oiyn bolgan jaksy
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.